Өзбек елінің өсімі қандай?
Өзбек елінің өсімі қандай?

Сарапшылар «Өзбекстанның Қазақстаннан басым түскенін» қызу талқылауда. Бұған Өзбекстанның қазіргі заманауи сын-тегеуріндерді анағұрлым табысты еңсергені түрткі болды. Мысалы, 2020 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі 2,6%-ға құлдырады. Ал ӨР Статистика жөніндегі мемлекеттік комитетінің дерегінше, Өзбекстанның ЖІӨ-сі былтыр 1,6% өскен. Бірақ шынында оңтүстік көрші қазақ елін басып озды ма? Осыны талдап көрсек.

Дұрыс салыстырып жүрміз бе?

Қазақстан экономикасы 90-жыл­дардағыдай тұралап жатыр деуге болмайды, бірақ қиындыққа килікті. Экономикада рецессия жалғасуда. Ел басшылығының Үкіметтің бас экономисін ауыстыруы да содан болса керек. Көп үміт күттірген, ең жас министрлердің бірі болған Руслан Дәленов екі жылға жетпей отставкаға жіберілді. Оның орнын биылғы қаңтарда 34 жастағы Әсет Ерғалиев басты. Оның мәліметінше, Қазақстан эко­номикасы 2021 жылғы қаңтарда 4,5%-ға бір-ақ құлаған. Өзбекстан ше? Дүниежүзілік банк өзбек елі 2021 жылы Орталық Азиядағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізетінін жариялады. Жаһандық ұйымның сарапшылары Өзбекстан экономикасы биыл 4,3%-ға, ал келесі жылы 4,5%-ға өседі деп болжап отыр. ДБ Қазақстанның әлеуетін сонша жоғары бағаламайды: оның жорамалынша, республикамыздың экономикасы осы жылы әрі кетсе, небәрі 2,5%-ға өсуі мүмкін. Осы көрсеткіштерді ғана са­лыс­тырған көптеген отандық сарапшылар қара аспанды төндіріп, ойды он саққа жүгіртіп, атойлап жатыр. Өкінішке қарай, жалаң сараптамасымақтар ақпарат құралдары арқылы кең таралып, елді уайымға салды. Оның үстіне, шаңырақты қиратып, түндікті ті­лердей жағдай орнап отырған жоқ. Мысалы, белгілі өзбек сарапшысы Юлий Юсупов бірнеше жайтқа назар аудартты. 2020 жыл қорытындысында Өзбекстанның атаулы ЖІӨ-сі 57,6 млрд долларды құрады. Ал Қазақстанның атаулы ЖІӨ-сі 160 миллиард долларға жуық. Ал Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі болжамынша, 2021 жылы бұл сома 180 миллиард долларға дейін өсуі керек. Басқаша айтқанда, Қазақстан экономикасы өзбек экономикасынан 3 есеге үлкен. Әрі осы басымдығын өрістете бермек ниетте. Келесі бір көрсеткіш: былтыр теңгенің долларға шаққандағы ба­ғамы 400 межесінен асқанда, қазақстандықтар қатты жабырқады. Ұлт­тық валюта тоқтаусыз құрдымға құлап бара жатқандай. Ал енді көршіге қарасақ, 2021 жылғы 4 нау­рыздағы бағам бойынша 1 АҚШ доллары 10 мың 488 сумға теңелген! Жалпы, алапат девальвацияны посткеңестік кеңістіктің барлық дерлік елі бастан өткерді. Мәселен, Ресейде 1997 жылы жаңа (кеңестік емес) рубльдің долларға шаққандағы құны 5 960-қа жетті. Содан кейін солтүстік көрші деноминация жасап, нөлдерді алып тастады. Беларусь рублі де бірнеше жыл бойы девальвациядан көз ашпады: ақыры 2014 жылы 1 доллар үшін 14 мың беларустық рубль сұралды. Нәтижесінде, 2015 жылдың қарашасында Беларусь үкіметі деноминация жариялады: ескі 10 000 рубль жаңа үлгідегі 1 рубльге айырбасталды. Демек, Өзбекстан экономикасы да осы бағытта қозғалып бара жатқанға ұқсайды.

Қарызға батқан елдерміз бе?

Бірқатар экономистер «Қазақ­станның сыртқы қарызы үлкен және әрбір қазақстандық туа сала шетелге шамамен 10 мың доллар қа­­рыз болып қалады», – деп елді үрейлендіріп жүр. Ұлттық банктің мә­­ліметінше, Қазақстанның сырт­қы қарызы 160,9 млрд доллардан аса­ды. Демек, бұл ЖІӨ-нің 90,7%-ы. Ел арасын алатайдай бүл­­ді­ріп жүргендер осы цифрларды қолшоқпар етуде. Бұл сорақы сома ма? Сөйтсек, жағдай басқаша екен. Ұлттық банктің Төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаевтың түсіндіруінше, Қазақстанның осы сыртқы жалпы борышының 80%-ы жекеменшік ұйымдардың міндеттемесі. «Басқаша айтқанда, оны не мемлекет, не халық төлеуге міндетті емес. Оған біз жауап бермейміз. Ол қарыз сонда қайдан шыққан? Елдің сыртқы қарызы құрылымының ең көп бөлігі – 101,3 млрд дол­лары немесе 62,9%-ын жеке компаниялар мен инвесторлардың фирмааралық берешегіне тиесілі. Көбі шетелдіктердің үлесі бар үш ірі жобаның – Қашаған, ТШО және Қарашығанақ жобаларының еншісінде. Мұндай жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторлар Қазақстанда тіркелген өз тобының компанияларын қаржыланырады. Халықаралық әдіснамаға сәйкес, осы инвестициялар да елдің сыртқы қарызы болып саналады», – деп түсіндірді А.Өскенбаев. Сөйтіп, «мемлекеттік сыртқы қарыз» бүкіл борыштың бар-жоғы 8,2%-ын немесе 13,2 млрд долларды, ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы – 12,5% немесе 20,1 млрд долларды құрайды. Бұл жалпы алғанда ЖІӨ-ге шаққанда 18,8%. «Тиісінше, халықаралық тәжі­рибеге сәйкес, қауіпсіз деңгейге жатады», – деді Ұлттық банк өкілі. Өзбекстанның қаржы ми­нистр­лігі осы елдің мемлекеттік сыртқы қарызы екі есе өскенін жариялады. статистика «Өзбекстанның мемлекеттік сыртқы қарызы соңғы екі жылда екі есе ұлғайып, 2021 жылғы қаң­тарда 21,1 миллиард долларға жетті. Жалпы алғанда, республиканың сыртқы қарызы – 24,3 млрд доллар», – деді Өзбекстан қаржы министрлігі. Ведомство дерегінше, Өзбекстан былтыр энергетика, көлік салаларын дамытуға, көлік инфрцақұрылымын және тұрғын үй салуға, химиялық өнеркәсіпті өркендетуге сырттан қарыз тартты. Өзге елдермен салыстырғанда, Қазақстанның да, Өзбекстанның да сыртқы қарызы қауіп тудырмайтын деңгейде сақталған.

Өзбек неден озды?

Қазақтардың өзбек ағайыннан үйренері жетерлік. Қазақстан билігі мұнайға тәуелділіктен құтылудың қамын жасаған түр танытып жатқанда, өзбек экономикасы нақты секторды одан әрі әртараптандыруға күш салды. Жалпы, кеңес кезінен бері бұл республикада сан алуан өндіріс пен өнеркәсіп өркен жайған болатын. Өзбекстан «жабайы жекешелендіруге» ұрынбай, соның көбін сақтап қалды. Қазақстан сол бойы мұнайдың мың құбылуынан зардап шегіп келеді. Пандемия жайлаған 2020 жылы Еуразиялық одаққа мүше барлық елдің өнеркәсіптік өндірісі құлдырады. ЕЭК ақпаратына жүгінсек, былтыр Қырғыз Республикасында бұл көрсеткіш 106,6%-ға, Ресейде – 102,9%-ға, Арменияда – 100,9%-ға, Беларусь пен Қазақ­станда 100,7%-ға төмендеді. Осы орайда Өзбекстан өнеркәсіптік өндірісін (ӨӨ) 100,7%-ға арттыра түскен. Бұрынғы жылдары да өндіріс өсімі жөнінен қазақ елі үнемі өзбекке жол беріп келді. Мысалы, Қазақстанда ӨӨ 2015 жылы – 1,6%, 2016 жылы тағы – 1,1% кемісе, Өзбекстанда сәйкесінше, 107,9%-ға және 106,2%-ға артқан. 2017 жылы екі ел теңескендей болды: Өзбекстан – 108%, Қазақстан 107,3% өсім көрсетті. Әйткенмен, 2018 жылы өзбек өндірісі 116,6%-дық рекорд орнатты. Қазақстандық өндіріс 104,4% өсімді қанағат тұтты. 2019 жылы өзбектер өнім шығаруды 105%-ға, 2020 жылы 100,7%-ға өрістетті. Біздің ел 2019 жылы 104,1% өсім паш еткенімен, былтыр 0,7 пайызға төмендеді. Өзбекстан, әсіресе өмірлік маңызды өңдеу өнеркәсібінде ілгері озып барады: өсімі 7,1%! Қазақстан бұл салада 3,9% өсімімен кейін тұр. Өзбекстан экономикасы шикізатқа көп тәуелді емес: өнеркәсіп құрылымындағы өндіруші саланың үлесі небәрі 9% ғана. Бұған дейін оның үлесі 12,4%-ға дейін баратын. Яғни, экономиканы диверсификациялауда көрші пәрменді қимылдауда. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінің үлесі оларда 2020 жылы рекордтық 83%-ға жетті! Бір жыл бұрын 79% еді. Сөйтіп, Өзбекстан жердің асты-үстіндегі қазынасын шикізат күйінде емес, көбіне түпкілікті өңдеп, шетелге сатуда. Бұл Қазақстан үшін арман: еліміздегі өңдеуші сала үлесі 48,8%. Қазақстанда өндіруші өнеркәсіп өзін қожайындай сезінеді. Оның үлесі 43,9% ғана болғанымен, елге негізгі табыс та солардан, яғни шикізат сатудан түседі. Nike, Adidas, Apple секілді жа­һанға мәшһүр брендтер өз өндіріс­терін Өзбекстанда ашып жатыр. Netflix, Google Commerce, Google Voice, Samsung Electronics, Сleverbridge, Xsolla, Activision Blizzard International және басқасының да таңдауы аймақта дәл осы елге түскен. Олардың бәрі Өзбекстанда өкілдігін тіркеп, салығын соған төлеуге кіріспек. «Сонда Қазақстанның несі дұрыс емес? Неге олар бізді таңдамады?» деп қынжылады бірқатар сарапшы. Экономист Марат Ерғозин мұ­­ның бірнеше себебін алға тартты: біріншіден, оңтүстік көршіде өңдеу өнеркәсібі жақсы дамыған, ендеше әлгі компаниялар өзіне қажетті мақта, мата, бояулар, металл түрлері, химиялық өнімдер және басқа да жергілікті өнімді пайдалана ала­­ды. Ал Қазақстанда оның көбін сырт­тан тасуға тура келеді. Екіншіден, Қазақстан ЕАЭО мүшесі бол­ғандықтан, одақ лидері Ресейге қарсы батыстық санкциялар бізге де әсер етеді. Бұл инвесторларды үркітуі ықтимал. Үшіншіден, эконо­­­мика құрылымына сәйкес, өзбектер техникалық білімге баса мән береді. Жеңіл, тамақ, химия және басқа өндірістер кадр тапшы­лығын тартып отырған жоқ. Бізде болса, жас­­­тар экономист, заңгер секілді еш өнім өндірмейтін «ақ жаға­лы» мамандықтарға әуес. Тіп­ті, фермерлер қойшы-бақташы, механизатор тап­пай жүргеніне наразы. Туыс екі елді бір-біріне айдап салғысы келе ме, кейбір сарапшысымақтар Өзбекстанның Орталық Азия көшбасшысы мәртебесі үшін Қазақстанмен таласуға қайта орал­ғанын айтып жатыр. Дұрысы, төс­кейде малы, төсекте басы қосылған бауырлас қос елдің бақталасып, аймақты бөліске салатын жөні жоқ. Мемлекеттеріміздің жау­лары да бірдей: соның ең ірісі, әрине кедейшілік. Сондықтан туыстас елдер үшін дәл қазір осы істе ынтымақтасып, девальвация, дағдарыс пен пандемиядан қа­жыған халықтарымыздың тұрмысын бірлесе түзеу, әл-ауқатын арттыру маңызды. Жуырда Өзбекстанда бірнеше хокимнің (әкім) контейнерлерге көшкені туралы хабар әлемдік ақ­парат айдынын шарлап кетті. Олар осы арқылы жүк тасымалында пай­даланылатын контейнерлерде өмір сүруге мәжбүр қарапайым бұқа­раға жақындай түскенін аңғартыпты. Халықаралық ақпарат құ­ралдары бірінші болып, Наманған облысының басшысы (облыс әкімі) Шавкатжон Абдуразаковтың контейнерге көшкенін көрсетті. Оған Бұ­қа­ра және басқа облыстар басшылары ілесті. Өйткені осының алдында Наманғандағы Bunyodkor махалласына сапарлаған ел президенті Шавкат Мирзиёев ауыл-аймақтың абаттандырылмағанын, жолдардың жай-күйі нашар екенін сынады. Жергілікті жұртшылық су мен газдың жоқтығына шағымданды. Әкімдердің контейнерге көшкені – әпенділік. Бірақ шектен шыққан шенеуніктерге бұқара жағ­дайын ұғындыру үшін бұдан басқа жол қалмаса керек. Тек содан қарапайым елдің жағдайы жақсарып кетсе жақсы.

Елдос СЕНБАЙ