Дубай шаһарында 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында Дүниежүзілік EXPO көрмесі өтеді. «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» тақырыбында, оның ішінде «Мүмкіндік», «Мобильділік» және «Тұрақтылық» деген ұғымдардан тұратын көрмедегі павильонға Қазақстан 9 млрд қаржы бөлген. 3,7 млрд монтаж және құрастыру жұмыстары мен инженерлік-техникалық желілер тартуға, 2,9 млрд ішін толықтыруға, қалғанын павильонды қайта бұзып елге жеткізуге жұмсау жоспарланған. Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов 10 млрд доллар инвестиция тартуды көздеп отырғанын жеткізген болатын. Жақында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстан Дубайдағы EXPO көрмесіне жұмсалатын қаражаттың қайта қаралуы мүмкін екенін хабарлады. Осы орайда, бюджет қаржысын көрмелерге жұмсау қаншалықты тиімді екенін туризм саласының мамандарынан сұрап көрдік.
Адай СЕКЕНҰЛЫ, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымының доценті:
– Көрме экономикасы мемлекет бюджетіне оң әсерін береді. Қазіргі таңда әлем елдері көрме экономикасын туризмнің бір саласы ретінде дамытуды қолға алды. Шетелдік университеттердің туризм факультетінде көрме экономикасы деген мамандықты оқытады. Бұл көрме экономикасына сұраныстың бар екенін көрсетеді. Қазақстанға да көрме бейтаныс емес. Елімізде өткен жобаға қанша қаржы кетті, кіріс қандай екені туралы әлі жан-жақты есеп берілген жоқ. Бірақ 2017 жылғы көрме Қазақстанның имиджін көтерді. Энергияға тәуелді экономика дүниежүзінде сыр бере бастады. Осы тұрғыда біздің экономикада да мәселелер туындап келе жатыр. Сондықтан да экономикалық құрылымға өзгерістер енгізу керек. Мәселен, мемлекет туризм саласын қолға алды. Қазақстанның орналасқан географиялық орнына байланысты біз климаттық шектемелерге өте қатты ұшыраймыз. Әсіресе, туризм саласы мезгілге тәуелді. Туризмді дамыту үшін алдымен көрме экономикасын қолға алуымыз керек. Туризм саласында мәселені шешетін өнімді жолдардың бірі – көрме экономикасы.
Биылғы көрмеге бөлінген қаражатқа келсек, Дубай мен Қазақстанды салыстыруға келмейді. Халықаралық қаржы орталығы, сауда орталығы болуына байланысты ол жерде еңбек күші өте қымбат. Еңбекақысы жоғары. Мысалы, елордада бір құрылысшыға 100-200 мың теңге арасында айлық берсе, Дубайда – 2 млн шамасында. Құрылыстың әр шаршы метріне қанша ақша кетеді дегендей нормативтік өлшемдері болады. Мәселен, елордада салған үй мен Таразда салған үйдің бағасы әртүрлі. Дубайдікі де Қазақстаннан әлдеқайда жоғары. Сондықтан осындай дүниелерді салыстыра ойластыру керек. Одан кейін халықаралық сатып алу қабілеті деген болады. Дүниежүзілік банктің өлшемі бар. Долларды өлшем етіп алатын болсақ, біз бір долларға елімізде сатып алатын затты Дубайда ала аламыз ба, жоқ па? Егер осы есеппен қарайтын болсақ, Дубайда салған құрылыстың Қазақстанда екеуін немесе үшеуін салатын шығармыз.
Айгүл ЖАНСЕРІКОВА, Aigul Line компаниясының директоры, «Қазақ өнер» шеберлер орталығының жетекшісі:
– EXPO-да біздің ел әлемдік трендтермен қатарласа алады. Әлем қандай бағытқа жылжыса, біз де сол көшпен ілесіп келе жатқанымызды білдіру керек. Әлемде орнымыз болмаса, бізде экономика да, туристер де, тіпті экспортымыз да жақсы деңгейде болмайды. Сол үшін әлем Қазақстанның жаңаша қырларын жан-жақты, осындай жобалар арқылы тануы керек. Бірақ миллиардтар қайда кетіп жатыр? Ол халықтың ақшасы ғой. Сондықтан жұмыс істеп, бюджетке салық төлейтін әр адамның қай тиынның қайда кетіп жатқанын сұрауға қақысы бар. Мәселен, 2015 жылғы Милан көрмесіне өз ақшаммен барып, біздің павильонды тексеріп шықтым. Ол жерде көңілім толмаған тұстар жетерлік. Мысалы, «У бабы Тани» деген кафе болды. Қазақстан ол жерге неге сондай кафе қояды? Қазақстанның кафесінің аты қазақша болуы керек қой. Ал сол кафенің ішінде өзбектің бес-алты кестесі ілініп тұрды. Оның бәрін түсіріп алдым. Біздің мәдениетіміз емес. Ана жерде өзбектің өз павильоны бар. Біз оларды неге жарнамалауымыз керек? Сосын қырғыздың дүниелерін кәдесый ретінде сатып тұрды. Қолөнер шебері ретінде жылағым келді. Неге қазақтың шебері осыдан пайда көрмейді? Неге біздің қазақтың қалтасына ақша түспейді? Неге ана жерде қырғыздың киізін сатамыз? Неге өзбектің кестесін қоямыз? Тіл десе – тіл білеміз. Өнер десе – өнері де бар. Біздің жетістіктер – осы елдің ақылының нәтижесі. Ал адамның потенциалын дұрыс пайдаланбау – басқа мәселе. Егер біз өз жетістіктерімізді емес, басқа біреудің затын жарнамалап жатсақ, мемлекет дамымай қалады.
Әлия ЖАҚЫПҚЫЗЫ, Arnai Tours туристік фирмасының коммерциялық директоры:
– Біріншіден, EXPO – өте жақсы жарнама құралы. Сондықтан көрме бізге келуі ықтимал туристері бар Америка, Канада, Еуропадағы дамыған 20 елдің қатарына кіретін мемлекеттерде болса, қатысу керек. Оның қатарына БАӘ-ні де жатқызуға болады. Ал аса дамымаған елдерде өтетін көрмеге шығын шығару қажет емес деп санаймын. Әмірліктер Қазақстан үшін өте жақсы нарық. Біздің ел мұсылман мемлекеті болғандықтан, арабтардың қызығушылығын тудыра аламыз. Біріншіден, халал тамақтан қиындық жоқ. Одан кейін біздегідей әсем табиғат оларда жоқ. Қазақстандағы аң-құстар арабтар үшін қызық болуы мүмкін. Сондықтан ол жақтағы көрмеге қатысқанымыз дұрыс. Бір жағынан 9 млрд доллар – өте үлкен сома. Бұл ақшаны сол Әмірлікте агрессивті жарнама жасауға жұмсауға болатын еді. Телеарналардан прайм тайм уақытында роликтер көрсетіп, халықтың құлағын үйрете беру керек. Бір жыл бойы Қазақстан туралы ести берген соң адамның бұл елді барып көргісі келеді. EXPO-дан кейін экологияға жаны ашитын адамдардың саны артты. 2017 жылғы EXPO-ға Швейцарияның планетада адамдар ғана тұрмайтынын айқайлап айтуы жаңа толқын алып келді. Мысалы, Алматыда ауаның ластануына қарсы петицияға қол жинау – осының әсері деуге болады. Ал туризм жағынан алатын болсақ, тек шетелге шығуға мүмкіндігі жоқ қарапайым халық үшін ғана пайдалы болды. Ал сырттан ағылып келді деп айта алмаймын. Мысалы, «инфо тур» деген бар. Шетелден арнайы тур фирмалар шақырылады. Олар келіп, бәрін тегін аралап кетеді. Кейін өздері көрген жерлерге тур ұйымдастырып, турист әкелуі керек. Бірақ ол жерде туризмге қатысы жоқ есепшілер, тур операторлардың туысқандары, жалпы айтқанда, пайдасыз адамдар келді. Тур жасайтындар келген жоқ. Орыстар көбіне Мальдив аралдарына, Испанияға, Италияға барады. Бізге іссапармен жүретін кәсіпкерлер келеді. Олар бос уақытында ғана саяхаттауы мүмкін. Мысалы, Көлсайға, Алтын Емелге, Шымбұлаққа баратын бір-екі күндік турларға барады. Ал олардың арасында EXPO-ға шақыратын кісілер болған жоқ.