«Қағазсыз» Қазақстан
«Қағазсыз» Қазақстан
Жуырда ЕАЭО елдерінің Үкімет басшылары қатысуымен Digital Almaty халықаралық форумы өткен болатын. Цифрландыру мәселесіне арналған шараға алыс-жақын шетелдерден 400-ге жуық адам қатысты. Форумда сөз сөйлеген Премьер-Министр А.Мамин Үкіметтің жұмысын цифрландыруға баса назар аударды. 2022 жылы мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру 80 пайыздық көрсеткішке жету керегін еске салды. – «Мемлекеттік қызмет көр­се­­туді цифрландыру не үшін ке­рек?» деген сауалға, біріншіден, бұл азаматтардың да, мемлекеттік органдардың да уақытын үнем­дейді. Екіншіден, жемқорлықтың ал­дын алуды қамтамасыз етеді. Үшін­шіден, бюджет қаражатын үнем­деуге септігін тигізеді, – дей­ді сарапшылар. Түптеп келгенде, бұл – заман талабы екені анық. 2017 жылдың 12 желтоқ­са­нын­да сол кездегі Үкімет бас­шы­сы Бақытжан Сағынтаевтың қау­лысымен 2018-2022 жалдар­ға ар­налған «Цифрлы Қазақ­стан» мем­лекеттік бағдарлама­сы қа­был­данды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 108 683 142 теңге қарасты­рыл­ды. Мақсаты: «Ортамерзімді перс­пективада республика эко­но­микасының даму қарқынын жеделдету және цифрлы техно­ло­гия­ларды пайдалану есебінен ха­лықтың өмір сүру сапасын жақ­сарту, сондай-ақ ұзақмерзімді пер­спективада Қазақстанның эко­номикасын болашақтың цифрлы экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшіруге жағ­дай жасау» делінген бағдар­лама паспортында. Бізді қызықтырып отырғаны – мемлекеттік органдар жұ­мы­сы, яғни мемлекеттік қызмет көр­сетудің цифрлануы. Себебі бү­гінгі таңда ел азаматтарын қа­жы­татын мәселенің бірі – қағаз­бас­тылық екені ешкімге жасырын емес. Атал­ған бағдарлама жос­пары бойын­ша 2022 жылға қарай элек­трон­ды түрде алынатын мем­ле­кет­тік қызметтердің үлесін 80%-ға жеткізу көзделген. Былай­ша айт­қанда, бір мемлекеттік ме­кемеден екін­ші біреуіне қағаз та­сып сан­далу азаймақ. Бір ғана мы­сал, 2019 жылдың 1 қара­ша­сы­нан бастап ме­кенжай анықтамасы алынып тас­талды. Сол себепті аза­маттар­дан бұл құжат талап етіл­мейді. «БҰҰ аясында есептелетін Ақ­параттық технологиялық ком­муникациялар (АКТ) дамуының не­гізгі әлемдік рейтингі – ICT Development Index-те Қазақстан 2016 жылы 175 мемлекеттің іші­нен 52-орын алды. Бағдарла­ма­ны және өзге де стратегиялық бағыт­тар­ды іске асыру нәтижесінде елі­міз рейтингте 2022 жылға қарай – 30-орынға, 2025 жылға қа­рай – 25-орынға, 2050 жылға қарай 15-орынға дейін көтеріледі» делінген бағдарламада. Бүгінгі таңда цифрландыру процесі әлемдегі барлық елде қарқынды жүріп жатыр. Әл­бет­те, әрбір ел цифрлы даму­дың ба­сымдықтарын өзі айқындайды. «Сингапур, Оңтүстік Корея, Жа­ңа Зеландия, Қытай және Дания сынды мемлекеттер цифрландыру бойынша алдыңғы қатардан көрініп отыр» дейді сарапшылар. Қытай «Интернет плюс» атты бағ­дарлама арқылы цифрлы ин­дустрияны қолға алса, Канада ел­дің ең ірі қаласы То­ронтода Ақ­параттық техноло­гиялық ком­муникациялар (АТК) хабын жа­сады. Ал Сингапур драйвері АТК болатын «ақылды экономиканы» қалыптастырады, Оңтүстік Корея «креативті эко­но­мика» бағдар­ла­масында адами капиталды, кәсіп­керлікті дамы­туға және АТК са­ла­­сындағы же­тістіктерді таратуға машықтанып жатса, Дания мем­лекеттік сек­торды цифрлан­ды­ру­ға баса назар аударуда. Соңғы енгізілген жаңа­лық­тың бірі – телефонның SIM-кар­тасына жазылған электронды цифрлы қолтаңба. Оның көме­гі­мен ұялы телефон иесі, соның ішінде ескі үлгідегі телефон ар­қы­лы да мемлекеттік қызметті ала ала­ды. Ол үшін қысқа нөмірге SMS-хабарлама жіберіп, оны SIM-картаға жазылған өз мобиль­ді қолтаңбасы арқылы растайды. Қорыта келгенде, қоғамның қай саласын болса да цифрлан­дыру – XXI ғасырда заман көші­нен қалмауға ниетті мемлекеттерге артылып отырған миссия тәрізді. Қазақстан Үкіметі осындай зама­науи миссияны дұрыс атқарып, ел азаматтарының «қағазсыз» Қа­­зақстанда өмір сүруіне жағдай жа­сайды деп сенейік.   Жолдас ӘДІЛХАНОВ