Сәби мен ананы құтқарған әйелге құрмет
Сәби мен ананы құтқарған әйелге құрмет
108
оқылды

Жақында ADAM BOL AWARDS жүлдесіне ие болғандар анықталған еді. Жүлдегерлердің арасында Ақбота Аманғалиева есімді кәсіпкер бар. Ол 2013 жылы үй жағдайында босанған келіншекке көмектесіп, баласын құтқарып қалған. Дәлірек айтқанда, бала дүниеге келгенде жылаған дауысы шықпаған. Ол сәбидің бет-аузын сүртіп, құйрығынан ұрған. Сөйтіп, нәресте аман қалған.

Аманғалиева оқиғасын Sputnik Kazakhstan-ға баяндап берген. Оның айтуынша, 2013 жылы Ақтөбедегі үйін жалға беріп, өзі көшіп кетеді. Кейіннен қаладағы бос тұрған үлкен үйін жинауға келеді. Сонда жапсарлас үйді жалдап тұрған келін­шектің айы-күні жетіп отыр екен. Толғағы қыс­­қан әйел 43 жасқа келгенде перзентханаға баруға ұя­лып, жедел жәрдем шақырады. Ақтөбедегі қар мен бо­­раннан жедел жәрдем де жылдам келмеген. Сөйтіп, қызы үлкен үйде жүрген Ақбота Аманғалиеваны шақырып келген. Сол күн Ақботаның әлі есінде. Өйткені бала көкпеңбек болып туылып, дыбыс шығармаған. Бұдан бір ай бұрын келіні босанған кезде серіктес ретінде кіргені бар. Тез арада шешім қабылдап, дәрігерлерден көргенін қайталаған. Сәбидің екі аяғынан ұстап табанын шапалақпен ұрған. Артынша босанған әйелдің жағдайына мән беріп, қадағалаған. Өйткені Гүлбаршын Оразғалиева баланы өмірге әкелген соң әлсіреп ұйқысы келген. Перзентханаға барғанша есін жинап отыру үшін Ақбота келіншектің екі бетінен алма-кезек шапалақпен ұрған. Осылайша, жарты сағаттан кейін келген жедел жәрдем ана мен баланы перзентханаға алып кеткен. Қазір боранды күні дүниеге келген бала 2-сыныпта оқиды. Мұндай ерекше оқиғаны көпшілік ADAM BOL AWARDS арқылы білді. Халық дауыс беріп, ерлікке бергісіз оқиға иелерін анықтады. Дауыс беру нә­тижесінде 12 адамға 1 миллион теңге табысталды.

А.АЙДАРҚЫЗЫ