Қаламақы дауы бітпей тұр

Қаламақы дауы бітпей тұр

Белгілі жазушы Думан Рамазан Facebook парақшасында Қазақстан авторлар қоғамына қатысты бір мәселенің шетін шығарды. Ол өз парақшасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Марал Ысқақбайға хат жолдаған.

Қаржылық құжаттарды меншігіндей көріпті

Хатында жазушы екі жыл бұрын Авторлар қоғамына театр­ларда қойылып жатқан қойы­лымдарынан түсетін тиын-те­бенді білуге, бар болса, алып кетейін деген оймен бар­ғанын жазады. «Есеп-қисапқа жауап беретін қызметкеріңіз компьютерден аты-жөнімді қарады да, «150 мыңдай теңгеңіз бар екен, бірақ қазір бере алмаймыз, сот болып жатыр, сот біт­­­кен соң ақшаңызды міндетті түрде береміз!» деді. Содан өзіңізге кірдім. Ондағы ойым таныс­ты­ғымды пайдаланып, сол жинал­ған 150 мың теңгедей өз қаламақымды алып беруіңізді өтіну болатын. Сіз де сот болып жатқанын айтып, «оны дәл қазір алып бере алмаймыз, сот біткен соң береміз, ол өзіңнің ақ­шаң, ешқайда кетпейді» деп шы­ғарып салдыңыз! Содан сұрас­тырып көрсем, Авторлық қоғам үшін талас болып жатыр екен. Балнұр Қы­дырбек пен Байғали Есенәлиевпен соттасып жатыр екенсіздер! Амал жоқ, ың-шыңсыз екі жылдан аса уақыт соттың аяқ­талғанын күттік. Сот та аяқ­талды. Балнұр Қыдырбек пен Байғали Есенәлиев соттан жеңіп шықты. Енді ақшамызды алатын шығармыз деп ойладық. Содан Авторлар қо­ғамына барып, Байғали Есенәлиев­пен сөйлесіп, «жиналған ақша­мызды бер» дедім. Ол ақшамызды бере алмайтынын, өйткені Сіздің қажетті есеп-қисап құжаттарын то­лық өткізбегеніңізді айтты» деп жазады. Жазушы осы мәселе бойынша Марал Ысқақбайға хабарласып, мән-жайды анықтап, сұраған екен. Ол бүкіл құжатты бергенін, шын мәнінде құпия сөзді ұмытып қал­­ғанын, ал дискіні ашу қиын емес екенін, кез келген компьютерді же­тік білетін маман ашып береді дегендей жауап қайырыпты. Арада бір ай өткенде дра­ма­тургия кеңесінің төрағасы, та­­­лантты драматург Серік Асылбек, белгілі режиссер Ерсайын Тө­леу­бай, драматург, жазушы Сұл­танәлі Балғабаев төртеуі Авторлар қо­ғамына қайта барады. «Бүгін ақшамызды тағы тек­серттік. 150 мың түгілі, соқыр тиын жоқ. Сонда біздің ақшамыз қайда кетті?.. Осыдан екі жарым жыл бұрын біздің атымызға 150 мыңдай қаламақы түскен. Одан бері де екі жарым жылдай уақыт өтті. Ақ­шамыз көбеймесе, азаймауы керек еді ғой! Азаймақ түгілі, мүлде көзін құртып жіберіпсіздер!.. Ақылға ке­ліңіз, Аға! Мені қойшы, тіпті өзім­нің жеке қаламақымды аға ретінде өзіңізге байладым, 80-нен асқан жасыңызда мінгізген атым, жапқан шапаным болсын! Оған өкінбеймін де. Бірақ қайтыс болып кеткен замандастарыңыздың кейб­ір же­сірлері бар екен, сол қа­ла­мақыға қарап, жандарын бағып отырған. Олар да екі-үш жылдан бері қо­ғамнан бір тиын ала алмай отыр. Тым құрыса сондай көмекке зәру жандарды аясаңызшы, ойла­саңызшы!» деп жазады жазушы Ду­ман Рамазан әлеуметтік желідегі парақшасында.

Диск бар, құпиясөз жоқ

Бұл мәселенің анық-қанығын білмек болып, Қазақстан авторлар қоғамына хабарластық. Рес­публикалық қоғамдық бірлестіктің бас директоры Байғали Есенә­лиевтен барлық мән-жайды сұрап білдік. «Думанның жазып отыр­ға­нының барлығы рас. Ол кісі ал­дымен Марал Ысқақбайға ха­барласып, одан кейін біздің де пікірімізді білді. Осыдан екі-үш жыл бұрын оған «150 мың қа­ламақың бар» деп айтқан екен. Бұл – ол кісі басшылықта отырған кездегі оқиға. Кейін басшылық ауысып, Балнұр Қыдырбек төраға болып келгеннен кейін ол кісі соттың шешіміне де қарамастан, бүкіл бухгалтерлік құжаттарды дискіге көшіріп алып кеткен. Банкте тұрған ақшаны қай авторға береміз, қай шығармасы үшін береміз, ол қайдан түскен ақша екенін анықтайтын құжаттың барлығын алып кетіп отыр», – дей­ді бас директор. Бұл оқиғадан кейін басшылық бірнеше рет Марал Ысқақбаймен кездесіп, мәселені оң шешуге тырысқан екен. Балнұр Қыдырбек жазушының өзімен екі рет жо­лығыпты. «Бүкіл Қазақстан автор­ларын әуре-сарсаңға салмай, парасат биігінде дұрыс шешейік» деген ойын білдіріпті. Кейінірек Балнұр Қыдырбек, Марат Ілиясов, Байғали Есенәлиев үшеуі тағы барады. «Басшылықтың кесірінен авторлар жапа шекпеуі керек. Мұны біз бейбіт жолмен шешейік» деп айтыпты. «Авторлар қоғамы – респуб­ликалық қоғамдық бірлестік. Бұл ұйымды Марал Ысқақбайға дейін де бірнеше адам басқарған. Бұл кісі 2018 жылдың 15 қарашасында жал­пы жиналыс өткізіп, соның шешімі бойынша өзі қайтадан төраға болып бекітіледі. Сол жылы менің орныма (директорлыққа) орын­басарым Серік Исаев деген жігітті қоймақшы болғанында, автор­лардың барлығы қарсы болып, мені сол орында қайта қалдырған. Кейін 11 желтоқсанда өз еркіммен өтініш жазып, директорлықтан кеттім. Сөйтсе, наурыз айына дейін жалпы жиналыстың шешімін тіркетпей, жүре беріпті. Бір-бір жарым ай ішінде Әділет министрлігінде тір­келмесе, шешім заңсыз болып есеп­теледі. Наурыз айына дейін тіркелмегендіктен, қайта жиналыс өтіп, төрағалыққа Балнұр Қы­дырбек келеді. Бұл – 2019 жылдың наурыз айы», – дейді Байғали Есенәлиев. Алматы мемлекеттік универ­ситетінде жұмыс істеп жүрген оны шілде айында Балнұр Қы­­дырбек хабарласып, Авторлар қоғамына қайта жұмысқа ша­қы­рады. Б. Есенә­­лиевтің ай­­­­туынша, бұл кезде құжаттардың барлығы жоқ, тек ақша бар. Коллективке жұмыс іс­теуге тыйым салынған. Сөйтіп, сот процесі басталады. Ол бір жа­рым жылға созылыпты. Ол уа­қытта Қазақстан авторлар қо­ғамына ке­летін қаржының көбі тыйылып қалған. Осы кезде же­келеген ав­торлар құқығын қор­ғайтын ұйым­дар пайда бола бас­тайды. «Қалалық соттың шешімінен кейін Марал Ысқақбай өз ық­тиярымен бүкіл құжатты Балнұр Қыдырбекке тапсыруы керек еді. Амал жоқ, сот орындаушыларды жалдап, кеңсені, кеңседегі зат­тарды қайтарып алуға тура келді. Жаңа басшылық та жұмыс істеуі керек емес пе? Думанға берген жауа­бында: «кеңсемді тартып алған кезде 1C бухгалтериялық құжат­тарды неге алмады?» деп айтыпты. Ол кезде М.Ысқақбай құжаттарды бермеудің амалын істеп, Бас прокуратурада жүрген болатын. Содан бері біз ешқандай құ­жаттарды ала алмай отырмыз. Қа­былдап алған актіге қол қоймай отырғанымыз сондықтан», – дейді Байғали Есенәлиев. Осыдан бір-екі ай бұрын есеп-қисап құжаты деп, бір дискіні бе­­­ріп жібереді. Құпиясөзін де бе­ріпті. Алайда құпиясөзін қанша терсе де, диск ашылмай қойыпты. Демек, «бізге құпиясөзін беруден бас тар­тып отыр», – дейді жаңа бас­­шылық. «Егер Марал Ысқақбай дискіні ашатын құпиясөзді біл­мейтін болса, ол кісінің қызы Ай­ман ди­ректор­дың қаржы жөніндегі орын­басары болып қызмет атқарған. Ол кісі де бұл құжаттардан хабардар болуы керек. Бас бухгалтер де білуі ке­рек», – дейді бас директор. Сөйтіп, Авторлар қоғамы 2018 жылдың авторларға тиесілі қалама­қысын бере алмай отыр. Кез келген IT маманын шақырып, аштыруға тағы болмайды. «Өйткені онда 100 миллиондаған ақшаның есеп-қисап құжаты тұр. Егер дискіні өзіміз ашсақ, онда оның ішінде ештеңе болмай шықса, не іс­тейміз?», – дейді басшылық.

Жұмыс жүйеленгенмен, бәсекелестер де көбейді

Ал жаңа басшылық келгеннен кейін жұмыс ретке келіп, құ­жат­тардың бәрі жөнделіп, тиісті қа­ламақы да жөн-жосығымен беріліп келеді. Бір өкініштісі, жекелеген қоғамдық ұйымдардың көбейіп кетуі. «Бұдан авторлар жапа шегеді. Өйткені әр ұйым өзіне қарай тар­тады. Қазірдің өзінде төрт қо­ғам­дық бірлестік құрылды. Оның бәрі тіркеуден өтетін болса, театр, мей­рамхана сияқты авторларға қа­ламақы төлейтін ұйымдардың миы ашитын болады» деп отыр бас­шылық. Қалай десек те, авторлар бұдан зиян шекпеуі керек. Оларға ке­регі – Қазақстан авторлар қо­ғамына түсетін тиын-тебені ғана. Азын-аулақ қаржысы «ұс­тағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе» дейді. Ал қоғамдық бір­лестіктің ішінде болып жатқан дау-дамайдың оң шешімі болар деген ойдамыз.  

Айым БЕКТҰР