Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Жамбыл облысында болған полицейлермен қақтығыста 8 адам қайтыс болғанын айтты Ішкі істер министрінің мәліметінше, 7 ақпанда сағат 19:00-де Жамбыл облысы полиция департаментіне Қордай ауданы Масанчи ауылының маңында 70-тен аса адам төбелесіп жатқаны туралы ақпарат түскен.
"Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін оқиға орнына дерек полиция қызметкерлері жіберілді. Сол жерде болған адамдар төбелесіп, видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Салдарынан басқа ауылдардан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылып кеткен. Екі тарап бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданған. 8 адам қайтыс болды, 40 адамнан астам жарақат алды. Арасында қарудан зардап шеккендер де бар. Жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына ішкі істер органдарының қосымша күштері жіберілді", - деп хабарлады министр ОКҚ брифингінде. Еске салайық, бұған дейін 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Сартөбе және Масанчи ауылдарында полицейлерге шабуыл жасалып, жаппай төбелес шыққаны мәлім болған. Тоқаев Қордай ауданындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол оқиғаны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын мәлімдеген болатын. Кейін Президент Жамбыл облысындағы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасап, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жайлы мәлімдеме жасаған.