Әскери киім киюді армандаған қыз

Әскери киім киюді армандаған қыз

Санаулы күннен кейін әлемді ала­қаны­мен тербеген аяулы аналар, ақ жаулықты әже­лер мен нәзік жанды арулардың төл ме­ре­кесі. Төрткүл дүниені сұлулығымен әр­леп, қылығымен таңдандырған қыз-ке­лін­­шектер аз емес. Таңдандырған демекші, жаны нәзік болғанымен кейбір  ер-азаматтар­дың қолынан келмейтін істерді атқарып жүр­ген арулар да баршылық. Бүгінгі кейіп­ке­ріміз әйел заты болса да, мықты әрі шыдамды. Олай деуімізге себеп  Арайлым Қаж­таева Көкшетау қаласының №2 ма­ман­дандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөн­дірушісі болып қызмет атқарады.

Ол 1997 жылғы 5 маусымда Бура­бай ауданының Щучье қала­сында дүниеге келген. Жасынан батыл болып өскен Арайлым қиын да күрделі өрт сөндіруші маман­ды­ғын таңдаған. Жалыны бет қарат­пайтын отқа қарсы жүріп, өз өмірін қатерге тігетін өрт сөндіруші ма­ман­­дығына өз қалауымен келіпті. Жылжымалы үш сатылы баспал­дақ­та биікке көтеріліп, қалың түтін­нің арасынан жол тауып, адамдарды құтқару, ауыр киімдер мен аппарат­тарды арқалау қыз балаға оңай соқ­пайтыны анық. Ең қиыны өзгенің өмірі үшін басын бәйгеге тігуге іштей дайын болу қажет. Дегенмен қайсар қыз осының бәрін еңсеріп қана қоймай, қатар­ластарынан оқ бойы озық дәрежеге көтерілген. «Бала кезімнен әскери киім киюді, органда қызмет етуді арман­дай­тынмын.  Республикалық спорт мектебін бітірген соң Шоқан Уәли­ханов атындағы Көкшетау мемле­кеттік университетіне «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түстім. 2020 жылы Ақмола облысы Төтен­ше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметіне жұмысқа ор­на­ластым. Төтенше жағдайлар ми­нистрлігіне қарасты Көкшетау техникалық институтының аймақ­тық оқу орталығында өрт сөндіруші-құтқарушылардың алғашқы дайын­дығынан өттім. Бір жылдан аса уақыттан бері Көкшетау қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып жұмыс істеймін. Дегенмен өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеу арманымның шегі демес едім. Сон­дықтан да өз қызметіммен қатар Шоқан Уәлиханов атындағы Көк­ше­тау мемлекеттік университетінде заң ғылымдарының магистрі  бағыты бойынша оқуды тәмам­дадым, – дейді Арайлым Абзалқызы.  Сондай-ақ кейіпкеріміз 2018 жылдан бастап WT таэквондодан Қазақстанның спорт шебері атан­ған. Арайлым спорттық мансабын 2010 жылдан бастапты. WT таэквон­до олимпиадалық спорт түрінен Ақмола облысының аға жаттық­тыру­шысы Ержан Урмановта жат­тығады. Кейіпкеріміз мереке қарсаңында тағы бір белесті бағындырмақ. 4-12 наурыз аралығында Талдықорған қаласында өтетін WT таэквондодан Қазақстан чемпионатына қатыспақ. «Менің мақсатым – әрдайым же­тілу және азаматтық қорғау ор­ган­дарында лайықты қызмет ат­қару, келешекте осы бағытта тоқтап қалмауды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ мемлекеттік уни­вер­­ситет­ке «Тіршілік қауіпсіздігі негізі» мамандығы бойынша оқуға түсу және мансап сатысымен жоғары жетістіктерге жеткім келеді» деп қо­рытын­дылады Арайлым Қаж­таева. Біз де өз ісінің нағыз шеберіне айналған өрт сөн­діруші қыздың ісіне разы болып, еңбегіне же­міс, істеріне табыс тіледік.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы