Мәулен Әшімбаев: Әлеуметтік кәсіпкерлерге жүйелі қолдау көрсетіледі
Мәулен Әшімбаев: Әлеуметтік кәсіпкерлерге жүйелі қолдау көрсетіледі
5,096
оқылды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесіп, «Әлеуметтік инновациялар хабының» жұмысымен танысты. Кездесу барысында Палата Спикері әлеуметтік кәсіпкерлік үшін кадр даярлау мәселесіне және бірқатар әлеуметтік жобаға назар аударды.
«Мемлекет басшысы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне баса мән беріп отыр. Бұл саланың әлеуеті зор. Бірқатар дамыған елдерде әлеуметтік нысандар экономикаға айтарлықтай оң әсерін тигізуде. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру және әлеуметтік кәсіпкерлерге қолдау көрсету – қоғамның даму көрсеткіштерінің бірі», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Президенттің тапсырмасына сәйкес Парламент депутаттары әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң жобасын дайындағанын, ол құжат наурыз айында Сенат қабырғасында таныстырылатынын атап өтті.
«Заң жобасы Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді. Бұл – әлеуметтік кәсіпкерлік туралы түсінік пен оның негізгі міндеттерін белгілейтін маңызды заң жобасы. Сондай-ақ, осы саланы қолдаудың нақты тетіктерін қалыптастырады. Атап айтқанда, депутаттар әлеуметтік кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін қарастыруды, оларға грант түрінде қаржылай қолдау көрсетуді, несиеге және мүлікті жалға алуға субсидиялар беруді ұсынып отыр. Заң жобасы еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікке жүйелі қолдау көрсетуді көздейді», – деді Сенат Спикері.
Кездесу барысында қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлер сауатты бизнес-жоспар жазуда және инвесторлар мен әріптестер тартуда түрлі мәселелерге тап болатыны, олардың маркетингтің негіздерін біле бермейтіні туралы да сөз болды. Сондықтан Мәулен Әшімбаев заң жобасында бұл мәселелер ескеріліп, соның нәтижесінде әлеуметтік кәсіпкерлердің кәсіби біліктілігін арттыратын оқулар ұйымдастыру, консультативтік, методикалық және ақпараттық қолдау көрсету жұмыстары қарастырылатынын атап өтті. Кездесуде «Астана» халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев әлеуметтік кәсіпкерлік саласы үшін мамандар даярлау мәселесі және оқу орнының базасында ашылған «Әлеуметтік инновациялар хабының» жұмысы туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, Хаб базасында әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған инновациялық жобаларды жетілдіру және оларды іске асыру жұмыстарымен бірге әлеуметтік кәсіпкерлік саласында қолданбалы зерттеулер жүргізіледі. Одан бөлек, Хаб алаңында әлеуметтік кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлардың және грант берушілердің кездесулері ұйымдастырылады. Өз сөзінде Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Эмин Аскеров мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік және қолданбалы мәселелерін шешуге арналған «Мейкатон» республикалық байқауы туралы айтты. Алдағы уақытта байқауға қатысушылар үшін қойылатын талаптардың бірі әлеуметтік жобалар бойынша бизнес-модельдердің тұрақтылығы мен оның коммерциялық әлеуетінің маңыздылығы болмақ. Аталған байқауды осы наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, кездесу кезінде әлеуметтік кәсіпкерлік өкілдері саланы дамытуға қатысты өз ойларымен бөлісіп, бірқатар нақты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев әлеуметтік аз қамтылған отбасыларындағы дарынды балаларға арналған Балалар шығармашылық мектебінің ашылуына қатысты. Бұл жерде жеткіншектер тәжірибелі ұстаздардан, белгілі суретшілерден және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлерінен тәлім алады. Әр топтың 30 пайызы көпбалалы отбасыларындағы, ата-аналары құтқару операцияларында және құқық қорғау саласындағы қызмет барысында қайтыс болған балалардан құралады. Айта кетейік, іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, пен өзге де мемлекеттік қызмет өкілдері, сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының белсенділері қатысты.