Қарағандыда көпқабатты үй өртеніп, 1 адам қаза болды, 19 адам құтқарылды

Қарағандыда көпқабатты үй өртеніп, 1 адам қаза болды, 19 адам құтқарылды

Қарағанды қаласында көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, мамандар 19 адамды эвакуациялады. Ысты газға уланған қарт әйел жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды, деп хабарлайды Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Қарағанды қаласы Күзембаев көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама 10 наурызда сағат 03:26-да түскен. Шақыру орнына жеткен өрт сөндірушілер кіреберістегі түтінді байқаған. Газ-түтіннен қорғау қызметінің екі тобы барлауға, кіреберістегі тұрғындарды құтқаруға және эвакуациялауға жұмылдырылды.

«Қатты түтіннің салдарынан 4-қабатта орналасқан пәтерден өз бетінше эвакуациялануға тырысқан анасы мен баласы табылды. 1946 жылы туған әйел газдан уланып, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды», - делінген хабарламада.
Өрт сөндіруші-құтқарушылар автосатының көмегімен осы кіреберістің пәтерлерінен 4 адам, оның ішінде 3 баланы құтқарды. Сондай-ақ, баспалдақ арқылы 15 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды. Бесінші қабаттағы пәтерден екі адам ауруханаға жатқызылды, ана мен бала иіс тиіп уланған. Жалын 1-қабаттағы баспалдақтың астында орналасқан ағаш қоймадан шыққан. Өрт сөндірушілер жанып жатқан қоймадан сыйымдылығы 27 литр бос газ баллонын алып шықты. Өрттің жалпы ауданы 3 шаршы метрді құрады. Өрт болған жерге Қарағанды облысы ТЖД-нің 12 адамы мен 3 техникасы жұмылдырылды. Қабылданған шаралармен өрт сағат 03:49-да сөндірілді. Алдын-ала болжам бойынша өртке ашық от себеп болған.