Араға жыл салып, Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы драма театр есігі қайта айқара ашылды. Театрдың алғашқы премьерасын асыға күткен көкшелік көрермен «Шыңхыс хан» драмасының билетін ту-талақай етті. Сатылымға шыққан алғашқы күні-ақ билеттер түгел сатылып кеткен.
Дегенмен сақтық шаралары ескеріліп, театрдың жиырма пайызына ғана көрермен толтырған. «Шыңғыс хан» – коронавирус басталғалы бері қойылған алғашқы қойылым. Режиссері театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов. Пьесаны қазақшаға аударған журналист Серік Жетпісқалиев. Қойылым сонау орта ғасырларда тұтас Азия мен Еуропаны аузына қаратып, жарты әлемді уысында ұстаған Шыңғыс ханның тұлғалық кескін-келбетін ашуға бағытталыпты. Моңғол империясының негізін қалаған Шыңғыс дәуірінің алғашқы қалыптасқан кезеңдерінен бастап оның қандыбалақ досы Жалмұқамен арақатынасы, көрші елдерге жасаған қанды жорықтары қойылымда көрініс тапты. Жалмұқаның сатқындығы, бәйбішесі Бөртенің көрегендігі, бақсының болашақты болжауы, махаббат пен сезім, батырлық пен ержүректілік шынайы бейнемен көрерменнің қиялына ерік берді. Әрине, бір жыл бойы театрды сағынған көрермен сілтідей тынып, сахнасын аңсаған актерлер спектакльге ерекше әзірленгені байқалады. «Спектакль көрерменге өте жақсы әсер қалдырды. Көптен бері қойылым көрмегендіктен, шынымен де бір серпіліп қалдық. Барлық актер өз рөлдерін тамаша сомдап шықты. Көрермен театрын, актер сахнасын сағынып қалыпты. Бұл қойылым өзін көшпенділердің ұрпағымын деп санайтын кез келген адамға өр рух береді. Қайратын шыңдап, алға ұмтылуына әсер етеді, – дейді көрермендердің бірі Гәкку Асылбекқызы. Бас кейіпкер Шыңғыс ханның рөлін театр актері Медет Хамзин, Бөртені актриса Ғалия Қорабаева, Жамуханы Зүлкәпіл Батихан ойнады. Көшпенділер тарихында бақсы шамандар айрықша орын алатыны белгілі. Көк тәңірі мен отқа табынып, жерге иелік еткендер бақсыға келіп болашағын болжататын болған. Тіпті, Шыңғыс хандай алып баhадүрлер Табиғат-ана мен Жер-ананың тілін ұғатын бақсыларды іздеп жүріп алдыртқаны қойылымда сәтті көрініс тапты. Спектакльде бақсының рөлін мәдениет саласының үздігі, театр әртісі Дархан Әубәкіров сәтті орындап шықты. Қойылымның соңы дәуірлер бойы жалғасқан қантөгіс пен соғысты тоқтатуды ана мен сәбидің құдіретіне бас июге негізделді. Қойылым соңында әскерлердің қару-жарақтарын лақтырып, сәбиі бар ананы көкке көтеру арқылы бейбітшілік пен тыныштықты ана мен баланың ақ адал ниеті ғана тоқтата алатынымен қойылымның шарықтау нүктесі қойылды.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы