Қазақстанда қандастарды қабылдаудың 2020 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді. Биыл Үкімет қаулысына сәйкес, 1 378 адамға квота берілмек. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 653 адамға аз. Былтыр 2031 адамға квота бөлінген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған қаулыны қабылдаудың мақсаты –Үкімет белгілеген өңірлерде қандастарды оңтайлы орналастыру. 2020 жылы квота былайша бөлінді: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы бойынша – 350 адам, Ақмола облысы бойынша – 258 адам, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 150 адам, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 120 адам. Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде субсидия беріліп, қолдау көрсетіледі: көшуге – отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (84,2 мың теңге), тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК (36,1-ден 72,2 мың теңге) төленеді. Ал 2019 жылы Үкімет 2 031 адамды қамтитын қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасын бекітті, ол былайша бөлінген: Қостанай облысы бойынша – 815 адам, Павлодар облысы бойынша – 550 адам, Ақмола облысы бойынша – 306 адам, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 250 адам, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 110 адам. Жалпы алғанда, 2019 жылы 17 661 этникалық қазақ немесе 9 993 отбасы тарихи Отанына оралып, «оралман» мәртебесін алды. Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі аккаунтында атажұртқа көшіп келген отандастарды «оралман» емес, «қандас» деп атауды ұсынған еді. Бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланып, халықтың пікірі қақ жарылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл мәселе заң жобасында талқыланатынын және болашақта заң қабылданса, «оралман» ұғымы «қандас» сөзімен ауыстырылатынын мәлімдеген. Алайда министрліктің бүгінгі хабарламасында екі термин араласып жүр. Бұл «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», екі ортадан жол табудың амалы ма, әлде баспасөз қызметінің салғырттығы ма? Ерсайын БАҒДАТ