Биыл қандастарды қабылдау квотасы қысқарды
Биыл қандастарды қабылдау квотасы қысқарды
1,091
оқылды
Қазақстанда қандастарды қабылдаудың 2020 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді. Биыл Үкімет қаулысына сәйкес, 1 378 адамға квота берілмек. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 653 адамға аз. Былтыр 2031 адамға квота бөлінген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған қаулыны қабылдау­дың мақсаты –Үкімет белгілеген өңірлерде қандастарды оңтайлы орналастыру. 2020 жылы квота былайша бөлінді: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы бойынша – 350 адам, Ақмола облысы бойынша – 258 адам, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 150 адам, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 120 адам. Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкер­лікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде субсидия бе­ріліп, қолдау көрсетіледі: көшуге – отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (84,2 мың теңге), тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК (36,1-ден 72,2 мың теңге) төленеді. Ал 2019 жылы Үкімет 2 031 адамды қамтитын қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасын бекітті, ол былайша бөлінген: Қостанай облысы бойынша –  815 адам, Павлодар облысы бойынша – 550 адам, Ақмола облысы бойынша – 306 адам, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 250 адам, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 110 адам. Жалпы алғанда, 2019 жылы 17 661 этникалық қазақ немесе 9 993 отбасы тарихи Отанына оралып, «оралман» мәртебесін алды. Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі аккаунтында атажұртқа көшіп келген отан­дастарды «оралман» емес, «қан­дас» деп атауды ұсынған  еді. Бұл ұсыныс қоғамда қызу тал­қыланып, халықтың пікірі қақ жарылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл мәселе заң жобасында талқыланатынын және болашақта заң қабыл­дан­са, «оралман» ұғымы «қандас» сө­зімен ауыстырыла­ты­нын мәлім­деген. Алайда министр­ліктің бүгінгі хабарламасында екі термин араласып жүр. Бұл «өгізді де өлтірмей, арбаны да сын­дырмай», екі ортадан жол табу­дың амалы ма, әлде баспасөз қызметінің салғырттығы ма?   Ерсайын БАҒДАТ