Облыс әкімінің айтуынша, аймақта вирусқа қарсы препараттардың қажетті қоры жетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Қытайдан шыққан коронавирустың таралуына жол бермеу үшін ШҚО-да жедел штаб құрылды. Өңірдің барлық медициналық ұйымдары жоғары дайындық режимінде жұмысқа кірісті. Бұл туралы аймақ басшысы Facebook-тағы парақшасында жазды. Өңірде вирусқа қарсы препараттардың қажетті қоры жеткілікті, сондай-ақ 12 400 қорғаныш костюмдері, 670 000 респиратор және 7 млн. бірреттік маскалар бар. Күдікке ілінген, вирус жұқтырған адамдарды тасымалдайтын 2 жеке көлік капсуласын дайын. Тағы 4 капсулаға және Л-1 типті 18 қорғаныш костюміне өтінім берілді.
– ҚХР-мен біздің облыстың шығыс бөлігі шектеседі. 2 ақпанға дейін «Бақты» және «Майқапшағай» кеден бекеттері арқылы шекарадан өту тоқтатылды. Қазіргі таңда екі бағытта да азаматтар мен тауарлардың қозғалысын толық тоқтату мәселесі шешілуде. Шекаралық бекеттердегі санитарлық-бақылау пункттері тепловизорлармен жабдықталды. Бақты және Майқапшағайда 6 тепловизор бар. Семей және Өскемен әуежайларында жолаушыларды мониторингтен өткізу үшін үш тепловизор жұмыс істейді. Алдағы күндері «Ақтоғай» теміржол станциясын тепловизорлармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Қытай шекарасынан ары-бері өткен азаматтардың денсаулық жағдайы мұқият бақылауға алынған. Жағдай менің жіті бақылауымда, – деп жазды облыс әкімі Даниал Ахметов.