Ақбас сиырға айрықша көзқарас керек
Ақбас сиырға айрықша көзқарас керек
481
оқылды
Парламент Сенатының 6 ақ­пандағы отырысында депутат Дүйсенғазы Мусин Премьер-Министр А.Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Он­да елімізге танымал түлік – қа­зақтың ақбас тұқымды сиы­­ры­на қатысты мәселе кө­те­рілді. Ақбас тұқымды танымал деуіміз­дің себебі баршаға мәлім бол­са керек. 1930-1950 жылдар ара­лығында бірнеше селекциялық жұ­мыстың нәтижесінде пайда бол­ған жаңа тұқым қазақ даласына тез бейімделіп, жерсініп кетті. Кеңес үкіметі 1931-1932 жылдары 800 бас асылтұқымды бұқа сатып алады. Осылайша, герефорд пен жергілікті қазақ, қалмақ сиырының қоспасынан шыққан тұқымға 1950 жылы ғылыми тұрғыда «қа­зақтың ақбас сиыры» деген атау берілді. 1950-1990 жылдар ішін­де жүйелі түрде жүргізілген селек­ция­лық жұмыстар ақбас сиыр­дың елімізде кең таралуына жол ашты. Қазақстанның климаттық ерек­шелігіне төзімді тұқым «зеңгі баба» тұқымының өзге түр­леріне қарағанда аса үлкен күтім­ді қажет етпейді. Күні ұзын бордақы­лауда тұратын өзге ірі қара­мен са­лыс­тырғанда өз аяғымен жайылыста жүріп-ақ қоң жинап, семіруге бей­імділігімен ерекшеленеді. Алайда ақбас тұқымның даму көрсеткіші о бастағы әлеуетіндей емес, әсіресе тоқсаныншы жыл­дар­дағы то­қырау кезінде қасап­қа түсіп, саны күрт азайған. Тұқымның өнімділігі өзінің негіз­гі стандарттарынан 44 пайызға ке­міген. Сенатор Д.Мусин Үкімет басшысына жолдаған сауалында саладағы бірқатар мәселені ашып көрсетті. Соның бірі – қолда­ныс­тағы мал шаруашылығын дамыту мемлекеттік бағдарлама аясындағы кемшіліктер. «Бұл саланы қолдауға бағытталған субсидиялардың тиім­ділігі өте төмен, өңделген өнім экс­портын ұлғайту мәселесі отан­дық өң­деушілерді шикізатпен қамтамасыз ету проблемасына тірелуде. Оның бір дәлелі, өткен жылы экспортталған 156 000 тірі ірі қара малы, өкінішке қарай, соның ішінде он мыңдай аналық бас шетке сатылған. Қорыта айт­қанда, бұл малдың ресурстық мүм­кіндіктерін ұлғайтуға және тектік әлеуеті жоғары отандық тұқым­ды көбейтуге бағытталған асыл­дандыру жұмыстарының жүйесі қа­лыптаспаған», – деп атап көрсетті Д.Мусин депуттатық сауалында. Дегенмен, ақбас тұқымды да­мытуда республикада біршама жұмыс қолға алынғанын да айта кеткен жөн. «Қазақтың ақбас тұ­қымы» республикалық палатасы атқарушы директорының орын­басары Нұрлыбай Қажғалиевтің айтуынша, 2011 жылы палата жұ­мысын бастаған кезде аталған тұқым бойынша 78 мыңдай мал болса, қазір саны артып 356 мың басқа жеткен. Бүгінде респуб­ликада ірілі-ұсақты 1 300-дей ша­руа­шылық ақбас сиыр өсіріп отыр. «Малдың тұқымын сақтауда 30% генетикалық мәселеге ті­релсе, қалғаны азықтандыруға бай­ланысты. Жем-шөп қорын дайын­дау, қажетті азықпен қамту жағынан, әрине мәселе бар. Дегенмен кейбір ірі шаруа­шы­лықтар оның да жолын тапты. Ақбас тұқымы бұрыннан қазақ жеріне бейімделген, жайылымға үйренген тұқым. Төлі тәулігіне 800-900 грамм қосып отырады», – дейді Н.Қажғалиев.
Жоғарыдағы депутаттық сауа­­лында сенатор бес мәсе­лені атап көрсетеді. Бірінші­ден, асыл­­тұқымды мал шаруашы­лы­­ғы­ның тиімді жүйесін құру мақ­­­са­тында заманауи нормативтік-құқықтық база қалыптастыру. Яғни, заңнамалық базаны жетіл­діру. Екіншіден, әлеуеті жоғары отандық тұқым – қазақтың ақ­бас сиыры жайлы арнайы бағдар­лама қабылдау қажет. Үшінші – жұмыстың сапасын бағалау, ақбас сиыр шаруашылығының жауап­кершілігін нақтылау. Төртіншіден, малшы тапшылығын шешу, малшының мәртебесін белгілеу. Жоғары оқу орындарында мал шаруашылығына квота белгілеу. Бесіншіден, сапалы асылтұқымды түлік қорының сақталуына көңіл бөлініп, жем-шөп қоры база­сын күшейту мәселесі. Сенат депу­таты өз сауалында осы негізгі проб­лемаларды көтере келе ғалымдар мен фермерлердің ұсыныстарын ескеру керектігін айтады.
Иә, қазақтандық фермер үшін малшы қат болып отырғаны рас. Ауылдағы жұмыссыз жанның мал бағуға мойын бұрмауының бір себебі – жалақының төмендігі. Табыс көзі – тірі мал болғандықтан, фермердің ай сайын тұрақты түрде бес-алты малшыға айлық төлеп тұратын жағдайы жоқ. Жұмысшыға жалақы беру үшін мал сату керек. Екіншіден, көп адамның ата кә­сіптен ажырап, мал бағуды қиын көретін жағдайға жетуі. Яғни, ауыл­дағы мал баққан шаруаның баласы кәсіпті жалғастырудан «так­сист» болып, қалаға адам тасы­ғанды жөн көретін болған. Сон­дықтан сенатор айтып отырған мал­шыға арнайы мәртебе беру мәселесі ойланарлық жайт. Себебі «мал – баққанға бітеді». Бағушы табылмаса төрт түліктің басы да өспейді, ет экспорты жайлы бағдарлама да қағаздағы күйінде қалуы әбден мүмкін. Үшіншіден, шаруашылықта кә­сіби маманның тапшылығы. Жыл сайын мыңдаған студент оқу бі­тіріп шыққанымен ауылға бар­майды. Оның үстіне, елімізде ве­те­ринар маманға ауылдық квота қарастырылғанымен, зоотехникке квота жоқ. «Жақында Германияның шаруашылықтарын араладым, немістер әкелі-балалы болып осы салаға бейімделеді екен. Ал бізде қожалық иесі баласын басқа салаға оқуға жібереді де, ертеңінде маман таппай отырады. Осы мысалды фермерлерге айтып жүрмін. Ба­лаңызды мал шаруашылығы сала­сына оқытыңыз деп. Бұл проб­леманы осы әдіс арқылы шешуге болады», – дейді «Қазақтың ақ­бас тұқымы» республикалық пала­тасы атқарушы директорының орын­басары Нұрлыбай Қажғалиев.    width=Бауыржан БАЗАР