Жалғызбасты ана баспаналы болды
Жалғызбасты ана баспаналы болды
Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарасу ауылының тұрғыны,  жалғызбасты ана Дариға Аманбаеваға Nur Otan партиясы Қарасу бастауыш партия ұйымы төрағасының ұйымдастыруымен баспана салып берді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков қуаныш иелерінің шаңырағына барып, отбасының бүгінгі тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған 3 баланың анасы қонақтарды шашу шашып қарсы алып, алғысын білдірді.
– Қамқорлық деген – қанымызда бар асыл қасиет. Жанашыр бола білуді, жү­рек жылуымен қол ұшын созуды адам­ның аза­маттық парызы деп білуіміз ке­рек. Қолынан келгенше ел болып, бауыр болып, көрші болып бір-біріне аяққа тұру­ға қолғабыс бола білген жөн. Қуанышта­рыңызды көріп, толқып тұрмын, – деді жаңа қоныс иелері­мен кездескен облыс әкімі.
Түркістан облысында жүзеге асып жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беруді меңзейді. Жақсы іске жанашыр ізгі ниетті, ақ тілеулі азаматтар әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж жандарға тұрмысқа қажетті заттарын, көмір, отынын молынан үйлестіріп жатыр. Жақын уақытта Қарасу елді мекеніндегі тағы бір отбасы тұрғын үй тауқыметінен құ­­ты­лады. Қамқорлықты қажет ететін Абдуалиев­тер отбасына арнап үй салынуда. Аталған жұмысқа бастауыш партия бел­сен­ділері, ауыл тұрғындары, мәслихат депу­таттары демеушілік жасады. «Қамқорлық» бағдарламасы аясында партиялықтар алдағы уақытта көмекке мұқтаж отбасыларға баспана салып беруді жалғастыра береді. Жалпы, облыс бойынша 2 мыңға жуық отбасына жоба аясында жан-жақты қамқорлық жасалу көзделген.   Әбілмансұр ЖАСАН