Ақмола облысында мереке күні із-түзсіз жоғалған әйел іздестіріліп жатыр
Ақмола облысында мереке күні із-түзсіз жоғалған әйел іздестіріліп жатыр
106
оқылды
Полицейлер мен волонтерлер Бурабай кентінде із-түзсіз жоғалған әйелді іздестіріп жатыр,– деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Ақмола облысында 8 наурыз күні хабар-ошарсыз кеткен 48 жастағы Зеренді ауданы тұрғынының жүрген жері айтылған. Жұбайының ұшты-күйлі жоғалғаны туралы жолдасы келесі күні 9 наурызда хабарлаған. Ер- азаматтың айтуынша халықаралық әйелдер күні үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен әйелі сол күйі үйіне оралмаған.
«Полицияға адамның ізім-қайым жоғалғаны туралы арыз түскеннен кейін жедел іздестіру шаралары басталды. Шара барысында әйелдің облыс орталығы арқылы «inDriver» көлігімен Айыртау ауданына жолға шыққаны анықталды. Сонымен қатар, криминалды полиция бөлімі қызметкерлерімен әлі де болса ақпан айында із-түзсіз жоғалған Бурабай кентінің тұрғыны Бибігүл Қизатқызы Уаисованы да іздестіру жүріп жатыр»,– дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Полицияға жүгінген әйелдің бауыры әпкесінің 11 ақпанда үйден шығып, сол күйі оралмағанын хабарлаған. Қазіргі уақытта іздеу шараларына полицейлермен бірге Щучинск қаласының «Лидер КЗ» волонтерлері мен басқа да ерікті адамдар белсене қатысуда. Олар бірлесе әрекет ете отырып, Бурабай кентінің барлық аумағын, кенттен құс фабрикасына дейін, сонымен қатар иесіз қалған кәсіпорын аумағын түгелдей сүзіп шыққан. Сонымен бірге полиция қызметкерлері жоғалған әйелдің туыстары мен таныстарын анықтап, жоғалған күні әйелді көруі мүмкін достары мен көршілерінен сұрастырған. Полицейлер Бибігүл Уаисованың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білген адамдарға құқық қорғау органдарына немесе 102 телефонына хабарласуды сұрайды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы