Жалған ПТР анықтама сатқандар ұсталды
Жалған ПТР анықтама сатқандар ұсталды
112
оқылды
Қызылорда облысында жалған ПТР-тест анықтамасын сатумен айналысқан екі медициналық мекеменің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар азаматтарды тиісті тексеруден өткізбей-ақ коронавирустан дін аман екенін дәлелдейтін анықтаманың әр данасын 7 мың теңгеден үлестіріпті. Мемлекет халықтың амандығына алаңдап отыр. Ал ашкөздер ауадан ақша жасауға тырысып жүр. Коронавирус пен пневмония деген аты жаман дертті пайдаланып, сын сағатта айласын асырып қалуға тырысқан пысықайлар жыл басынан бері тұрғындарға ПТР тестінен өткендігі туралы 60-қа жуық жалған анықтама сатқан. Медицина қызметкерлері 1 анықтама үшін 7 мың теңге көлемінде заңсыз сыйақы алу арқылы Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына пара беру қажеттілігін сылтауратып, пара беруге итермелеген. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Сұлтан Пирметов айтты.
– Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 2020-2021 жылдары жүйелік негізде COVID-19 ПТР сынамаларының теріс нәтижелері бар сертификаттарды жүйелі түрде тексерістен өткізбей сатумен айналысқан екі медициналық мекеменің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеуде. Тергеу барысында бұл екі азаматша қаңтар, ақпан айларында 60-тан астам ПЦР-тесттерін сатқандары анықталып отыр. Азаматшадан 37 мөр мен көптеген анықтамалар тәркіленді. Анықтамалардың барлығында дәрігерлердің мөрлері бар, бірақ ешқайсысында адамның аты-жөндері жоқ», – дейді ҚР СЖҚІҚ Агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Сұлтан Пирметов.
ПТР сынағының сертификаттары әр түрлі мақсаттарда пайдалануға арналғаны белгілі болды. Оны көбіне вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер, шетелге саяхаттайтын және Байқоңыр қаласына кіретін азаматтар сатып алып отырған.
– Жедел іздестіру кезінде ПЦР COVID-19 сынамаларының жалған сертификаттары жасалған компьютерлік жабдық пен мөр тәркіленді. Медицина қызметкерлері өз кінәсін толық мойындады. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етуге жатпайды. Аталған адамдардың мұндай сыбайлас жемқорлық әрекеттері тек жеке пайда табуға ғана бағытталған, бұл азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Мұндай сыбайлас жемқорлық фактілерінің салдары өлім болуы мүмкін. Бұл вирусты сыбайлас жемқорлықпен салыстыруға болады, ол да таралып, апаттық жағдайға ұшыратады. Сондықтан азаматтарды адалдық пен шыншылдық сияқты адами қасиеттерін ұстануға шақырамыз, – дейді департамент өкілдері.
Сонымен қатар Сұлтан Пирметов коронавирустық инфекция пандемиясы жарияланғаннан бастап,  заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бір қатар  іс-шаралар өткізіліп жатқандығын атап өтті.
– Арнайы мониторингтік топ өкілдері мен "Ақмешіт-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің менеджерлері жыл басынан дәріханалардағы дәрілік препараттардың бағасының негізсіз көтерілуін болдырмау мақсатында 80 дәріханаларға, «СК-Фармация» мекемесінің облыстық қоймасы мен өңірлік  емдеу мекемелеріндегі дәрі-дәрмек қорына мониторинг жұмыстарын жүргізді. Мониторинг барысында азаматтарды ақпараттандыру мақсатында дәріханаларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған көрнекі құралдарды және дәрілік препараттардың шекті бағалары жайлы ақпараттар мен  QR- коды бар парақшаларды ақпарат тақталарына орналастырды. Емдеу мекемелеріне гуманитарлық көмек ретінде шет елдерден келген емдеу препараттары, медициналық қорғау жабдықтары, ИВЛ-аппараттары және т.б  мақсатты таратылып, емдеу мекемелеріне толық жетуіне қоғам өкілдерімен  бақылау жүргізілуде, – дейді ол.
Елде ПТР-тест анықтамасына сұраныс артқалы жалған құжат жасаушылар көбейген. Мәселен, бұған дейін Алматы және Атырау облыстарында да COVID-19-ға теріс нәтиже көрсетілген ПТР анықтамасын жасап сатқандар анықталған еді.
–  ПТР тест анықтамасының астында штрих-код тұрады. Сол штрих-кодқа біздің қызметкерлерде аппарат бар, сонымен бірге тексеріп, сол бойынша оның нақты анықтама не болмаса қолдан жасалғаны туралы бірден шығады. Егер қолдан жасалған анықтама анықталған жағдайда еліміздің қылмыстық құқығы бойынша біз шұғыл түрде құқық қорғау органдарына бұл фактіні жібереміз. ПТР анықтамасынсыз Қазақстан шекарасына өтуге болмайды. Құжаты жоқтар елге келгенде сынама тапсыруға міндетті, – дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері.
Қазіргі таңда Қызылордада  ПТР-тест тапсыратын 9 зертхана орталығы бар. Өңірдегі барлық зертхананың бір күндік жалпы қуаты 3370 анализді зерттеуге жетеді. – Бұл коронавирусты анықтайтын зерттеулерді кеңейтуге, ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ол аталған аурудың таралуының алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Бүгінгі күні ПТР тестілеу 9 зертханада қолжетімді болып отыр. Оның 4-еуі – мемлекеттік, 5-еуі – жеке меншік негізде жұмыс жасайды, –  дейді Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Қуанышбайқызы. Уақыт үнемдеп, коронавирустан ада деген жазу жаздырып алу әдеттегіден анағұрлым арзан тұрады. Алайда мұндай құжаттың пайдасынан зияны басым. Өйткені, індет белгісі бар азамат бүтін қоғамға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан бүгінгідей сын сағатта ең алдымен еліміздің амандығы маңызды.  

Н.ҚАЗБЕКОВ,

Қызылорда облысы