2025 жылға қарай қазақстандықтардың табысы 27% артады – Тоқаев
2025 жылға қарай қазақстандықтардың табысы 27% артады – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай Қазақстан халқының нақты ақшалай кірісін 2019 жылғы деңгейден кем дегенде 27%-ға арттыруды көздейтін Жарлыққа қол қойды.

26 ақпан күні Президент "Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтары туралы" Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық басымдықтары ретінде келесілер айқындалған: 1-бағыт. "Азаматтардың амандығы": 1) "Әділ әлеуметтік саясат"; 2) "Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі"; 3) "Сапалы білім"; 2-бағыт. "Институттардың сапасы": 4) "Азаматтардың мүдделерін қорғайтын әділ және тиімді мемлекет"; 5) "Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі"; 6) "Патриотизм құндылықтарын тәрбиелеу"; 7) "Ұлттық қауіпсіздікті нығайту"; 3-бағыт. "Қуатты экономика": 8) "Әртараптандырылған және инновациялық экономика құру"; 9) "Экономикалық және сауда дипломатиясының белсенді дамуы"; 10) "Теңгерімді аумақтық даму".

"Азаматтардың амандығы" бағыты бойынша халықтың нақты ақшалай кірісінің өсімін 2019 жылғы деңгейден кемінде 27%-ға арттыру ұсынылып отыр.

Сондай-ақ қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыру жоспарланған.