Жұмысшыға баспананы кім салмақ?
Жұмысшыға баспананы кім салмақ?
128
оқылды

«Үйі  жоқтың – күйі жоқ» дейді дана қазақ. Бүгінде Жамбыл облысында тұр­ғын үй құрылысы жылда жаңаша қар­қын­мен жанданып жатқанымен, кезекте тұрғандардың саны азаяр емес. Оған қоса, биыл баспана бағасы шарықтап, қос бүйірден тағы қысып тұр. Ал кәсіп­орындар мемлекеттік субсидияны пай­да­ланып,  жұмысшыларына  тұрғын үй тұрғызуға құлықты емес. Мұндайда қайт­пек керек? Бұқараны қалай және қа­шан баспана бақытына кенелте аламыз?

Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр  об­лыста 618 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілген екен.  Оның 155 мың шаршы метрі  көппәтерлі үйлер болса, 463 мыңы  жеке тұрғын үй. Алайда бұл теңізге тамған тамшыдай ғана болып тұр. Мұны біз емес, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі айтып, сала маман­дарының жұмысын сынады. – Қазір облысымызда 30 мыңнан аса адам бас­пана кезегінде тұр. Өткен жылы 618 мың шар­шы метр көлемінде тұрғын үйді  пайда­лануға бердік. Бірақ неге кезек азаймайды? Біз осының тетіктеріне үңілейік. Ол үшін үлкен құрылыс компанияларын тартуымыз керек. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен кәсіп­орындарды бұл бағытқа жұмылдырсақ, тұрғын үй мәселесі оң шешілер еді, – дейді облыс әкімі. Ал облыстық  Құрылыс басқармасы  басшысының міндетін атқарушы  Жайықбай Шалдаров биыл 721 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтады. – Өткен жылы 24,9 миллиард теңгеге 66 көпқабатты тұрғын үй салынды. Ал  биыл 74 тұрғын үйдің құрылысына 23,9 миллиард теңге бөлініп отыр.  «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша ауыл тұрғындары 108 үй салуға ниетті, – дейді Ж.Шалдаров.  Десе де, облыста 30 505 адам тұрғын үй ке­зе­гінде тұр. Яғни, үйлер салынып жатқанымен, кезекте тұрған халықтың саны еселеп артуда. – Былтыр көппәтерлі үйлерге  қарағанда жеке үйлер көп салынды. Егер біз осылай жалғастыра беретін болсақ, кезекте тұрғандар саны азаймайды. Біздің мақсатымыз – әрбір отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жеке қабылдаулар кезінде де, әлеуметтік желілерде де  жамбылдықтар тұрғын үй мәселесін жиі көтереді. Олардың дені өз кезегін он жылдан бері күтіп келе жатқанына шағымданады, – деді аймақ басшысы облыс әкімдігінде өткен жиында. Бердібек Сапарбаев сондай-ақ  мемлекеттік органдардың Ұлттық банктің филиалымен өзара әрекетін күшейту қажетін де баса айтты. Бұл орайда мемлекеттік бағдарламалардың берер мүмкіндігі мол. Бірақ оны өңір толық   көлемде пайдалана алмайды. Оған дәлел, Жамбыл облысы  «7-20-25» мемлекеттік  бағ­дар­ламасы бойынша рәсімделген несиелер саны бойынша өңірлер арасында тек  14-орын­да.

Қызметкермен 5 жылдық еңбек шарты бар жұмыс беруші маманына тұр­ғын үй салып берген жағдайда мемлекет та­рапынан оның 5 миллион теңгеге дейінгі құны қайтарымсыз субсидияланады.

«Отбасы банкі» АҚ қалалық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова «Шаңы­рақ» мемлекеттік  бағдарламасын жүзеге асыру бо­йынша облыс республика көле­мінде  сегізін­ші орында екенін,  ал «Бақытты отбасы» бағ­дар­ламасы шеңберінде былтыр  357 отбасы бас­паналы болғанын тілге тиек етіп отыр. Алайда бұл да алақайлайтын көрсеткіш емес. Бірақ маманның сөзіне сүйенсек, биыл қаңтар айында Тараз қаласында салынған жаңа тұрғын үйлердің бағасы үш пайызға өсіп кеткен. Бұл – соңғы бес жылда болмаған баға. Сондай-ақ  қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы да бес пайызға шарықтаған. Мұндай жағдайда   халық енді қалай баспана алмақ? Құрылыс басқармасы басшысының мін­детін атқарушы  Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, қазір   жұмысшылары үшін  ауылдық жерден  үй салған кәсіпкерлер үшін шығыны­ның бір бөлігін субсидиялау тетігі қарас­тырылып жатыр екен. Естеріңізде болса, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесінің жуырдағы отырысында бұл мәселені көтеріп, көпшілікті бір қуантқан. Алайда жамбылдық кәсіпкерлер игі бастамаға мұрын шүйіре қарап отыр.  – Мемлекеттік ынталандыру тетігі арқылы  ауылдардан  тұрғын үй құрылысын жүргізу жобасы енгізілуде. Қызметкермен 5 жылдық еңбек шарты бар жұмыс беруші маманына  тұр­ғын үй салып берген жағдайда мемлекет та­рапынан оның 5 миллион теңгеге дейінгі құны қайтарымсыз субсидияланады. Алайда  бағдарлама аясында аудандардан алдын ала жинақталған мәліметтерге сүйенсек,  бар-жоғы 43 шаруа қожалықтан 109 тұрғын үй құрылысын жүргізуге өтінім келіп түсті. Облысы­мыздың не­гізгі бағыты ауыл шаруашылығы бол­ған­дықтан, аталған бағдарламамен  аг­рарлық  салада қызмет ететін адамдарды тұрғын үймен мейлінше қамтамасыз етуге болады. Алайда аудан әкімдері тарапынан бұл бағдарлама бо­йынша тиісті жұмыстар ат­қарылмай отыр, – деді Құрылыс басқарма­сының бас­шысы. Міне, осылайша баспана мәселесі мен тұрғын үй кезегі жергілікті биліктің бас ау­руына айналып отыр. Жауаптылар түйткілдің түйінін әкімдіктің «әмиянынсыз» шешуді ойлағанымен, кәсіпкерлер қызметкерлері үшін тұрғын үй тұрғызуға құлық танытпайды. Ал қазына қаржысына салынған үйлер жыртыққа жамау ғана болып тұр. Ендігі үміт – «Қазфос­фат», «Еврохим», Talas Invest ment сынды ірі компаниялар Мемлекет басшысының бастама­сына үн қосып, жұмысшылары үшін үй тұрғызады деген сенімде. Егер олар да бас тартса, әңгіме басқаша болмақ...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы