Батыс Қазақстан облысына қарасты Круглоозерное кентінде екі апта бұрын белгісіз біреулер әлеуметтік желіге 10-сынып оқушысын 100 мың теңгеге сататыны жайлы оғаш жарнама шығарған. Оқушының анасы Алтын Ахмедиярова кінәлілер жазаланғанын қалап отыр. Жасөспірім өзінің сыныптастарынан қысым көріп келген. Алайда полиция, мектеп әкімшілігі мен білім бөліміндегілер оқиғаға қатысты ешқандай шара қолданбаған екен. – Баламды бір рет емес, бірнеше рет ұрып-соғып, ақшасын тартып алған. Ақыр аяғы бәрін білдім, содан кейін баламның сыныптастары келіп барлық ақшаны қайтарып берді. Сөйтіп, полицияға арыз жазбауымды сұрады. Жас болғаннан соң арыз жазбай қоя салғанбыз. Бірақ кейін баламның қабырғасын сындырыпты. Прокуратура, әкімдікке, полицияға шыдамай арыздандым. Осыдан кейін баламның суреті интернетте пайда болды. Онда 100 мың теңгеге сатылады деп жарияланған. Астына түрлі пікірлер жазылыпты. Біреулер тіпті әр органын жекелеп сатайық деп ұсынған. Осылай істеуге бола ма? Бұлай қалдыруға болмайды ғой, қылмыскерлер табылғанша, тыныштық таппаймын, – дейді оқушының анасы Алтын Ахмедиярова. Әйелдің айтуынша, факт бойынша ешқандай шара қолданылмай жатыр. Мектеп директоры желіге жарнаманы жариялаған адамды табуға тырысқанымен, еш нәтиже шықпапты. Тіпті, полиция қызметкерлері де қауқарсыз. – Баланың ата-анасы факт бойынша бізге арызбен жүгініп, онымен Зачаган полиция бөлімі айналысты. Істе қылмыс құрамы болмаған соң, ол жабылды. 25 қаңтар күні жәбірленушінің ата-анасы қайта шағым түсірді. Бұл жолы әлеуметтік желіде баласының сатылымға қойылғаны, суретімен тұрғаны жайлы жарнаманы көрсетті. Бұл істі тексердік, бірақ қылмыскер табылмады, сондықтан іс жабылды, – дейді Орал қаласы полиция бөлімінің баспасөз хатшысы Гуляман Исмағұлова. Полицияның осындай дәрменсіздігінен кейін ішкі істер органдарының ардагерлері де бұл жағдайды анықтауға тырысқан. Олар мектепке келіп, директормен кездесіпті. Зачаган полиция бөлімі бастығының орынбасары да келіп, тергеу ісі жалғасатынын айтқан. Бұл жағдайды білім басқармасының басшылығы да естіген. – Мектеп директорымен кездесіп, жиналыс өткіздік. Нәтижесі 15 күннен соң белгілі болады. Одан кейін ата-аналар жиналысы да ұйымдастырылмақ. Қазіргі уақытта оқушы сабаққа келіп жүр, – дейді Орал қалалық білім басқармасының бас маманы Жазира Рысқазиева. Баланың анасы осынша қорлық көрсетіп, шектен шыққан адамның өздерінен кешірім сұрағанын қалайды. Ал полиция тергеуді жалғастырып, жарнама авторын табамыз деп уәде беріп отыр. Мадияр ТӨЛЕУ