Тараз қаласында 5 қабатты нысаннан секірмек болған жігітті тәртіп сақшылары құтқарып қалды. 7 наурыз күні «102» байланыс желісіне Қ.Тұрысов көшесінің бойында салынып бітпеген нысанның 5- қабатынан бір жігіттің секіргелі тұрғаны туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына учаскелік полицей Данияр Тазабеков жетіп, өз-өзіне қол салмақ болған жігітті райынан қайтаруға тырысады. 29 жасар азамат өзі жұмыс жасайтын кәсіпорын басшысы жұмыс барысында алған жарақаты үшін өтемақы төлемей жатқанын айтып шағымданған. Жігітті сөзге айналдыра отырып оған жақындай түскен учаскелік инспектор қолынан шап беріп ұстап, оның өмірін аман алып қалды. Қазір өз-өзіне қол салмақ болған азаматпен дәрігерлер мен психологтар жұмыс жасауда. Әзірге тараздық тұрғынның жұмыс барысындағы жарақаты үшін өтемақы төлемей қойған кәсіпорынның аты аталмауда. Сондай-ақ «өз-өзіне қол салуға дейін апару» бабы бойынша іс қозғала ма, жоқ па ол жағы да белгісіз. Полиция департаментінің мамандары тергеу амалдары аяқталғаннан кейін мән-жайды хабарлайтындықтарын жеткізді. https://youtu.be/fl1VK--EbTY Айта кетейік, бұл аталған нысанда өз-өзіне қол салуға әрекет ету дерегінің алғашқысы емес. Бұған дейін де 5-қабаттан секіріп кетпек болған колледж студенті мен бойжеткенді медресе шәкірті мен төтенше жағдайлар саласының қызметкері құтқарып қалған болатын. Соған қарамастан өрімдей жастарды өлімге итермелеп жатқан сақалды құрылыстың талай жылдан бері не себепті аяқталмай тұрғанын ешкім тап басып айта алмауда.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы