800 мектеп салынбақ
800 мектеп салынбақ
167
оқылды

Үкіметте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмірсайлауалды бағ­дар­ламасын іске асыру жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасуы, жаңа мектептер салу және бизнесті қолдау мәселелері қаралды. 2025 жылға қарай елімізде 800 жаңа мектеп салынады, шағын қалалардағы, облыс орталықтары мен ауылдардағы тағы 5 000 мектеп жаңартылады. Барлық ауыл мектептері жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайылов апатты және үш ауысымды мектептер проблемаларын жою үшін барлық механизмдерді қолдану қажет екеніне назар аударды. Атап айтқанда, МЖӘ тетігі, жекеменшік мектептер ашу, мемлекеттік бюджет және Жұмыспен қамтудың жол картасы есебінен нысаналы құрылыс салу ұсынылады. Осы тармақтар бойынша Білім және ғылым министрлігіне нұсқау берілді. Жұмыс тәжірибесі жоқ университет түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелері де штабтың басты назарында. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Алғашқы жұмыс орны» жобасын іске қосады, жылына орта есеппен 5 000 адам қамтылмақ. Ә.Смайылов бұл тармақтардың маңызын атап өтіп, бүгінде жас мамандардың университетті немесе колледжді бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмайтынын, жұмыс берушілердің жұмыс тәжірибесі бар кадрларға басымдық беретінін баса айтты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі NEET санатындағы жастар мен жұмыссыз жастардың статистикасын ұсынды. Вице-премьер жергілікті атқарушы органдарға жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мәселесін одан әрі шешу үшін олардың санына талдау ұсынуды, сондай-ақ осы тармақты іске асыру үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар штабта жас кәсіпкерлер үшін жаңа бизнес-идеяларды ынталандыру мәселесі қаралды. Атап айтқанда, штаб бұл бизнесті қолдаудың тиімді құралының бірі екеніне сенімді. Тек 2020 жылдың өзінде 45 мың грант бөлінді, оның ішінде 11 мың грантты жас кәсіпкерлер алды. 2025 жылға дейін жыл сайын 10 мың грант бөлінеді деп жоспарланып отыр. Өз кезегінде Ә.Смайылов сапалы білім беру инфрақұрылымын дамыту халықты жұмыспен қам­тылуын қолдау сияқты маңызды мәселе екенін атап айтты. Сонымен қатар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары партияның сайлауалды бағдарламасының уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі атқарушы органдардың үйлесімді өзара әрекеттестігі қажет екенін тілге тиек етті. Осындай өзара әрекеттестікті ұйымдастырудың ең тиімді әдісі – жобаны басқару. Осыған байланысты Үкімет ұлттық жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу үшін арнайы кеңес құрды.

Әбілмансұр ЖАСАН