Квота: кеңшілік пе, кемшілік пе?
Квота: кеңшілік пе, кемшілік пе?
245
оқылды
Әділет министрлігі «Саяси партиялар туралы» заңына және «Сайлау туралы» конституциялық заңына түзету енгізетін қос заң жобасының тұжырымдамасын ел назарына ұ­сынды. Онда елді елең еткізер жаңалық жетерлік. Жоба әлден-ақ сарапшыларды екіге жарып отыр.  

ЖАҢА ПАРТИЯ ҚҰРУ ЖЕҢІЛДЕУІ МҮМКІН

Қоғамдық пікірталасты Мемлекет басшысының өзі бастап берді. 2019 жылғы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында сөйлеген сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен жаңа партия ашу жолындағы тіркеу кедергісін азайтуға бастамашы болды. Бүгінде саяси партия құру үшін оның кемдегенде 40 мың мүшесі болуы тиіс. Іңгәлаған сәбиден төсек тартқан қарияға дейін есептегенде, халқы 18 миллионнан әзер асатын Қазақстанда саясатқа құмартқан осынша азаматты аяқ астынан қайдан табады? Сондықтан тоспаның төмендетілуін қоғам жылы қабылдады. Қасым-Жомарт Кемелұлы тіркеу үшін партия мүшесі санының төменгі шегін екі есеге азайтуды, яғни қазіргі 40 мыңнан 20 мыңға дейін кемітуді ұсынды. Бұл елдегі партия құрылысының жаңа сапалық кезеңінің бастауы болмақ. Әрі ол азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша серпін береді. Президенттің осы тапсырмасын «Саяси партиялар туралы» заңға түзету арқылы іске асыру көзделуде. Әділет министрлігінің байламынша, осы арқылы біріншіден, идеологиялық және саяси әралуандылық қағидаты құқықтық қамтамасыз етіледі. Екіншіден, теңдікке негізделген көппартиялы жүйенің қалыптасуына жаңа жағдай жасалады. Үшіншіден, саяси партиялар мемлекеттік шешімдерді әзірлеу мен қабылдауға кеңірек тартылады. Төртіншіден, бәсекелі және тиімді саяси жүйе құруға жол ашылмақ.  

САЙЛАУҒА ТҮСУ ҚИЫНДАУЫ МҮМКІН

Ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы партиялық тізімде әйелдер мен жастарға арналған 30% міндетті квота енгізуді ұсынды. Бұл идеяны іске асыру үшін «Сайлау туралы» конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» жаңа конституциялық заң тұжырымдамасы әзірленді. «Тиісті заңнаманың болмауы салдарынан партиялық тізімге енген адамның жалпы санының 30 пайызына тең орынды әйелдер мен жастарға беретін квотаны сақтау қиын. Оны қамтамасыз етудің қандай да бір нақты тетігі жоқ. Осыған байланысты сайлауға түсетін партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін кем дегенде 30% квота енгізуді заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылады. Бұл норма саяси партияларды түрлі әлеуметтік топтармен белсенді жұмыс істеуге және өз қызметінде олардың мүддесін ескеруге міндеттейді», – дейді Әділет министрі. Бұл талап кейбір партияға сайлауға түсуде кедергіге де айналуы ғажап емес: егер Ортсайлауком қандай да бір партияның сайлау тізімінде әйелдердің, сондай-ақ жасы 29-ға толмаған жастардың үлесі 30 пайызға жетпей тұр деп тапса, ол партия сайлауға жіберілмейді. «Қолданыстағы «Сайлау туралы» конституциялық заңда партиялық тізімді тіркеуден бастарту негіздерінің бірі ретінде саяси партияның сол тізімді ұсыну ережесін бұзуы бекітілген. Осыған байланысты «Саяси партиялар туралы» заңда партиялардың өз тізімінде аталған 30% квотаны қамтамасыз етуі міндетін бекіту ұсынылады. Қазақстанның сайлау жүйесінде және сайлау барысында гендерлік және жас сипаты бойынша квота белгілеу ел Конституциясына қайшы келмейді», деп түсіндірді Әділет министрі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Транспаренси Қазақстан қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Марат Шибұтов Мәжіліс пен мәслихат депутаттары арасында әйелдер мен жастар үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс деген пікірді қолдайды, бірақ әр партияға сонша үміткер табу күрделі болатынын жасырмайды. «Осы айдың басында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ішкі партиялық праймериз өткізу арқылы өңірлерде жаңа тұлғаларды тартуға кірісетіндерін жариялады. Паймериз – Еуроодақта еуропарламентке ұмтылған барлық партия үшін шешуші тетік. Ол кадрлық құрамды үнемі жақсартуға және ішкіпартиялық бюрократиямен күресте көмектеседі. Қалай болғанда да, Nur Otan алдағы сайлауға дайындығының алғашқы нышанын, яғни партиялық тізіміне жергілікті жерлердегі барлық перспективті кадрларды ілгерілететінін анық аңғартты. Алда жастар мен әйелдерге арналған квота бекітіледі, бұл олар үшін жақсы әлеуметтік лифт», – деді М.Шибұтов.    width= Ол өзге партияларды оянуға, өңірлерден белсенді әйелдер мен жігерлі жас лидерлерді өз қатарына тартуға шақырды. Әйткенмен, әсіресе 29-ға толғанша елге танылып үлгерген, партия беделін нығайта алар белді үміткерді табу оңай шаруа емес. «Бұл квотаның белгіленуі негізінен, кеңшіліктің емес, кемшіліктің белгісі. Қазақстанда әйелдер сайланбалы органдарда лайықты ұсынылмаған деп ЕҚЫҰ біраз жылдан бері біздің биліктің құлағының құрыш етін жеп, маса секілді ызыңдап келеді. Шыны керек, бұл тіпті биліктің айыбы емес. Еліміздегі әйелдер батыстағыдай жаппай эмансипацияланбаған. Кеңес Одағының жасанды таңғаны болмаса, қазақ әйелдері Клара Цеткин, Роза Люксембург сияқты теңдік пен билік сұрап қала көшелерінде шеру өткізбеген. Қазақстанда әдейі еркекше киініп, ерше зіркілдеп, нәзік болмыс иелеріне тән қасиеттер мен міндеттемелерді тәрк еткен феминистер әлдеқайда аз. Қыздарымыздың басым бөлігі отау құрып, өз ұясын гүлдентуді басты орынға қояды. Тіпті, күні кеше құқықтарын қорғап көшеге шыққан көпбалалы аналар да бізге билік бер деген жоқ, ұрпағы өсіп-өнетін баспана сұрады», – дейді саясаттанушы Қанат Балтабай. Ол әйелдер қауымының өз қатарынан шыққан кандидатқа дауыс бермейтінін алға тартады. Қайта әйелдер «ерлермен жағаласып, мынау ұзын етекті не істеп жүр!» деп жақтырмайды. Мысалы, 2019 жылғы 9 маусымда өткен мерзімінен бұрынғы Президент сайлауында алты ер үміткермен бірге жалғыз әйел кандидат – Дания Еспаева додаға түсті. Осылайша, қазақстандық әйел қауымына ынтымақ білдірудің, өз тектесін қолдаудың тамаша мүмкіндігі берілді. Алайда нәзік болмыс иелері ол мүмкіндікті пайдалануға тырыспады да. ОСК дерегінше, президенттік аламанда дауыс берушілердің 5,05%-ы ғана Д.Еспаеваны таңдаған.  

БӘРІНЕН ҚЫРҒЫЗ АҒАЙЫН ОЗДЫ

Оның үстіне, халықаралық сарапшылар заң арқылы Парламентте немесе партиялық тізімде әйелдерге орын резервтеу, квота бекіту негізінен, дамуда кенже қалған елдерге тән екеніне назар аудартады. Мұны әлемде legalquotas, compulsoryquotas, mandatoryquotas деп атайды. Ол Аргентина, Боливия, Бразилия, Венесуэла, Доминика, Колумбия, Коста-Рика, Мексика, Панама, Перу, Эквадор секілді Латын Америка елдерінде таралған. Оларда квота 20-40% аралығында. Дамыған елдер ішінен Бельгия мен Франция да осы қатарда. Ал Африка, Азия және Таяу Шығыстың бірқатар мемлекетінің конституциясында әйелдерге орын резервтеу жүйесі бекітілген. Мысалы, парламенттегі әйелге арналған орынға еркек сайлана алмайды. Конституциялық квота көлемі 1-ден 30%-ға дейін барады. Дамыған елдердің көбі квотаны заң жүзінде бекітуден бас тартты. Өйткені бұл шараның қаупі мен тәуекелі бар: заңдағы 30% деген сан әйелдердің ұсынылу шегін белгілейді, азаматтар мен элита одан басқа орынның барлығы тегіс ерлерге арналған екен деп қабылдай бастайды. Бұл болашақта ер мен әйелдің тең ұсынылуын болдырмайды. Сол себепті дамыған елдер ерікті партиялық квотаны енгізді. Егер заңнамада бекітілген квотаны барлық партия орындауы шарт болса, ал партиялық квота тек соны енгізген партияға ғана міндет. Осындай voluntary quotas, party quotas дамыған елдердің көпшілігінде, тіпті гендерлік теңдікті мүлтіксіз сақтауға тырысатын Германия, Норвегия, Швецияда да іске асырылуда. Бірақ бәрінен қырғыз ағайындар озды: 2011 жылғы «Қырғыз Республикасы президентін және Жоғорку Кеңеш депутаттарын сайлау туралы» конституциялық заңына сәйкес, кез келген жыныс өкілінің үлесі 70 пайыздан асып кетуіне тыйым салынды. Бұл – болашаққа бағдарланған заң сияқты. Яғни, нәзік болмыс иелері әбден басымдық алып, ерлер ерік-жігерсіз қалар заман туса, әйелдерге де үлесін 70 пайыздан асыруға қазірден шектеу қойылып отыр.   Елдос СЕНБАЙ