Әлеуметтік әмияннан пайда бар ма?
Әлеуметтік әмияннан пайда бар ма?
123
оқылды

2022 жылы елімізде әлеуметтік әмиян енгізіледі. Оның үстіне, ұлт­тық төлем жүйесі іске қосылмақ. Ұлттық банк төрағасы мұның қар­жылық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қаржы секторын дамытуға үлес қосатынын айтады. Жүйенің артықшылығы қандай? Әлеуметтік әмиянның банк картасынан айыр­масы бар ма? Осы және өзге де сұ­­рақтарға жауап іздеп көрдік.

Екінші деңгейлі банк шотына балама бар

Әмиянның «жаңа» түрін енгізуге Президент тапсырма берген-ді. Бас­тапқыда экс-Еңбек министрі мұндай әмиян қолданысқа енгенде нендей өзгеріс боларын атап өтті. Артынша Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі істі шындап қолға алды. Бұл 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім аясында жүзеге асады. Е.Досаевтың мәлімдемесіне сүйенсек, мезеттік төлемдер жүйесін дамыту ар­қылы ұлттық төлем жүйесін құрып, төлем карталарының банкаралық жүйесі ұйымдастырылады. «Бұдан не пайда?» дерсіз. Осы арқылы транзакциялық шығынды төмендетуге, қаржылық қыз­меттің қолжетімділігін арттыруға әрі қаржы нарығындағы бәсекені күшейтуге болады. Сол үшін аталған үштік мін­деттемелерді бөліп алған. Нәти­жесінде, бұл ақша-кредит, салық-бюджет пен құрылымдық саясатты күшейтіп, қаржы секторын дамытпақ. «Әлеуметтік әмиян дегеніміз – банк­тік шоттарға балама. Артықшылығы – аза­мат­тардың банкке жүгіну қажеттілігі жоқ. Ұлттық банк жүйесінде әрбір аза­матқа жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы осын­­дай шот ашылады. Артынша шот­тарға біз 44 әлеу­меттік төлемді проактивті түрде тө­леуді жоспарлап отырмыз. Әлеу­меттік әмиянға аударылған әлеу­меттік төлем­дер – бұл банктердің, салық орган­­дары­ның немесе коллекторлық ұйымдар­­дың тарапынан өндіріп алуға жатпайды. Яғни, қорғалады» деген еді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәп­кенов. Министр мәлімдегендей, әлеуметтік әмиянды қолданушылар тауар сатып ала алады. Оған қоса, банк карточкасы сияқ­ты қызмет алуға толық мүмкіндік бар. Айта кетерлігі, әлеуметтік әмияннан тө­лем карточкасына да ақша аударып, қолма-қол ақша ретінде шешіп ала алады. Ешқандай шектеу жоқ. Қазір аталған заң жобасы бекіген. Ұлттық банк жобаның техникалық және ұйымдастырушылық жұмысын мойнына алған. 2022 жылы министрлік пилоттық жоба ретінде атаулы әлеуметтік көмекті әлеуметтік әмиянға аударуды жоспарлап отыр.

Әмиянның қызметі қандай?

Жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік әмиян – банк шотына балама. Әлеуметтік төлемдер бірден әлеуметтік әмиянға аударылатындықтан, түскен ақшаға бақылау жүргізе аласыз. Төтенше жағдай тұсындағы екінші деңгейлі банктер ал­дындағы кезек есіңізде ме? Сол шақта халық есепшот ашып, шоттың 20 нөмірін жаттай алмай дал болғаны бар. Міне, әлеуметтік әмиян аталған қиындықты жеңіл­детеді. Мұндай әмиян түрі қалай ашылатынын сұрасаңыз, процесс Ұлттық банк арқылы жүзеге асады. Яғни, Ұлттық банк жүйесінде әр адамға ЖСН нөмірі арқылы автоматты түрде әлеуметтік әмиян ашылады. Банк жағаламай, үйде отырып әлеуметтік төлемді қажетіңізге жұмсайсыз. Әмияндағы ақшаның қауіп­сіздігін Ұлттық банк өз мойнына алады. Сол үшін олар аталған банктің электронды ақшасын пайдалануды көздейді. Осы арқылы банктер банкротқа ұшыраған кезде де халықтың қаражатын сақтау мүмкін болады. Кейіннен сіз бен біз иелік ететін цифр­­­­лы әмиянға 44 әлеуметтік төлем аудары­лады. Министрлік зейнетақыны да осы әмиянға аудару тетігін іске қосуы мүмкін. Әлеуметтік әмиян – цифрлы жүйе. Сон­дықтан мобильді қосымшасы бар. Әдет­­тегідей, қосымшадағы жеке ка­­би­­нет ар­қылы төлемнің түскен-түс­пеге­­нін қада­ғалайсыз. Ескере кетер жайт, QR код ар­қылы төлем жасауға, тауар мен қыз­­­мет түрлерін комиссиясыз сатып алу­­ға болады. Қолма-қол ақша ұстауды жөн көр­сеңіз, цифр­лы әмиянда бұл қызмет түрі де табылады. Нақты не сатып алуға боларын сұ­рар­­сыз. Сауда және интеграция ми­нистр­­­лігі­нің айтуынша, бұл әмиян сізге әлеу­­­меттік маңызы бар азық-түлік сатып алуға жәр­дем­­деседі. Бизнес саласындағы бір­­­қатар қызмет ақысын төлей аласыз. Ми­­нистр­лік кейбір азық-түлік түрлерін 45%-ға дейін жеңілдікпен алуға жағдай жасамақ. Бұл тауар бағасына мониторинг жүргізіп, қым­батшылықтың алдын алуға сеп бол­мақ. Иә, аталған әмиян түрі халықтың әлеу­меттік жағдайын көтеруге жағдай жасайды. Пилоттық жоба ретінде іске қосылып жат­са, құба-құп. Әсіресе, бұл бастама әлеу­мет­тік орындардағы кезек мәселесіне нүкте қоятыны қуантады. Мәселен, бала санына байланысты тө­ленетін жөргекпұлды алуға пошта алдына нөпір жиналатыны бар. Ұрыс-керіс пен жағымсыз энергияны бы­лай қойғанда, баласы кішкентай әйелдер қиналып қалады. Осындайда әлеуметтік төлемді цифрлы қосымша арқылы алып, керегіңе жаратқан жөн-ақ. Бастысы, цифр­лы әмиян уақытында іске қосылып, Ұлттық банк халықтың ақшасын уәде еткендей қорғаса болғаны. Артынша сауда ми­нистр­лігі сөз еткендей қым­батшы­лық­ты да ауыз­дықтайтын күн келер.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ