Ұстаз
Ұстаз
245
оқылды
«Неменеге жетiстiң, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр. Бiрi мiнiп келместiң кемесiне, Бiрi күтiп, әнеки, жағада тұр...»,– деп ақиық ақын Мұқағали жыр­ла­ған­­дай қариялардың да қариясы, да­риялардың да дариясы бола біл­ген Төлеутай Несіпбай­ұлының фә­ниден бақиға аттанғанына жыл бол­ды. Ол менің рухани ұстазым еді! Оқытушыдан ақыл айтар ұлағат­ты ұс­таз-ғалымға айналу, оны өзінің іс-әрекетің­мен көрсете білу, ұрпаққа үлгі бола білу, әр­бір ұстаздың маң­дайына жазыла бермесі де хақ. Төлеутай Несіпбайұлындай «Ту­ған елім – тұғырым, туған жерім – ғұмырым» дейтін біртуар азамат­тары­мыз көп болса, еліміздің ертеңі ашық, болашағы жарқын бола­тынына күмән болмас. Міне, Тө­леутай Несіпбайұлы біздің есімізде осылай қалды. Мен профессор Төлеутай Несіп­байұлы­мен 2002 жылдың күзінде таныстым. Сол жылы академик Н.Базанова атындағы «Фи­зиология, морфология және биохимия» ка­фе­драсына ассистент болып жұмысқа орна­ластым. Ал ол кезде кафедра меңгеру­шісі профессор Төлеутай Несіпбайұлы болатын. Нағыз ға­лым, ұлы ұстаз бейнесін алғаш көргенде екіұдай сезімде болдым. «Бұл кісінің көңілінен шығатын оқытушы бола алам ба, жоқ па?» деген күдік тұла бо­йым­ды биледі. Міне, содан бері профес­сормен бір кафедрада әріптес-шәкірті бол­ғаныма 19 жыл өтіпті. Профессор Төлеутай Несіпбай­ұлы ұс­таз­дық қызмет қандай бо­латынын бүге-шігесіне дейін үйретті десем артық айтқан­дық емес. Бұл кісі ұстаз ғана емес, үлкен ға­лым, қазақ тілінің шын жанашыры, жа­нуарлар физологиясына арнап мемлекет тілінде алғаш рет екі томдық кітап жазған автор, өте талапшыл, көркіне мінезі сай мә­дениетті тұлға еді. Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие бе­руге, ғылымды дамытуға байланысты Төлеутай Несіпбай­ұлының «Шалқар» ра­диосы­ның тілшісі Мейрамгүл Исатайға бер­ген сұхбатындағы ой-толғамы да аса құн­ды дүние. Сол сұхбатында: «Қа­зір ғы­лым­ның деңгейін төмендетіп алғанымыз ащы шындық. Ғылым­ның қара шаңырағы – академия таратылды. Шындығын айтса, ғылым­ның қазіргі деңгейіне ғалым­дар да, халық та риза емес. Елінің болашағына жаны ашитын азамат­тың шындықты айта­тын кезі – осы. Тоқмейілсудің керегі жоқ. Тоқ­ме­йіл­су – тоқыраудың басы. Шындық­ты айту – шырық бұзу, шатақ шы­ғару емес. Ол егемендікті, бостан­дықты қорғаудың бір жолы. Егемен­дікті, бостандықты ешнәрсеге айырбастауға болмайды. Бұл бізге Алланың сыйы, тартуы. Тағы бір әттеген-ай – ғылымның қазақ тілінде сөйлемеуі. Бұл – үлкен мәселе, ұлт намысына тиетін мәселе. Қазақ тілінде жа­рия­ланатын ғылыми мақалалардың саны аз, сапасы төмен, монографиялар жоқ­тың қасы. Қазақ тілінде жазылып, қорғалған дис­сертациялар санаулы, сапасын айтпаса да болар. Ал қазір бүкіл жоғары оқу орын­дары оқыту­дың жаңа тәсіліне – кредиттік тех­нологиясына көшіп жатыр. Оқы­тудың бұл тәсілінде студенттер білімді өздері ізденіп, қосымша әдебиеттерді пайдаланып, жинақ­тайды. Сонда қосымша әдеби дерек­тер болмаса, ғылым қазақша сөйлемесе, білім деңгейі қалай өседі, қалай ғана әлем­дік стандартқа сай маман дайындаймыз?!», – деп тереңнен қозғап, кеңірек қаузап, ма­ғыналы ой-пікір айтқан еді. Жас мемлекеттің іргетасын қалау әрбір елжанды азаматтың пешенесіне бұйырған қастерлі парызы десек, саясатта ғана емес, ғылымда да түбегейлі бетбұрыс, басқа бет­бұрыс қажет болады. Ғалым көп болғанмен, оқулық жаза алатын, шәкірт танымын бағамдай алатын кәсіби деңгейі кемел аза­мат­тар аз. Солардың бірі Төлеутай Не­сіп­­байұлы болатын. Өте тиянақты, еңбекқор, қажырлы да адал, ісіне тастай мығым, талапшыл ғалым-ұстаздың бітіргені мол. Өзінің тікелей мамандығы мал дәрігері бола тұра, тілді жетік меңгеруі шебер филологтен кем түспейтінін оның жазған сөздіктерінен тану қиын емес. Кеңестік ғылым мек­тебінің озық үлгісін тәуелсіз елдің бағына шебер пайдалана білген профессор Төлеутай Несіпбай­ұлының еңбектерінің маңызы айрықша! Төлеутай Несіпбайұлы тағы бір­де: «Қазақтың салалық бiлiмi мен ғы­лымының қара шаңырағы – Ал­ма­ты зоотехникалық-малдәрiгерлiк институты талай жастың тағдырына өшпес өрнек салып, ұлттық интел­лигенцияны қалыптастыруда елiне елеулi еңбек сiңiрген ұжымның бiрi. Ол – талай ғылым тарландары iз қалдырған бiлiмнiң қасиеттi қара шаңырағы. Онда оқу үлкен мәртебе, ал қызмет атқару зор бақыт болатын. Осы шаңырақтың астында заман талабына сай бiлiм жинақтап, өмiр­ге жолдама алған, маман ретiнде қалыптасқан түлектiң бiрi болдым. Осы ұжымда марқай­дым, қартай­дым, дос таптым, жолдас тап­тым, бақытқа кенелдiм, байыдым. Бай­лы­­ғым – осы жылдар арасында тап­қан әрiптес достарым, құрдас­тарым, сырластарым» де­ген еді. Сонымен қоса ол кісі өзінің ұстаз­дары академиктер Н.Базанова, Ф.Мұ­­­ха­мед­­ғалиев, Ғылым ака­демия­­сы­ның корреспон­дент-мүше­сi, про­фес­сор П.А.Буланов, профес­сорлар П.А.Карасев, Я.И.Клейнбок, Н.П.Орлов, Б.П.Всеволодов, до­центтер Ғ.Қонақбаев, Ш.Жақашев, М.Ф.­Ар­хан­гель­ская, В.С.Волженин және бас­қа есiмдердi зор құрметпен еске алатын. «Бiз оқыған кезеңде оқы­тушылардың ба­сым көпшiлiгi мiн­детiне адал, кәсiбiне берiлген, шын мәнiсiнде шебер ұстаздар болатын. Олар ол кезде түнгi онға дейiн анатомиялық мұражай есiгi жабыл­майтын, студенттер өлiп-тiрiлiп сабаққа дайын­далатын. Уақыттың кештiгiне қарамай ұстаз­дарымыз да қасымызда болып, кеңес­терiн берiп жүретiн. Мiне, бiлiмге құштар­лық деген осы, парызға адалдық деген – осы. «Болмасаң да ұқсап бақ» де­гендей, бiз сол ұстаздарға елiктеп өстік» дейтін. ұстаз Төлеутай Несіпбайұлы бүкiл саналы өмiрiн бiр қара шаңырақ астында 55 жылдан астам уақыт ұстаздық етумен өткiзді. Осы жылдар арасында Төкеңнің алдынан талай-талай жас ұрпақ өкiлдерi өттi. Араларында алғырлары да, салғырт­тары да болды. Көпшiлiк болған соң солай болу заңдылық та шығар. Ұстаз: «Менi қинайтын жайт – жыл санап бiлiм алуға деген құштар­лық­тың, тал­пыныстың кеми түсуi. Оған жастарды кiнә­лауға да болмас. Бұл қоғамдағы бiлiмдiлерге деген көзқарастың өзгеруiнiң, бiлiмнiң құнсыздануының, адал еңбектiң еленбеуiнiң салдары болар. Өте қатерлi жағдай. Одан дер кезiнде арылу керек. Ол үшiн тәрбие тә­сiлдерiн, оның негiзгi қағидаларын түбе­гейлi өзгерткен жөн. Қоғамдық формация­ның өзгергенiне қарамас­тан, бiз күнi бүгiнге дейiн тәрбие жұ­мыс­тарын саясаттандыру дертi­нен айыға алмай келемiз. Бұл – өкiнiш­тi жайт. Елiмiздiң болашағын ойласақ, тәр­бие саясаттанудан арылып, адамзаттану ке­рек. Жас­тарды жалтақтықтан, құлдық мi­не­зден арылтып, еркiндiкке, па­ра­сат­ты­лыққа, адалдыққа, еңбек­қор­лыққа, намыс­шыл­дыққа, шын мәнiсiндегi отан­сүйгiштiкке, ұлт­жан­дылыққа баулуымыз қажет» деп соңғы өсиетін қалдырған еді. Ғалым-ұстаз, биология ғылым­дары­ның докторы (1990), профессор (1991), Қазақ ССР-інің еңбек сіңір­ген жоғары мектеп қызметкері (1979), Қазақстан Республикасы бі­лім беру ісінің үздігі (1998), Қазақ­стан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің 2006 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік ұстазы» грантының иегері, профессор Төлеутай Несіпбайұлының күллі саналы ғұмыры жарты ғасырдан астам уақыт бойы зоотехникалық-малдәрігерлік оқу орнымен, яғни казіргі «Қазақ ұлттық аграрлық университетпен» тығыз байланыста өтті. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының вете­ринар­ия факультетін бітірген (1961). Еңбек жолын осы институттың фи­зиология кафедрасында ассистент­тіктен бастап оқытушы, аға оқыту­шы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі міндеттерін атқарған (2010). Сонымен қатар оның ғылыми зерттеулері нәтижесі халықаралық және Бүкілодақтық физиолог-ғалымдар форумдары  талқысынан өтіп, жоғары бағаларын алған. Аталған зерттеулердің ғылыми тұжы­рым­дары докторлық диссер­тация негізіне алынып, Мәскеудегі К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының арнаулы кеңесінде бірауыздан қорғалған (1990). Ғылыми-педагогикалық қыз­мет­терді атқара жүріп, Төлеутай Несіпбайұлы қоғамдық көпшілік жұмыстарға да белсене араласты. Қазақстан Ұлттық энцик­лопедия­сының биология және экология саласы бойынша ғылыми кеңесінің, уни­верситет жанынан ашылған ве­теринария саласы бо­йынша доктор­лық диссертация қор­ғалатын кеңес­тің мүшесі болды. Ол қазақ энциклопедиясы үшін биология саласынан жазылған көптеген мақаланың авторы. Т.Несіпбаев қазақ тілінің мемле­кеттік мәртебесін көтеруге атсалыс­қан ғалым-ұстаздар қатарында да болды. Ол қазақ тілінде тұңғыш жазылған 2 томдық «Жануарлар физиологиясы» оқулығының (1995-1996,2005), қазақ және орыс тіл­дерінде дайындалған «Адам және жануарлар физиологиясы» диалог-оқулықтың (2000, 2005) және «Физиология» атты электронды оқу­лық­тардың (2001, 2005), физио­логия терминдерінің түсіндірме сөздігінің (1999,2004), «Жануарлар фи­зиологиясы практикумы» (1994, 2004) және басқа ондаған оқу құра­лының авторы. Оның қаламынан жарық көрген 220-нан астам ғы­лыми еңбектер, негізінен малдың ас қорыту физиологиясының проб­лема­ларына арналған, олардың ара­сында аталған оқулықтар мен оқу құралдарынан басқа бір ғылыми мо­нография, екі көпшілікке арнал­ған ғылыми-танымдық кітап, екі салалық сөздік, физиология пәнінің бірнеше типтік бағдарламалардың авторы болды. Жоғары оқу орындарының стан­дарт­тарына сай жаңа буын оқу­лық­тарды жазғаны үшін Қазақстан­ның жоғары оқу орындары қауым­дастығы оны «Саңлақ автор» дип­ломымен (2001), А.Байтұрсынов атындағы медальмен (2005) мара­пат­таған. Т.Н. Несіпбаев «Қазақстан тә­уел­сіздігіне 10 жыл» атты мерекелік медальдің (2002), «Құрмет» орде­нінің (2005) иегері. Ол «Қазақ Советтік Социалистік Республика­сына 60 жыл» (1980) және  КСРО Білім комитетінің «Еңбектегі ерен табысы үшін» (1989) төс белгілері­мен, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен (1998) марапатталған еді.

Қайрат Жәлелұлы ИСХАН, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚазҰАУ-дың профессоры