Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Қарағандысай қыстағында малдан қарасан ауруы анықталып, карантин жарияланды. Бұл туралы Облыстық ветеринария басқармасы хабарлады.
Биыл ақпанда Байғанин аудандық ветеринария станциясына «Мерей К» ЖШС-ның ветеринар дәрігері Әкімжан Ташмағамбет хабарласып, сиыр өлгенін айтқан.«Төрт өлексені ветеринариялық зертханада зерттеді. Облыстық зертхана 2 наурыз күні қарасан ауруын анықтады. Эпизоотиялық тексеруден соң құжат Байғанин аудандық аумақтық инспекциясына жолданды. 4 наурыз күні қыстақта шектеу енгізу үшін Қарауылкелді ауылдық округінің әкіміне ұсыныс жіберілді», – деді Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Күлсара Жақыпова.
Шаруашылықта 120 сиыр мен 90 жылқы бар. Қарасанның анықталуына байланысты Қарағандысай қыстағында карантин жарияланды.