Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарасу ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Дариға Аманбаеваға Nur Otan партиясы Қарасу бастауыш партия ұйымы төрағасының ұйымдастыруымен баспана салып берді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков қуаныш иелерінің шаңырағына барып, отбасының бүгінгі тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған 3 баланың анасы қонақтарды шашу шашып қарсы алып, алғысын білдірді.
– Қамқорлық деген – қанымызда бар асыл қасиет. Жанашыр бола білуді, жүрек жылуымен қол ұшын созуды адамның азаматтық парызы деп білуіміз керек. Қолынан келгенше ел болып, бауыр болып, көрші болып бір-біріне аяққа тұруға қолғабыс бола білген жөн. Қуаныштарыңызды көріп, толқып тұрмын, – деді жаңа қоныс иелерімен кездескен облыс әкімі.Түркістан облысында жүзеге асып жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беруді меңзейді. Жақсы іске жанашыр ізгі ниетті, ақ тілеулі азаматтар әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж жандарға тұрмысқа қажетті заттарын, көмір, отынын молынан үйлестіріп жатыр. Жақын уақытта Қарасу елді мекеніндегі тағы бір отбасы тұрғын үй тауқыметінен құтылады. Қамқорлықты қажет ететін Абдуалиевтер отбасына арнап үй салынуда. Аталған жұмысқа бастауыш партия белсенділері, ауыл тұрғындары, мәслихат депутаттары демеушілік жасады. «Қамқорлық» бағдарламасы аясында партиялықтар алдағы уақытта көмекке мұқтаж отбасыларға баспана салып беруді жалғастыра береді. Жалпы, облыс бойынша 2 мыңға жуық отбасына жоба аясында жан-жақты қамқорлық жасалу көзделген. Әбілмансұр ЖАСАН