Жарылғапов шыққан биік

Жарылғапов шыққан биік

Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына – 30 жыл. Осыған орай, «Nur Otan» партиясы қазақ спортына еңбегі сіңген даңқты спортшылар мен бапкерлерді насихаттау, олардың жеңісті жолдарын үлгі ету мақсатында ақпараттық жұмысты қолға алды.

Бүгінгі кейіпкеріміз – Октябрь Жарылғапов. Қасиетті Түркістаннан түлеп ұшқан спортшы әрі бапкер. Жоғары оқу орнында бiлiм алып жүрген кезiнде волейболға деген қызығушылығы оянады. Күндiз-түнi жаттығу залынан шық­паған түркiстандық түлек жоғары оқу орындары арасындағы жарыстарға қатысып, мамандардың көзiне түседi. Алдымен «Авангард», одан кейін 1956 жылы жаңадан құрылған «Буревестник» командасына қабылданады. 1955-1958 жылдары рес­пуб­лика чемпионы атанды, Қазақстан құрама командасы мен «Буревестниктiң» жаттықтырушысы, капитаны әрi белдi ойыншысы болды. Октябрь бас­таған оғландар алғашқыда төменгi лигада ойнағанымен, болашағы бар команда екенiн бiрден аңғартады. Одақ көлемiндегi байрақты бәсекелерде ерекше өнерiмен көзге түскен команда капитаны О.Жарылғапов 1961 жылы ең үздiк 24 волейболшының қатарына енiп, КСРО-ның спорт шеберi атағын алады. Команда мүшесi әрi бапкерi бола жүрiп, ерен еңбегiмен танылған ол талай талантты жастарды спортқа баулыды. 1962 жылы Қазақ мемлекеттiк физкультура институтын сырттай бiтiрiп, жо­ғары бiлiмдi бапкер атанды. Өзi тәмамдаған оқу орнында оқытушы, «Буревестник» командасында бапкер әрi капитан мiндетiн атқарған саңлақтың шә­кiрт­терi 1965 жылы кiл мық­тылар өнер көрсететiн «А» тобында ойнап, 8-орынға ие болады. Волейбол сардары 1962 жылы Қазақ КСР-нiң, 1965 жылы КСРО-ның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы атағына ие болды. Ал бұл кезеңде Октябрьдiң «Буревестнигi» одақтың «менмiн» деген командаларын мойындата бастады. Алматылықтар 1966 жылы төртiншi, 1967 жылы үшiншi,  1968 жылы күмiс жүлдегер атанады. Жыл өткен сайын жоғары өрлеген команда мақсатына жетiп, 1969 жылы КСРО чемпио­ны атанып, үздіктердің қатарына енеді. Олимпиада және Еуропа чемпиондарын баптаған Жарылғаповтың есімі қазақ спорты тарихында мәңгі сақталады. Тәуелсіз Қазақстанның жасөспірімдері мен жастары осындай тұлғалардан үлгі алуы керек.

Әбілмансұр ЖАСАН