№2 Атырау қалалық соты «Дина», «Сарайшық» және «Көктем» базарларында өзбекстандық саудагерлерді бопсалап, «ақша алды» деп айыпталған адвокатқа, полицейге және жергілікті төрт тұрғынға қатысты үкім шығарды.
Бұдан басқа, бопсалаудан әккі болған заңгерлер ірі мөлшерде қарызы болғандықтан шетелге шыға алмай жүрген жергілікті тұрғынның кеңес алуға келгенін пайдаланып, оған «сот орындаушысы өзін зорлады-мыс» деп арыз жазғызып алған. Тергеу барысында сотталушылар кінәларын мойындап, жәбірленушілерге келтірілген мүліктік зиянды толық өтеп, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді дауламай, прокурордың, жәбірленушілердің, сотталушылардың, олардың адвокаттарының қатысуымен кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісім жасақталды. Сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі 2,3-тармақтарымен, 419-бабы 3-бөлігімен, 361-бабы 1-бөлігімен және 114-бабы 3-бөлігімен айыпталған сотталушылар кінәлі деп танылып, әрқайсысына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, оларға пробациялық бақылау белгіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.Сотта анықталғандай, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі және оның заңды кеңсесінің үш қызметкері өткен жылдың ақпан-наурыз айларында қала базарларын аралап, Ресейдің «Хрюши против» жастар ұйымына еліктеп, сауда ережелерінің бұзылуына қарсы күрескен. Олар көздеген мақсатына жету үшін өзбектерді көп жағалаған. Саудагерлерден тауарларының сертификатын ұсынуды, сауда чектерін талап етіп ұялы телефондарының камераларына түсірген. Олар талап еткен сертификаттар саудагерлерде жоқ болатын. Көп ұзамай өздерін мақсатты түрде бопсалап жүргенін білмейтін саудагерлер тексерулер мен айыппұлдар төлеп шаршап, айыппұл салушылардан мәселені оң шешіп беруін өтінеді. Міне, осыдан соң оқиғаның желісі басқаша өрбиді: атыраулық «хрюшалар» оларды жайына қалдырып, бұл үшін олардан жүйелі түрде 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ауызбастырық алып отырған. Көнбегендерін өздеріне сыбайлас – учаскелік полиция инспекторының көмекшісіне тірек пунктіне жөнелткен. Ол жерде оларды депортациялаймыз деп қоқан-лоқы жасаған. Соңынан қорқытып алған ақшаны өзара бөліп алып отырған. Сонымен қатар полиция қызметкері хабарлама бойынша барып, саудагердің біріне абайсызда ауыр дене жарақатын келтірген.