Оқушыларға арналған жазғы мектептердің ұлттық бағдарламасы іске қосылады

Оқушыларға арналған жазғы мектептердің ұлттық бағдарламасы іске қосылады

Оқу үлгерімі нашар балаларға арналған жазғы мектептерді іске қосу жоспарланып жатыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында хабарлады.

"Оқу үлгерімі төмен оқушылар мәселесіне назар аудара отырып, білім сапасын қалпына келтіру шараларын жүзеге асыру ісін жалғастырамыз. Пандемияға байланысты, әрине, білім сапасы төмендеді, сондықтан біз оқушыларымыздың білімін жетілдіру үшін жұмыс істейтін боламыз. Оқу нәтижелері төмен оқушыларға арналған жазғы мектептердің ұлттық бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы жұмыс шеңберінде біз жеке білім беру ұйымдарына қосымша білім алуға мүмкіндік беру үшін конкурстық негізде мемлекеттік тапсырыс орналастырамыз",– деді министр.
Ол елімізде 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшу қарастырылып жатқанын айтты. Математика, шет тілдері және информатика сияқты басым бағыттарға ерекше назар аударылатын болады. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін алғаш рет типтік оқу жоспарларын тексеру және тестілеу қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, оның айтуынша, оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі. Сарапшыларға арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады.