Семей полигоны үшін заң жазылады
Семей полигоны үшін заң жазылады

Биыл Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Осы орайда «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылданбақ. Бұл ақпаратты Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында жария етті.

Жаңа заң полигонның лас­танған жерлерінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуі қажет. Сонымен қатар министр 2021 жылы жалпы ауданы 18 311 шар­шы шақырымды құрайтын бұ­рынғы Семей сынақ полигоны аумағында кешенді экологиялық тексеруді толық аяқтау жос­пар­ланғанын айтты. Тексеру қоры­тындысында бұрынғы сынақ ау­мағының радиоэкологиялық жағдайы айқындалады. Бас энергетик Қазақстанның әлемдік уран өндірісінің 42%-ын өндіретінін, әлемдік уран нары­ғында көшбасшы екенін еске сал­ды. 2020 жылы уран өндіру көлемі 19 587 тоннаны құрады, 2021 жылы уран өндіру жоспары 22 500-22 800 тонна аралығында. Министр жаңартылатын энер­гия көздері мәселесіне де тоқ­талды: 2020 жылы елдің жалпы энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі 3%-ға жеткен. Жалпы, ЖЭК нысандары 3,24 млрд кВт/сағ қуат өндірді. 2015 жылдан бері ЖЭК нысандарының жалпы қуаты шамамен 7 есеге – 240 МВт-тан 1684,7 МВт-қа дейін өсті. Бүгінде елімізде жиынтық қуаты 1684,7 МВт болатын 116 нысан жұмыс істейді. Соның ішінде жел электр стансалары (486,3 МВт), күн электр стансалары (961,6 МВт), гидроэлектр стансалары (229,04 МВт) және биоэлектр стансалары (7,82 МВт) бар. 2021 жылы жалпы қуаты 381,1 МВт болатын 23 жобаны іске асырып, шамамен 370 млн доллар инвестиция тарту жоспарлануда. Биыл Қазақстан жаңартылатын энергия өндірісін 9,4%-ға – 3,5 млрд кВт.сағ дейін ұлғайтуға ниетті.

Айхан ШӘРІП