Тәуелсіздікті табанды еткен теңге
Тәуелсіздікті табанды еткен теңге

Тарихшылар мемлекеттіліктің бас­ты әрі төл нышандарының бірі ретінде ұлттық валютаны атайды. Мысалы, Еуропада байырғыда өз мо­нетасын шығарған кез келген қала – жеке мемлекет, корольдік деп танылған. Тиісінше, Қазақстан ау­мағында археологтер тапқан кез кел­ген шақта – қазақ жерін мекен еткен хандықтардың мемлекеттілігі мен тәуелсіздігінен хабар береді. Осы жағдайда 1993 жылғы 15 қара­шада ұлттық валютамыз – теңге­нің қолданысқа енгізілуі азат­ты­ғымыз­ды әлемге паш еткен тарихи оқиғаға, тәуелсіздік жолындағы тың бет­бұрысқа айналды.

 Әрине, ұлттық валютаны енгізуге деген талаптар 1992 жылы жасала баста­ған. Сол жылғы 27 тамызда Ұлттық банк теңге купюрасының алғашқы үлгілерін бекітті. Содан төл ақшамыздың алғашқы партия­сын аса құпия жағдайда Англияда басып шығарғаны мәлім. Теңгенің тарихтағы орны ерекше: ол ХХ ғасырдың соңында жаңа­дан тәуелсіздік алған қазақ елінің мем­лекеттілігін бекем­деді, экономикасына зор қуат берді, гиперинфляцияны ауыз­дықтауға ықпал етті, тәуелсіз қаржы жү­йесін іске қосу үшін айрықша маңызды болды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев теңгені – «шынайы азаттыққа қарай аса маңызды қадам» деп бағалады. Теңгенің бұл мәртебесі мәңгілік қалмақ. Өйткені 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тә­уелсіздігімізді құжат жүзінде рәсім­дегенімізбен, 1993 жылдың қарашасына дейін баяғыда күйреп қалған Кеңес Одағының сомы мен рубліне тәуелді едік. Теңгенің енгізілуі кез келген эко­номиканы құртып тынар құбылысты тыйды.

Көршілердің жолы басқа

Кейде экономистер «Қазақстан ұлт­тық валютаны кешігіп енгізді» деп қын­жылыс білдіріп жатады. Бірақ бұл байлам негізінен сол кездегі тарихи жағдайды білмегендіктен, не оның байыбына бар­ма­ғандықтан жасалатынға ұқсайды. Ол кезде аяқ астынан төл валютасын енгізе қоярдай Қазақстанда не қауқар, не тәжірибе болмады. Оның үстіне, аймақ­тағы қаржы нарығындағы ахуал тек бізге ғана байланысты емес еді. Сонымен бірге КСРО республикалары ірге ажырат­қанымен, экономикаларды көтеру, еңсе тіктеп кету үшін рубль-сом аймағында қалуға уағдаласты. Бұл мәмілені іле-шала Мәскеудің өзі бұз­ды. Ол өз станогынан басып шығара­тын жаңа ақшаны Қазақстанға бермей­тінін жариялады. – Төл валютаға күрт көшу­дің бәріміз үшін де ауыр зардабы болуы мүмкін еді. Алайда посткеңестік «рубль» аумағында әртүрлі келіспеу­шілік­тер мен түсініспеу­шіліктер туындады. Қолма-қол ақша же­тіс­пейтін. Қазақстан Үкі­ме­тінің өкіл­дері жалақы мен зейнет­ақы төлеуге қа­жетті ақша алу үшін Мәс­кеу­ге сабылуға мәжбүр болды. Ресейде атышулы баға ли­бер­­ализациясы жүргіз­ілді. Ізінше Ресей­дің ақша реформасын да бастай­тынын болжадым. Қазақстанға оның зардабы тимес үшін 1992 жылғы көктемде ұлттық валютаға көшуге әзірлік жөніндегі құпия комиссия құрылды. Комиссияның құрылғаны туралы мені қосқанда жеті-ақ адам білетінбіз! – деп еске түсірді бертінде Елбасы Н.Назарбаев. Тимур Сүлейменовтің басшылығымен бір топ суретші банкнот пен монеталардың дизайнын жасауға қызу кіріседі. Тұңғыш Президент жұмысын аяқтай сала  әр кеш сайын Алматы сыртындағы «теңге тобы» жұмыс істеп жатқан саяжайға баратын. Осы тарихи істің басы-қасында Тұңғыш Президенттің өзі жүрді.

Бір жыл бір күнге сығымдалған шақ

Кейін мәлім болғандай, топта ақша­ның атауына байланысты да үлкен дау болыпты. Біреулер оны «сом» қал­пында қалдыруды ұсынған. Енді біреулері «ақша» немесе «теңге» деп атауды ұсынды. – Маған «алтын» деген атау ұнайтын. Ақыр соңында орта ғасырларда біздің Дешті қыпшақ даласында айналымда болған, «тәңга» деп аталған ақша атауына орай «теңге» деген сөзге тоқтадық. Оның үстіне, орыстың «деньги» сөзінің «теңгемен» тегі бір, – дейді Н.Назарбаев. Елбасының айтуынша, одақтас рес­пуб­ликалардың ішінде Қазақстанға тас­қын­дай құйылған ескі үлгідегі рубль ел­дегі ақша массасын күрт ұлғайтты. Елде 2 400 пайыз гиперинфляция басталды. Дарынды драматург, жазушы Қалтай Мұхамеджановтың: «Базарға барсам, орыс кемпірі 1 келі алмаға 2 келі ақша сұрап отыр» дегені сол шақ болатын. Ескі сомның елге зардап әкеліп жат­қа­нын көрген ел басшылығы әзірленіп жатқан ұлттық валютаны шұғыл түрде басып шығарып, айналымға енгізуге тапсырма береді. Ұлттық валютамыз Ресейде емес, Ұлы­британияда басылды. Өз елімізде ол кезде қағаз ақша фабрикасы болмаған. Басып шығарылған теңге өте құпия жағдайда арнайы жүк ұшақтарымен Қазақстанға жеткізіліп отырды. – Әлі күнге анық есімде: біз қажетті қаржы тауып, теңгенің қалған бөлігін басып шығаруға кеткен шығынды өтедік. Төрт «ИЛ-76» ұшағын жалдап, басылған барлық валютаның 60 пайызын елге алып келдік. Ол үшін арнайы операция жүзеге асырылды. Кедендік құжаттарда ұшақ ішіндегі бағалы жүк «Мемлекет басшысы­ның салынып жатқан резиденциясына қажетті жабдық» ретінде рәсімделді, – дей­ді Елбасы. Әйтсе де, теңгені әкелумен іс бітпей­тін: оны енгізу – үлкен жұмыс. Комиссия мен жұмыс тобының мүшелері ұлттық валютаны айналымға жіберудің принципі мен шарттарын жасауға тиіс болды. Оның да әртүрлі нұсқалары қарастырылған. Украина мен Беларусьтегідей ұлттық валюта тұрақтанғанға дейін 1-2 жылдық өтпелі кезең белгілеу туралы ұсыныс ай­тылады. Мұндай жағдайда ұлттық валюта айналымда Ресей рублімен қатар жүреді, тек өтпелі кезең өткен соң ғана толық­қанды енгізіледі. Елбасы бұл нұсқадан бас тартты. Ол теңгені батыл түрде, бір күнде әрі тікелей енгізу керегін дәйектейді. Себебі өтпелі кезең – елді екіұдай етуге соқтырады: ал­ды­мен өтпелі кезеңге кіру, сосын 1 жыл­дан кейін түпкілікті валютаға көшу ар­қылы халықты екі рет күйзеліске тү­сіріп, психологиялық қысым жасауға бол­майтын. Сондықтан талқылаудан соң жұмыс тобы теңгені бірден айналымға енгізуге бірауыздан дауыс берді. Осы арқылы Қазақстан тез арада, 15 қарашада тәуелсіз ақша-несие саясатына көшіп алды.

Алтынымыз да азаттығымызға сеп

Теңге дизайнының ерекшелігімен жаһан жұртшылығын елең еткізді. Жаңа банкноттағы бірнеше қорғаныс деңгейі оны қолдан жасау мүмкіндігін жоққа теңестірді. Айтқандай, Қазақстан осы тұста әлемдік бір рейтингке алғаш рет кірді: төл валютасын енгізу қарсаңында, 1993 жыл­ғы 1 қарашада республика алғаш рет өзі­нің алтын валюта қоры туралы ақпаратты жариялады. Сол кезде Қазақстанның алтын-валюталық қоры 452 миллион дол­ларға бағаланды. Бір қарағанда, тұтас тәуелсіз мемлекет құру үшін өте аз сияқты. Бірақ сарапшылар айналымға жіберудің бастапқы кезеңінде ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге осының өзі жеткілікті деп таныды. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылғы қаң­тар айының қорытындысында Қазақ­станның алтын-валюталық резерві 35,6 миллиард долларды құрады. Бұған қоса, Ұлттық қордағы 58,7 миллиард доллар да мем­лекеттіліктің тұғырын нығайтуға үле­сін қосуда. 1993 жылғы 2 қарашада Қазақстан ресми түрде рубль аймағынан шығатынын мәлімдеді. Ресейден валюта тасу кілт тоқтатылды. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1993 жылғы 12 қараша күні «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы тарихи оқиғаға байланысты Қазақстан­дық­тарға үндеу жолдаған ұлт Көшбас­шы­сы тәуелсіз Қазақстан «мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуының өтпелі мезеті болған кезеңнен өткенін және жаңа уақыт басталғанын» жария етті. Нұрсұлтан Әбішұлының пайым­дауын­ша, осы оқиға біз үшін тек эко­номика­лық емес, сондай-ақ саяси мәнге ие еді. Жаңа банкноттар айырбастауға қа­жетті мөлшерде елдің аудандары мен банктеріне небәрі 8 күннің ішінде жет­кізілді. 15 қараша күні таңғы 08.00-ден бас­талған айырбас кешкі 20.00 сағатта аяқ­талды. Кешігіп қалғандарға 20 қара­шаға дейін ауыстыруға мүмкіндік берілді.

Мамандар байламы бағалы

Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаровтың мәліметінше, Балтық елдерін қоспағанда, бұрынғы одақтас республикалардың бәрінің ақша жүйесін 1991 жылдың соңына дейін – КСРО Мембанкі, ал 1992 жылдан бастап – Ресей Федерациясының Орталық банкі басқарды. «Дегенмен кезінде бірыңғай-ортақ болған қаржы-бюджет жүйесі 1991 жылдан кейін бірте-бірте ыдырап жатты. Одақтық бюджет жойылысымен, одан жан-жаққа тарайтын дотациялар да тоқтатылды. Одақтық бюджетке салық түспеді. Біз, банкирлер рубль аймағының да ертелі-кеш күйрейтінін түсіндік. Ай­мақты жүйелі қаржылық дағдарыс жай­лады, ол алапат экономикалық дағ­дарысқа ұласты. Дәл осы кезде, 1992 жылы қаңтар айында Ұлттық мемлекеттік банктің басқарма төрағасы болып тағайындалдым. Мемлекет уақыт жоғалт­пай, ақша-несие қатынастары саласын басқарудың жаңа жүйесін құру шарасын жүргізіп жатты. Бұл ортақ рубль айма­ғы­ның толық күйреуін күтпей-ақ барынша тіршілікке қабілетті өнеркәсіп кешендері мен ауыл шаруашылығын сақтап қалуға мүмкіндік берді» деп бағалайды Ғалым Байназаров. Сондай-ақ білікті экономистер, қар­жы­герлер теңгені енгізуге еліміз үлкен дайындықпен келді деген пікірде. «Шынында, мемлекет бұл іске әзір­лікпен келді. 1990 жылғы 25 қазанда егемендігін жариялай сала, Қазақстан төл банк жүйесін құруға қызу кірісті. Мысалы, 1990 жылғы желтоқсанда «ҚазКСР-індегі банктер мен банк қызметі туралы» заңы қабылданды. 1993 жылғы 13 сәуірде КСРО Мембанкінің Қазақ республикалық банкі Қазақстан Республикасының Ұлт­тық мемлекеттік банкіне айналды. Яғни, тәуелсіз ақша-валюта саясатын жүргізуге ел дайын еді. 15 қарашада елдің бүкіл аумағында ұлттық валюта қолданысқа жіберілді. Кеңестік 500 сом 1 теңгеге айырбасталды. Теңге енгізілетін күні барлық облыс жаңа банкноттармен қамтамасыз етілді. Ұлттық валюта күшіне ені­сімен, елдегі барлық банктің, шаруа­шылық субъектілерінің активтері мен пассивтері тегіс теңгеде қайта есептелді», – дейді қаржыгер С.Бекмырзаева. Сонымен, бір мезгілде валюталық интервенциялар жүргізу тәртібі әзірленіп, бекітілді. Банктерге валюталық операция жүргізуге лицензиялар таратылды. Экс­порт­тық операцияларды, кедендік ба­қылауды және кедендік алым-салық жинауды жаңа валюталық жүйеге көшіру іске асырылды. Мәскеуге тәуелді болып келген отан­дық қаржы нарығын дамуға ынталандыру және ішкі нарықта шетелдік валюта ұсы­нысын арттыру үшін 1993 жылы экс­порттық түсімдердің 50%-ын валю­талық биржада міндетті түрде сату режимі енгізілді. Бүгінде теңгені сынаушылар көп еке­нін әлгінде айтып өттік. 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілгенде ұлттық валютаның шетелдік валютаға шаққан­дағы бағамы 1 доллар = 4,7 теңге деп белгіленді. Алайда жаңа ғана тәуелсіздікке қол жеткізген, экономикасы тұралаған мемлекеттің валютасы осынша қымбат бағаланбасы белгілі еді. Ізінше бағамы құлдырай жөнелді: 1994 жылдың орта­сында қазақстандық валюта 10 еседей арзандап, 1 доллар үшін 45 теңге сұрала бастады. Кейін шамалы нығайғанымен, қалыпты құнсыздану процесі жалғасты. 1998 жылдың ортасында айырбас бекеттері 1 долларды 84 теңгеге саудалады. 1999 жылы ұлттық валюта 138 теңге меже­сіне дейін девальвацияланды. Қазір 1 доллар 420 теңге айналасында сатылуда. Бұл жағдай теңгеден басқа ақшасы жоқ қарапайым бұқараны қынжылтады, қы­жыл тудырады. Қалай болғанда, теңгенің тәуелсіздікті нығайтудағы рөлі ешқашан  девальвация­ланбайды, құнын жоғалтпайды. Сондық­тан теңгенің енгізілген күні – мәңгілік тарихымызға алтын әріппен жазылған оқиға саналады.

Айхан ШӘРІП