Екі айда 88 рет өрт шыққан
Екі айда 88 рет өрт шыққан
135
оқылды

Жамбыл облысы Жаңа­тас қаласындағы қайғылы оқиға халықтың қабыр­ғасын қайыстырып қана қоймай, сала мамандары­ның да  етек-жеңін жинауға түрткі болғандай. Олай дейтініміз, құрылымдық мекемелер жылдап  жүргізілме­ген есеп-қисапты қолға алып, соңғы бес жылдың ста­тис­тикасын түзіп тастады. Олар­дың сөзіне сүйен­сек, бес жылдың бедерінде та­биғи және техногендік си­паттағы 8 төтенше жағдай болған екен. Ал өрт оқиға­лары былтырға қарағанда биыл 13 пайызға өсіп, адам шығыны 3,5 есе артқан. 

Облыстық  Төтенше жағдай­лар департаменті  Өрт бақылау басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаевтың айтуынша, биыл 2 айдың өзінде төтенше жағдай саналатын 88 оқиға тіркелген екен. – Барлық оқиғаның 97 пайы­зы,  яғни  86-ы   өндірістік және тұрмыстық өрт болды. Былтырғы 2 айлық кезеңмен салыстырғанда өрт саны 13 пайызға өсіп, сал­дары­нан 7 адам қаза болып, 3 адам жарақат алды. Сондай-ақ  өлім көрсеткіші 3,5 есе, ал жара­қат алғандар саны 3 есе артып отыр. Өрт шығуының басты себебі – тұрғындардың салғырт­тығы мен қауіпсіздікті сақта­мау, – дейді  М.Әкімбаев. Департамент тарапынан биыл осал топқа жататын 10 325  тұрғын үй есепке алынып, толық көлемді профилактикалық шара жүргізілген. Алайда аталған ша­ра­ға қарамастан жылыту мау­сымы­ның басынан бастап жеке тұрғын үй секторында 284 өрт тір­келген. 14 адам қаза болып, 2 адам жарақат алған. Сөйтіп, жылыту маусымында шыққан өрт 25 пайызға, ал қаза болған адамдар саны 3 есе өсіп отыр. Бұдан бөлек, жылыту маусымы кезінде улы газдан уланудан 3 адам көз жұмып, 34 тұрғын ау­руханаға жеткізілген. Осындай жан шошытарлық  көрсеткіштен кейін, құрылымдық мекеме тұрғын үйлерге 826 автономды улы газ сезетін құрылғы мен 451 табиғи газ құрылғысын орнат­қан. Сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдері аз қамтылған 65 жеке тұрғын үйдің жылыту пештерін жөндеу, 442 үйдегі мұр­жаларды тазалау және 42 тұрғын үйдің жарамсыз электр сым­дарын ауыстыру жұмыстарын жүргізген. Алайда бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ете ала ма? Облыс әкімі Бердібек Сапар­баевтың пікірінше, аталған ша­ра­лар теңізге тамған тамшыдай екен. – Трансформаторларды қор­шау, электр сымдарын ауыстыру бойынша тапсырмалар берген болатынмын. Өкінішке қарай, қоршаусыз жатқан трансфор­матор, салбырап тұрған электр сымдары көп. Датчиктер орнату бойынша үш жыл бұрын тап­сырма берілген еді. Қазір 10 пайызына ғана орнатылған. Сонда қалғанына орнату үшін қанша жыл қажет?  Әлде жұмыс жүргізу үшін міндетті түрде тө­тен­ше жағдай орын алуы керек пе? Үй өртеніп, газ баллоны жарылғанда жұмыс істейсіздер ме?,– дейді  әкімдікте өткен жиын­да облыс басшысы. Әрине, мұндай сыннан сабақ шықса, құба-құп. Алайда өткен жылы жылыту маусымы бастал­ған тұста-ақ Меркі ауданында бір отбасы түгелдей газдан ула­нып қалған болатын. Салдары­нан анасы мен қызы көз жұмған. Сол тұста  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы­ның директоры Сәкен Сұлтан­ұлы  2020 жылдың басынан бері облыста 48 газдан улану фактісі тіркелгенін, одан 99 адам зардап шегіп, 7 азамат қаза тапқанын айт­қан. Осындай қайғылы оқи­ғаларды болдырмас үшін маман­дар газ-техникалық инспекция­сы құрылатынын жеткізген. Алайда бұл бастама айтылған жерінде қалған секілді. Тілсіз жау айтып келмейтіні түсінікті. Адамдар сақтықты ұмыта бастаған сыңайлы. Оған бір ғана облыстың өзінде екі айда 88  рет өрт  шығып, 7 адам­ның қаза тапқаны дәлел.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы