Конституция – тәуелсіздікті нығайтқан құжат
Конституция – тәуелсіздікті нығайтқан құжат
299
оқылды

Тәуелсіз Қазақстан – өз тарихында екі рет Конституция қабылдаған ел. Алғашқысы 1993 жылдың 28 қаңтарында қа­былданса, соңғысы 1995 жылдың 30 тамызындағы жал­пыхалықтық референдумнан кейін күшіне енді. Ал бүгінде Конституция еліміздегі адамның құқықтары мен бостан­дығының, демократияның, мемлекет қауіпсіздігі мен да­­муының кепілі болып қызмет етіп келеді.

­­Негізі, Конституция тәуелсіз елдің басты атрибуттарының бірі саналады. Ол – ел тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарды айқындайтын құжат. Құжатта мемлекеттің барлық құрылымының, азаматтардың, әлеуметтік топтардың мақсаты, міндеті мен құқығы сипатталып, заңнамалық тұрғыда реттеледі. Еліміз тәуелсіздік алатын кезде азат елдегі қоғамдық, саяси, құқықтық қатынастарды реттейтін жаңа Конституцияның қажет екені белгілі болды. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституция жобасын әзірлеу тобын құрып, нақты тапсырмалар берген болатын. «Енгізілген өзгертулер мен түзетулерге қарамастан, 1990-жылдардың басындағы Қазақ КСР-інің Конституциясы қалай болғанда да ұдайы өзгеріп тұратын уақыт талабына жауап бере алмайтын. Тәуелсіз Қазақстанға, оның заманауи өркениетті мемлекет ретінде одан әрі дамуы үшін, құқықтық іргетас іспетті жаңа Конституция қажет болатын. Менің тапсырмаммен не­гізгі Заңды дайындау үшін жұмыс тобы құрылып, оған Қазақстанның белгілі заңгерлері, құқық саласының танымал мамандары тартылды. Жұмыс қарбалас болатын. Жоғарғы Кеңесте бірнеше мәрте сөз сөйлеп, қатысушылардың бәріне біз жасап жатқан Конституцияның адамдарды бөлмей, керісінше біріктіруге тиісті екенін айттым. Қатерлі ауытқуларға жол бермес үшін кейде бізге Конституция жобасының әр бабын қорғауға тура келді» деп жазды кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында. Сөйтіп, Қазақстан 1990 жылы егемендік туралы декларация жариялағаннан соң көп кешікпей басталған жұмыс екі жылға созылып, 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Алайда өтпелі әрі өте күрделі кезеңнің талаптарына жауап бере алмаған бұл құжатты алмастыру қажет екені белгілі болды. Сөйтіп, 1995 жылғы 30 тамызда өткен референдумға халықтың 89,58 пайызы қатысып, жаңа Конституция нұсқасын дауыс берушілердің 90 пайызынан астамы жақтаған еді. Осылайша, тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен тұрақтылығына кепіл болған құжат күшіне енген еді. Бүгінгі күн биігінен қараған адам Қазақстан Конституциясының заман талабына сай болғанын байқайды.

Конституция тұрақтылық кепілі болды

Негізі, Конституция туралы сөз еткенде оның ел дамуына тигізетін әсерін ескермеуге болмайды. Елбасы бұл жайлы: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шын­дығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақ­­­­таған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын» деп жазды «Қазақстан жолы» атты кітабында. Рас, 1993 жылғы Конституция тәуелсіз елдің даму бағыттарын айқындауға белгілі мөлшерде септескенімен, іс жүзінде Елбасы күткендей құжат бола алмады. Айталық, мемлекеттік билікті бас­­қа­­рудың барлық жүйесін нығайту, экономикалық реформаны жүргізіп, елді дағдарыстан шығару, мемлекеттің сыртқы саясатын, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді қалыптастыру фунцияларында ол­қылықтар болды. Ал іс жүзінде Елбасы Конституцияда осынау төрт негізгі ба­­ғыт бойынша барлық мәселені ше­шуге қауқарлы болатын баптардың болғанын күткен еді. Сондық­тан жаңа Конституция қажет болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі оқиғалар жайлы Конституцияның 20 жылдығына ар­нал­ған жиында сөйлеген сөзінде: «1995 жылдың басында Қазақстанның тәуелсіздігі құрдымға кетудің алдында тұрды деп бүгінде объективті түрде айта аламыз. Мә­селе көлденеңінен тұрды: Кеңес Одағы ыдыраған соң мемлекет бола ма, әлде болмай ма? …Тығырықтан шығудың мен ойлаған жолы, менің айтқан ұсыныстарым сол кездегі парламентте түсіністік таппады. Соңы ушыққан шиеленістерге, азаматтық соғыстарға ұласып жатқан мұндай сценарийлерді ТМД-ның көптеген елдері көз алдымызда бастан кешіп жатты. Әлі бұғанасы қатпаған, көп ұлыстан құралған мемлекетіміз үшін бұған жол беруге болмайтын, өйткені ол апатпен барабар еді. Айналамыздағы елдердің көбінде жаңа мемлекеттілікті құру қайғы-қасіретпен қатарласа жүріп, қантөгіске әкелгенін көріп отырдық. Солардың қасында Қазақ­станның жаңа тарихы жаңадан құ­­рылған елдердің көбі үшін маңызды сабақ болмақ» деген еді. 1995 жылы қабылданған Конституция елдің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сыртқы саясатты айқындауға септігін тигізді, сонымен бірге билік тармақтарының құзыретін нақты бөлді де, әр құ­рылымның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Парламент елдегі реформаларды заңнамалық тұрғыда сүйемелдеуді жеделдетті. Жылына жүздеген заң қабылданып жатты. Әйтпесе, 1994 жылы сайланған Жоғарғы Кеңес бір жылда небәрі 7 заң ғана қабылдаған болатын. Сая­си, экономикалық, әлеуметтік өзгерістер қарқынды жүріп, қоғам транфсормацияланып жатқанда заң шығарушы органның бұлай баяу қимылдауы реформаларды тежеуі мүмкін еді. Ал реформалар тежелсе, даму да жоқ. Айталық, зейнетақы реформасы, инвестиция тарту, білім жүйесін жетілдіру, медициналық сақтандыру тетіктерін қарастыру, әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін нығайту тәрізді реформалар 1995 жылы қабылдан­ған конституцияның нәтижесінде жүзеге асырылды. Сөйтіп, әу баста «алдымен экономика, содан соң саясат» дейтін ұстанымға сүйенген Қазақстан билігі елді 90-жыл­дардың дағдарысынан өткізіп, эко­­­номикалық даму жолына тү­­сіруге мүмкіндік алды. Елдің даму бағыты айқындалып, болашаққа деген сенім пайда болды. 2008 жылғы және коронавирус пандемиясының кесірінен пайда болған дағдарыс кезінде ел экономикасының тұрақтылығын сақтауға, халықтың әл-ауқатын төмендетпеуге септігі тиген Ұлттық қор да Кон­­­сти­­туция берген мүмкіндіктер аясында құрылған болатын. Әрине, Ата Заңда әлеуметтік-экономикалық реформалар жайлы бүге-шігесіне дейін жазылған жоқ. Алайда Ұлттық қорды құру, зейнетақы ре­формасын жүргізу, тегін білім беру мен медициналық қызмет тәрізді көптеген бастама Конституция ережелері негізінде әзірленген нормативтік актілерге сүйене отырып жүзеге асырылды. Сол се­бепті сарапшылар Қазақстан Кон­ституциясын ел дамуына негіз болған құжат ретінде бағалайды.

Заман талабына сай дамытылды

Әдетте, қарапайым жұрт Конституцияны ешқашан өзгермейтін құжат ретінде бағалап жатады. Алайда іс жүзінде Конституцияның заман талабына сай жетілдіріліп отыратыны бар. Онсыз заманауи сын-қатерлер мен трендтерге ілесу қиын. Әрине, Ата Заңды орынды-орынсыз толықтырып, өзгертуді де ешкім құптамайды. Дегенмен елдің даму деңгейі, демократиялық үрдістердің тереңдеуі ескеріле отырып өзгерістер жасаудың артығы жоқ. Марқұм академик Ғайрат Сапарғалиев бір сұхбатында Конституцияның дамытылуы шешуші рөл атқаратынын айтқан-ды. «Елбасы Конституциямыздың әруақытта да заман талаптарына сай болуы үшін үнемі бақылауда ұстап отырды. Мұның бір көрінісі 1999 жылы жүзеге асты. Президент заңнамаға жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жасады. Мұндағы негізгі идея Парламенттің өкілеттілігін кеңейту еді. Парламентке молырақ өкі­­леттілік беру, құқықтар мен міндеттер жүктеу мақсаты-тын. Себебі заң шығарушы орган ең маңызды орган болып есептеледі. Ол – барлық қоғамдық қатынасты реттейтін күш. Осыған байланысты Парламенттің мәртебесін көтеру мәселесі пісіп-жетіле бастады. Тағы бір рет, 2007 жылдың ақпанында Жар­лық шығарып, өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы бастама көтерді. Оған мен де қатыстым. Сөйтіп, айналасы 4-5 айда Конституция жаңа сапаға көтерілді. Бұл өзгерістер негізгі Парламенттің рөлін күшейту, оның ішінде Мә­жілістің тұғырын биіктете түсуге бағытталды» деген еді академик Ғ.Сапарғалиев. Енді салыстырып көрейік, Кон­­ституция қабылданған 1995 жылы еліміздегі жалпы ішкі өнім көлемі 20,37 млрд доллар болса, Парламентке қосымша құзыреттер берілген 2007 жылы 104,8 млрд долларға жетті. Бұл дегеніңіз ел эко­номикасы дағдарыстан толық шығып, халықтың әл-ауқатының жақсарғанын көрсетеді. Мұндай жағдайда қоғамды демократияландыру үрдісін тереңдетуге қадам жасауға болады. Егер халықтың жағдайы нашар, экономика әлсіз кезде саяси реформалар жасалса, демократия охлократияға айналып кетуі әбден мүмкін еді. Сондықтан Қазақстан мұндайға жол бермеудің барлық жолын қарастырды. Сонымен бірге еліміз саяси жүйені жетілдіруді де ұдайы жүргізді. Алғаш рет 1999 жылғы Парламент сайлауында аралас жүйе қолданылса, 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер нәтижесінде Парламент Мәжілісінің депутаттары пропорционалды тәсілмен сайланды. Бұл қоғамда белгілі бір стереотиптер негізінде қалыптаса бастаған саяси ұстанымдарды жойды. Партиялардың қызметін күшейтті. Әйтпесе, қазақ қоғамында жершілдік, рушылдық, тамыр-таныстық арқылы түрлі қызметке тағайындалуға немесе заң шығарушы органға депутат ретінде сайлануға мүмкіндік пайда болуы ықтимал еді. Тағы бір мысал. Конституция­ны жетілдіру арқылы Қазақстан 2003 жылдан бері үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын күшейтті. Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында елімізге келіп жұмыс істеген шетелдік ұйымдарға балама бола алатын қоғамдық бірлес­тіктердің саны өсті. Кон­ституция­ға 2007 жылы енгізілген өзгеріс­тер қоғамдық инсти­тут­тар­ды дамытты. Ең қызығы, сол кездегі шешімдердің нәтижесін жылдар өткен соң беріп жатыр. Үкіметтік емес сектор бүгінде мемлекеттің мықты тірегіне айналып үлгерді. Бір ғана еріктілер қозғалысына қосылушылар санының күрт өсуі былтыр пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде халыққа орасан пайдасын тигізді. Волонтерлердің қызметінен мемлекет те ұтты. Демек, еліміздің басты құжаты тәуелсіздікті нығайтып, мемлекеттің бәсекеге қабілетін арттырудың темірқазығына айналды деген сөз. Айтпақшы, 2017 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстанның жаңа бастамаларын құқықтық негізде қолдауға да жол ашқаны бар. Бұл өзгерістер жайлы Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайра Мәми: «Осы орайда Мемлекет басшысының кейбір билік өкілеттіктерін Парламент пен Үкімет арасында қайта бөлу жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Парламенттің Үкімет қызметіне бақылау өкілеттігі ау­қымды түрде күшейтілді. Азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғау тетіктері нығайтылды. «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығының қызметі үшін, сондай-ақ құқық қорғау жүйесін же­тілдіру тұрғысына құқықтық негіздер құрылды. Мемлекеттілік тірегін сақтаудың қосымша тетіктері енгізілді. Қазір ол заңнамадағы елеулі өзгерістермен бекемделіп, тәжірибе жүзінде іске асырылып жатыр» деген еді. Ал Елбасы саясатының арқасында жетілдіріле түскен саяси үрдістер 2019 жылы билік транзитіне ұласты. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған партиялар, бейбіт шерулер туралы заңдар сол саясаттың жемісі. Демек, ел билігінің жылдар өткен сайын демократиялық үрдістерді қоғам мен ұлттың өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып жетілдіруінің де қайнары Ата Заң. Бұл – Қазақстан Конституциясының өмір­шеңдігінің көрінісі. Әрі Ата Заң азаматтардың игілігі үшін жұмыс істеп тұрғанының, алда да кез келген сынақтан алып шығуға қау­қарлы екенінің белгісі.

Ардақ СҰЛТАН