Бадамда балық қырылды
Бадамда балық қырылды
252
оқылды

Әлеуметтік желіде 8 наурыз күні Шымкент қаласының аумағына кіретін Бадам өзенінде балық қырылып жатыр деген ақпарат шықты. Тиісті сала мамандары бірер күнде ондаған келі өлі балық жинады. Алайда  балықтың неден қырылғаны әлі анықтала қойған жоқ.

Біз тиісті сала мамандарынан мәселенің мән-жайын сұраған­быз.  Шымкент қаласы Экология департаментінің бөлім басшысы Серік Сарбасов бүгінде ол мәселе бойынша зерттеу жасалып жатқа­нын жеткізді. «Бадам өзеніне Сайрамсу өзенінің құятын тұсы бар. Өлген балықтар осы аумақ­тан табылып жатыр. Осы жерден бастап қырылған.  Зерде­леу жұмыстары жүріп жатыр. Кеше сонда болғанбыз. Бүгін таң­ер­тең мамандар тағы сонда кетті», – дейді бөлім басшысы. Бадам өзені Түркістан об­лысы­ның Төлеби, Сайрам, Ор­дабасы аудандарының және Шым­кент қаласының аумағы ар­қылы ағып өтеді. Өзеннің  ұзын­дығы – 141 шақырым. Балық инспекциясының қыз­мет­керлері су мен жағалауды өлі балықтардан әлі тазартып жатыр.  Арал–Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орын­басары Мейіржан Өмір­әлиев осы ақпарат 8 наурыз күні таңертең Instagram әлеуметтік желісіне шыға салысымен  шұғыл жұмысқа кіріскенін айтады. Оқиға орнына Шымкент қаласы­ның Экология департаменті, та­биғатты қорғау полициясы және ветеринарлық қызмет өкілдері  барған.  «Мұнда  Эко­логия, Сани­тарлық-эпи­демиология­лық ба­қылау департамент­тері,  ветери­нарлық қызмет ма­ман­дары ба­лықтардың неден қы­рылғанын анықтау үшін өзен­нен сынама алып кетті. Бадам өзені балық шаруашылығына кіретін су айдыны емес. Алайда қала аума­ғына кіретін өзен болған соң бұл жұмыстармен де айна­лысуға тура келеді. Өзеннің суы таудікі бол­ғандықтан, мұнда шармай (ма­ринка) балықтары жүреді. 8 нау­рыз күні түс ауғаннан бастап ин­спекторлар өлі балық­тарды жи­наумен айналысты. Кешке дейін 20 келідей өлі балық жиналды. Бүгін таңнан бері 10 келіге жуық балық жиналып алынды. Бар­лығын да залалсыз­дандыратын боламыз», – дейді Мейіржан Ибрагимұлы. Ұзындығы 141  шақырымды құрайтын Бадам өзені әлі де өлі балықтан тазартылып жатыр. Мамандар мұндай жағдайдың бұ­рын-соңды болмағанын жет­кізді.  Болжам бойынша балықтың қырылуына жаңбыр және тасқын судан судың сапасы мен ондағы температураның өзгеруі де себеп болуы мүмкін. Айтса айтқандай-ақ, соңғы апталарда Шымкент қаласында жиі жаңбыр жауып, ауа температурасы да өзгеріп тұр. Тағы біреулер өзенге химиялық заттар төгілуі мүмкін деген бол­жам айтады. Бадам Алайда Мейіржан Өмірәлиев СЭС судың сынама қорытынды­сын екі тәулікте анықтаса, эко­логиялық және ветеринариялық қо­рытындылар жұма күні дайын болатынын айтады. Сонымен, әзірге Бадам өзеніндегі балықтың қырылу себебі беймәлім болып тұр. Зертханалық зерттеулер нә­ти­жесін күтетін боламыз.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы