Қоғамдық-саяси өмірдегі әйелдер әлеуеті
Қоғамдық-саяси өмірдегі әйелдер әлеуеті
825
оқылды

Қоғамдағы әйел рөлі мен тең­дігі – маңызды мәселе. Әсіресе, әйелдерді төмен­дет­пей, кемсітпей, керісінше мол мүмкіндік сый­лау дамыған елдердегі тен­ден­цияға айналғалы қашан?! Қазақстан да осы бағытта бір­қатар жұмыс жүр­гізіп келеді. Оның жемісі де тәуелсіздік алған 30 жылда әжеп­­тәуір байқалды. Ендеше елі­міздегі гендерлік саясатта қандай ілгерілеу байқалады? Ер мен әйелдің тең құқыққа ие болуы жолында не жасалды? Осыған тоқталсақ.

Әлқисса, гендерлік саясат са­ласындағы ең негізгі заңна­малық акт «Ерлер мен әйелдердің тең құ­қықтарының және тең мүм­­кін­діктерінің мемлекеттік ке­піл­діктері туралы заң» деп ата­лады. 2009 жылдың 8 желтоқ­санында қабылданған заңда ерлер мен әйелдер арасындағы қатынас­тардың өмірдің барлық саласында көрініс табатын әлеу­меттік қы­рын, жынысына қара­мастан тең мүмкіндік пен құ­қыққа ие болып, қоғамның қай саласына болсын еркін қаты­насуы көзделеді. Бү­гінде аталған мақсаттардың бір­тіндеп орын­далып келе жат­қанына бар­шамыз куәміз. Әлбетте, Батыс елдеріндегідей деңгейге қол жете қоймады. Әйтсе де, ілгерілеуді байқамау мүмкін емес.

Әйелдердің қоғамдағы рөлі қандай?

Гендерлік саясаттағы прогрес­тің айқын көрінісі ретінде әйел әлеуе­тінің мақсатты түрде дамы­тылғанын, бәріне тең мүмкіндік беру үшін жағдай жасалғанын, бизнесте де, саясатта да, мем­лекеттік басқаруда да әйелдерге орын берілуін атап өте аламыз. Бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталамыз. Осы қадамдар­дың арқасында бүгінде Қазақ­стан­да гендерлік және отба­сылық-де­мографиялық саясат­тың толық­қанды институттық жүйесі қалып­тасып үлгерді. Сондай-ақ құқық­тың база да орнықты. Егемендік алғалы бері еліміз әйелдің рөлі мен құқығына қа­тысты біршама халықаралық ке­лісімдер жасасып, бекітті. Атап айтқанда, гендерлік мәселелерді реттеуде Қазақстан United Nations Development Fund for Women, OSCE, Көші-қон бойынша ха­лық­аралық ұйым, USAID, Британ кеңесі және UNDP сынды халық­аралық ұйымдармен бірлесе жұ­мыс істеп келеді. Соны­мен қатар үкі­меттік емес ұйым саны да аз емес. Мысалы, Қазақстан­ның іс­кер әйелдер қауымдастығы, Қа­зақ­станның кәсіпкер әйелдер одағы, Республикалық әйелдер кеңесі, Әйелдердің даму және бейімдеу қауымдастығын атап өтсе болады. Бұлардың қай-қай­сы­сында болсын бастапқы мақ­сат­тан ай­нымай, әйелдер рөлі мен маңы­зын арт­тыруды көздеген істер жүзеге асы­рылады. Кезінде  Тұңғыш Президент – Елбасы «Қазақстан–2050 стра­тегия­сы» Жолдауында аналарды қорғау,  оларға  қамқор  болу мә­­­се­лесін көтерген еді. Нұрсұлтан Әбі­шұлы: «Қазақстан – зайырлы мем­лекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет, дегенмен қо­­ғамға өз бетімен біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тық­­­­па­лай­тын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады. Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болуы үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Хал­қымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жо­лы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның тең құқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Аналарды қорғап-қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбы­лық көрсетудің көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс. Мемлекет әбден асқынған жы­ныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көз­қарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс. Біз бұдан әрі де елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз. Қазіргі қазақстандық әйел қызмет істеуге ұмтылуы керек. Әйелдерді мемлекеттік және қо­ғамдық басқару ісіне белсене тарт­­қан жөн, әсіресе жергілікті деңгейдегі өңірлерде. Олардың бизнес ашып, оны жүргізуіне де қолайлы жағдай жасаған абзал» деп шегелеп айтқан болатын.

Парламенттегі әйелдердің үлесі қандай?

Ендеше Елбасы бастап, түрлі ұйым қостап жүргізіп жатқан гендерлік саясаттың қазіргі халі қандай? Соған оралсақ. Алдымен ста­тистикаға көз жүгіртейік. 1999 жылдары, яки Қазақстан Парламенті құрылған кездері әйелдердің қатысы өте төмен болған еді. Мысалы, Парламенттің бірінші шақырылымында Жоғарғы палата Сенатта 4 әйел және 46 ер адам болса, Мәжілісте 9 әйел мен 58 ер адам болған. Динамика әр жылда әртүрлі болған. Айталық, 1996-1999 жыл­дары сенаторлардың қатарында 10 пайызы – әйелдер, Мәжілісте 13,43 пайызы болған. Ал әйелдер үлесі Сенатта ең аз болған кез 2007-2011 жылдарға тап келген. Нақтырақ айтқанда, сенатор әйелдер үлесі бар болғаны 2,74 пайыз болыпты. Керісінше, Мәжілісте жоғары көрсеткішке ие болған шақырылым 2016 жылғы екен. Ондағы әйелдер үлесі 27,10 пайыз. Ал қазір Сенатта 9 әйел бар. Айтпақшы, 2020 жылдың мамыр айында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға және «Саяси партиялары» туралы заңға Президент Тоқаев қол қойып, енгізген соңғы өзгерістерге сәйкес, бір саяси партиядан ұсынылатын Мәжіліс пен мәслихат депутатына үміткер жастар мен әйелдерге 30 пайыздық квота берілген. Соған сәйкес, Nur Otan партиясының атынан сайланған мәжілісмендер қатарында 24 әйел бар. Қолда бар деректерге көз салар болсақ, 2018 жылы жергілікті мәслихаттағы әйелдер саны 740 болыпты. Ал 2019 жылғы көрсеткіш – 697. Жалпы алғанда, квоталардың енгізілуі – құптарлық іс. Әсіресе, әйелдер мен жастарға мүмкіндік беруді мемлекеттің мұрындық бол­ғаны қуантады. Осы қадам арқылы әйелдердің саясаттағы өкілдігі артады. Мұның мәні сол жастар – өз қатарластарының, әйелдер көптеген тұрмыстық мәселені жақсырақ білетінінде. Соның арқасында қор­даланған көп проблема қоғамда ашық айтылып, талқыланып, ше­шілуіне жол ашылады. Қазіргі БҰҰ-ға мүше 193 елдің 120-сынан астамында гендерлік квоталар бө­лінеді. Болашақта үлесін 30 пайыздан 50-ге көбейту туралы ұсыныс та жасалды. Өйткені Қазақстан халқының жартысынан астамы әйелдер мен жастардан құралады. Демек, олардың үнін жеткізетін бірден-бір адамдар да – солар.

Өзге салада да өсім бар

Әйелдердің өзге де салалардағы үлесіне келер болсақ, бізде бар деректерді назарыңызға ұсынайық. Жоғарғы Сот судьяларының ішінде әйелдер саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын байқадық. Мәселен, 2010 жылы 72 ер адам және 28 әйел болса, қазір теңесуге аз қалған. Атап айтқанда, 47 әйел мен 53 ер адам бар. Әйелдердің жал­пы қоғамдық өмірдегі қатысымында динамика бар. Жоғары оқу орындарындағы ректорлар санына келсек, 2005 жылы бар болғаны 6 әйел басшы болған. Ал 2019 жылы 28 әйел университет басқарған. Ста­тистикалық деректерге қарасақ, соңғы ақпараттар 2019 жылда­ғы жағдай бойы жасалған. Соның ішінде полиция қызметкерлері­нің – 12,5 пайызы, Ұлттық банк басқармасының мүшелері ішінде – 25 пайыз, Кәсіподақтар мен үкі­меттік емес ұйым жетекшілері қатарында – 34,9 пайыз екен. Сондай-ақ қалалық жердегі басшылық ететін әйелдер үлесі 43,9 пайыз болса, ауылдарда – 40 пайыз. Елші қызметіндегілердің қатарында да қазір өсім байқалады. Өйткені осы­дан 16 жыл бұрын елші әйел мүлдем болмаған екен. Ал 2019 жылғы дерек бойынша, 4 елші бар. Үлесі өте аз көрінгенімен, бастысы қарасы көбейіп келе жатыр. Айтқандай, әйелдердің кәсіпкерлікті қолға алуына мемлекет те мүдделі. Арнайы гранттар бөлініп, бағдарламалар іске асырылады. Әсіресе, осы бағыттағы мемлекеттік саясатты іске асыратын – «Да­му» кә­­­­сіпкерлікті дамыту қоры. Аталған қордың арқасында қазақстандық бизнесвумендер қатары көбейіп, кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алып отыр. Өйткені мұн­да бизнесті нөлден бастауға көмектесіп, әрі қарай кеңею жолдарына қатысты кеңес беріледі. 2019 жылғы ресми статис­тика бойын­­ша, орта және шағын бизнес иелерінің 45 пайызы әйелдер екен. Бұл әйелдердің 80 пайыздан астамы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, 12 пайызы – заңды тұлға, 7 пайызы – шаруа қожалығының басшысы. Тағы бір қызық дерек, тек жеке кәсіпкерлікті алып қарастыратын болсақ, 1086,5 мың кә­сіпорынның 542,9 мыңы әйелдерге тиесілі. Мұндай оң динамика орта және шағын бизнесте байқалып отыр. Ал бұл, әл­­бетте мемлекет та­рапынан жасалып жатқан қамқорлықтың жемісі. Бұдан бөлек, қоғамдағы ең маңыз­ды салалар – денсаулық сақтау, білім беруде әйелдер үлесі көп екені бесенеден белгілі. Ал билік басында, жетекшілік қызметте артып келе жатқаны көңіл қуантпай қоймайды. Мәселен, былтыр ел тарихында тұңғыш рет облыс басшысы ретінде әйел тағайындалды. Гүлшара Әбдіхалықова – 2020 жылдың наурыз айынан бері қазірге дейін Қызылорда өңірінің әкімі. Осы сияқты қадамдар жалғасын тауып, еліміздегі әйелдер құ­қығы қорғалып, бәріне бірдей мүм­кіндік беріле бергей!

Айша ЕРСҰЛТАН