Басты міндет – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту
Басты міндет – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту

Кез келген қоғам үшін халықтың әл-ауқаты, білім беру және денсаулық сақтау саласының сапасы, инфрақұры­лымның дамуы алдыңғы шепте тұратын мәселе. Себебі бұлар – мемлекеттің даму деңгейінің көрсеткіші. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеп, аталған мәселелер бойынша алдағы жұмыстар туралы айтып өткен еді. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты ретінде өз ойымды ортаға салуды жөн санадым.

Жалпы, біз кез келген дүниені ырымдап, әр нәрсені қасиет тұтатын халықпыз. Жаңа құрамдағы Мәжіліске мүше болуымыз да Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Расында, бұл екі оқиға мен үшін ғана емес, бүтін еліміз үшін аса маңызды. Себебі бұл – өткен 30 жылды қорытындылаумен бірге жаңа белеске аяқ басу. Мемлекетіміз «орда бұзар» жасқа толып отыр. Көптеген қиындықтарды артқа тастап, ендігі жаңа биіктерді бағындыруға бет түзеп келеміз. Біздің осы уақытқа дейінгі жүріп өткен жолымыз еліміздің ертеңгі келбетін қалыптастыруда. Бұл тұста, ел Президенті ендігі міндет – әді­летті қоғам құру екенін атап өтті. – Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және ­әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсатта ауқымды жұмыс­тарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз, – деген болатын Мемлекет басшысы. Расында, әділетті қоғам құру көптеген қордаланған мәселелерді шешуге ұйытқы болады деп есептеймін. Себебі бұл өте ау­қым­ды, елдегі барлық салаларда өзгерісті қажет ететін мәні кең ұғым. Құқықтық мемлекеттің түп негізінде дәл осы әділетті қоғам құруға деген ұмтылыс жатыр. Бүгінде бүкіл әлем ашықтық пен әділеттілікке негізделген, адамгершілік пен білімді басшы­лыққа алған қоғам құруға ұмтылып келеді. Жалпы, қазақ даласындағы тарихи тұлғалардың мұрасын ақтарсақ, мұндай ізгілікке ұмтыл­ған қоғам құру біз­дің көптеген ойшылдарымыздың асқақ арманы, аңсаған мұраты болғанын білеміз. Әл-Фараби, Шәкәрім мен Абайлардың шы­ғар­маларында қазақ даласында ешкімге тәуелсіз, білімді жастары мен білікті мамандары бар елдің ұрпағы өмір сүрсе деген ізгі тілекті көреміз. Әрине, бұл үлкен күшті, қыруар еңбекті талап ететін дүние. Дегенмен 30 жыл бойы біз осы мақсатта дамып келе жатқанымыз көңіл қуантарлық жайт. Аталған жиында Қасым-Жомарт Тоқаев көздеген мақсатқа жету үшін қандай басымдықтар бойынша жұмыс істеу керек екенін айтты. Президент атап өткен басым бағыттар айқын, түсінікті әрі тиімді. – Осы бағыттағы реформалар жүйені байыппен орталықсыз­дандыруды, мемлекеттік аппаратты жаңғыртуды, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруды және барлық үдерісті цифрландыруды қамтиды. Сол арқылы мемлекеттік аппарат барынша ықшам, ашық әрі тиімді, ал ше­шім қабылдау үдерісі икемді және айқын болады. Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Яғни, мәселенің түп қазығы да дәл осы қоғам мен билік арасындағы сенімді орнатуға, ол үшін барлық құралдарды қолға алуға келіп тіреледі. Осы бағытта аянбай тер төгу көптеген мәселелердің түйінін шешуге сеп болары анық. Бұдан бөлек, Президент алдағы уақытта тиімді әлеуметтік саясатты жүзеге асырып, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғырту, отандық зейнетақы жүйесі секілді әлеуметтік инфрақұрылымның негізі саналатын бағыттар бойынша жұмыс істеу мәселелерін тілге тиек етті. Шын мәнінде, аталған салалардың жұмысын жандандыру өте өзекті. Пандемия кезінде біз көп нәрсенің парқын түсіндік, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында, ел экономикасында көптеген өзгеріс болып жатыр. Мұның барлығы терең пайымды, дәл әрі нақты сараптаманы қажет етеді. Бұдан былай да әлем көшінен қалмай, ғаламдық өзгерістерге төтеп бере алу үшін біз талмай тер төгуіміз керек. Бұл үшін, әрине Абайша айтсам, «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап», діттеген мақсатқа ұмтыла түскен жөн.

Әлия ӘБСЕМЕТОВА, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі