Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі шешілуде
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі шешілуде
106
оқылды

«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдауына жүгінген мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері оң шешіліп жатыр.

Өтініштердің басым бөлігі медициналық тексеруді ұйымдастыруға және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты болды. Бұл туралы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру аясында Бірыңғай тақырыптық қабылдауда белгілі болды. Алматылықтарды мүгедектікті анықтау, топты өзгерту, зейнетақы жинақтарын алу және тұрғын үй сатып алу мәселелері де қызықтырды. Мегаполис тұрғындарының сұрақтарын мемлекеттік органдардың өкілдері қарады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі топтардың өкілдері ме­дициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына шағым түсірді. Қабылдау және мәселені талқылау аясында өтініш беруші А.Сарыбаеваға Алматы қаласы бойынша Еңбек, көші-қон және әлеуметтік қорғау департаментіне тиісті өтінімін дайындауға көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, тікелей ведомство басшысына қосымша қабылдау ұйымдастырылды. – 2020 жылы «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдауына ерекше қажеттілігі бар 5 000-нан астам азамат өтініш білдірді. Азаматтардың мәселелерін қарастыруда мемлекеттік органдардың барлық құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдерін шақырамыз. Кейбір сұрақтар ұзақ талқылауды қажет етеді. Біз оларды үнемі партиялық бақылауда ұстаймыз, – деді қалалық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Эльмира Омарова. Естеріңізге салсақ, азаматтарды қабылдау кестесі «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиа­лының әлеуметтік желілерінде тұрақты түрде жарияланып тұрады.

Әбілмансұр ЖАСАН