Алтын тонналап заңсыз өндірілуде
Алтын тонналап заңсыз өндірілуде
95
оқылды

Асыл металдар мен тастардың заңсыз айналымын тыю үшін жауапкершілік қайта қаралуы тиіс. Бұл жайында Мәжілістің жалпы отырысында палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді. Жиында депутаттар Еуразиялық одақ аясында «Бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді» ратификациялайтын заң жобасын мақұлдады.

Құжатты талқылау барысында депутаттар заңсыз айналым үшін жазалау бөлігінде одақтас елдердің заңнамасын өзара үйлес­тіру мәселесін көтерді. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Қазақ­станда бағалы металдар мен тастардың заңсыз айналымына ар­­налған баптар қылмыстық сипаттан арылған, ал Ресей мен Беларусьте керісінше, осындай құ­­қық­бұзушылықтар үшін қылмыстық қудалау көзделген. – Бізде тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл салынады. Ал құнды металдарды ұрлау, олардың заңсыз айналымы тыйылмай тұр. Ке­рісінше, олардың саны жылдан-жылға өсуде, – деген Мәжіліс Төрағасы тек «Қазақ Алтын» кәсіпорнында 2015-2020 жылдар аралығында 32 мыңнан астам заңсыз алтын іздеушілер ұсталғанын хабарлады. 2019 жылдың ақпан айынан 2020 жылдың қыркүйек айына дейінгі аралықта 5 722 заңсыз іздеуші ұсталып, полицияға тапсырылған. Олардың 80%-ы ізінше қайта қылмыс жасаған. Н.Нығматулин бағалы металдарды заңсыз іздеушілерді айыппұлдар тоқтата алмайтынын тә­жірибе көрсетіп отырғанына назар аударды. Мысалы, сарап­шы­лар­дың бағалауынша, елімізде заңды түрде өндірілген әрбір 3 тонна алтынға заңсыз өндірілген 1 тонна келеді! Мәжіліс Спикері бұл қылмыс­тарға қарсы түрлі шара қабылданып жатқанымен, тиісті нәтиже болмағанын айтты. Сондықтан құ­зырлы орган өкілдеріне жазаны күшейтуге қатысты нақты ұсыныс­тар қажетін және ол депутаттар тарапынан қолдау табатынын ескертті. Айта кету керек, келісім Еуразиялық экономикалық одақ аясында бағалы металдарға және асыл тастарға қатысты операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктерін айқындайды. Сондай-ақ заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғалардың бағалы металдар мен асыл тастарды іздеу, өндіру, сату секілді операцияларды жүзеге асыру қызметіне байланысты құқықтық қатынастарға жаңа тәртіптер қолданылады. Отырыста депутаттар Қа­­­зақ­стан мен Қырғыз Республи­ка­сының үкіметтері арасындағы «Көші-қон саласындағы ынты­мақ­тастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын құптап, Сенатқа жолдады. Н. Нығ­­­­матулин бір апта бұрын қырғыз президенті елімізге мемлекеттік сапармен келгенде қос мем­­лекет басшылары азаматтар мен көлік құралдарының еркін қозғалысы үшін келісімді шаралар қабылдау мәселелеріне мән бергенін еске салды. – Бұл заң жобасы екі ел үшін де өте маңызды! Себебі мемлекеттеріміздің өзара әріптестігі барлық салада өте тығыз. Мысалы, былтыр Қырғыз Республикасынан елімізге 250 мың азамат келген, ал осы елге Қазақстаннан 175 мың азамат барған. Елдеріміз арасындағы көші-қон мәселесін дұрыс реттеу үшін осы Келісімді ратификациялап отырмыз, – деді Мәжіліс Төрағасы. Оның айтуынша, бұл құжат заңсыз көші-қонға қарсы күресте екі елдің ынтымақтасуына, көші-қон процестерін реттеуге, қос аза­маттық фактілерінің жолын кесудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айхан ШӘРІП