Желге ұшқан миллиондар
Желге ұшқан миллиондар

Ақмолада мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй мен мемлекеттік мекеме ғимараттарын жөндеуге миллиондаған қаражат бөлініп келеді. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаң­ғырту мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында қазынаның біршама қаржысы шы­ғындалған.

Мемлекеттің бюджеті есебінен Кеңес үкіметі кезінен бері жөндеу көрмей, тозығы жеткен ғимараттардың өңі кіріп, қабырғалары қақырап, іргелері сөгіле бастаған үйлер түзетілуі тиіс болған. Иә... «болған». Дегенмен осы бюджеттің ақшасынан миллиардтар бөлініп жөнделген мемлекеттік мекемелер мен үйлердің сапасы сын көтерер емес. «Жең ұшынан» жалғасып кетті ме, әлде басқа себеп болды ма? Жүздеген ғимарат пен мемлекеттік мекемелерге жасалған жөндеу мен жаңғырту жұмысының жай-жапсарын білу үшін тиісті мемлекеттік органдар басшыларымен тағы бір тілдесіп көрген едік. Арада 6-7 жыл өтпестен жақында жөнделген ғимараттар мен үйдің шатырлары түп орнымен көкке көтерілді. Яғни, миллиардтардың біршама бөлігі желге ұшты! Енді қайтадан бюджеттің бүйірі тесіліп жатыр. Дауылдан тас-талқан болған үйлердің шатырларына миллиондаған қаржы тағы шығындалды. Бұл жерде де «бармақ басты, көз қыстымен» бағасы арзан әрі сапасыз материалдар құрылысқа қолданылды ма деген күдік туындайтыны түсінікті. Расында, солай болып шықты. Былтыр Көкшетау қаласында жел ұшырған үйлердің шатырларынан тілшілер түсірген бейнематериалдар осыған айқын дәлел. Естеріңізге сала кетсек, былтыр сәуірдің 7-8-і аралығында Ақмола облысында секундына 30 метр жыл­дамдықпен қатты дауыл соғып, облыстың 14 аймағында тұр­ғын үй мен ірілі-ұсақты басқа да ғимараттың, әлеуметтік және коммерциялық нысандардың шатырлары ұшқан. Көкшетау қаласы әкімдігі таратқан ресми мәлімдеме бойынша, тек облыс орталығында ғана 4 ғимараттың шатыры ұшып, 10 аялдама павильоны мен 4 жарнама нысанына зақым келген еді. Дауыл салдарынан Шевченко, Темірбеков, Әуезов көшелері, Бармашино ауданы және Көз орталығы шаршы аумағындағы элек­тр таратқыш желілерге зақым келген. Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сенсек, дауылдан облыс аумағында 276 шатыр ұшып кеткен. Оның ішінде 2012 және 2015 жылдары күрделі жөндеуден өткен ғимарат шатырлары да болған. Деген­мен басқарма басшысы Иван Юрчен­коның айтуынша, күрделі жөндеудің «төзімділік уақыты» аяқталып қалған. «Табиғи апат болған сәтте жүргізілген күрделі жөндеудің кепілді мерзімі өтіп кеткен. Соған қарамастан бұл үйлердің де шатырлары толығымен қалпына кел­тірілді», – дейді ол бізге берген сұх­батында. «Ақмола облысының әкімдігімен зардап шеккен нысандар мен тұрғын үй ғимараттарының шатырларын жылдам қалпына келтіру мақсатында табиғи апат­тан үйлер мен әлеуметтік нысан­дарды дереу қалпына келтірудің тиісті Жол картасы жасалды. Бағыттар бо­йынша әрбір нысанға облыстық бас­қармалар мен жергілікті атқарушы ор­ган­дардан жауапты тұлғалар бекітілді. Табиғи сипаттағы, яғни боранды да­уылдың салдарынан болған төтенше жағдайдан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіруге жергілікті бюджеттен 506,6 миллион теңге, оның ішінде об­лыс­тық бюджеттен 192,9 миллион және аудандық бюджеттен 313,7 миллион теңге бөлінді. Қатты дауылдан зардап шеккен 276 шатырдың екеуі 2012 және 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бірақ боран болғанда бұл үйлердің күр­делі жөндеу бойынша кепілді мерзімдері өткен болатын. Дегенмен бұл үйлердің шатырлары да толығымен қалпына кел­тірілді» деп атап өтті Ақмола облысының Энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқармасының басшысы Иван Юрченко. Ал өткен жылғы 7-8 сәуір күні дауылда шатыры түгелдей ұшып кеткен үйлердің бірі Көкшетау қаласы Әуелбеков көшесі 166-үйдің шатырына «Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық­ты жаңғырту мемлекеттік бағдарламасымен «жөндеу» үш жыл бұрын жасалған. Тұрғындар әлі күнге дейін аталған жөндеу үшін ай сайын 2  500 теңгеден төлеп келеді. Әлі 15 жыл уақыт бойы осы қаражатты төлеуге тиіспіз, – дейді олар. «Тұрғын үйді жаңғыртуды дұрыстап жасаса, мұндай болмас еді. Қазір ешкім жоқ. Ешкімге ештеңе керегі жоқ. Был­тыр­ғы дауылдан кейін шатырымызды жөндеген. Бірақ шатыр дәл бұрынғыдай қаңылтырмен қапталды. Түн ішінде қаңылтырдың шатырлаған дауысынан шошып оянатын кезіміз аз болмайды. Дәл жолдың қарсы бетіндегі қос қабатты үйге жөндеу жасалған. Бірақ оларға кә­дімгідей шифермен дұрыстап жасалды. Ал біздің үйдегі шатырдың жөндеуіне көңіліміз толмайды. Тағы бір қатты дауыл болса шыдай ма, шыдамай ма? Оны уақыт көрсетеді. Ауа райына қатты жел­ге төтеп беретін етіп, сапалы жа­салса, жөн болар еді, – дейді Еркін Әуелбеков көшесі 166-үйдің тұрғыны Людмила Бухарева. Ал осы үй салынғаннан бері тұрып келе жатқан Валентин Смирнов дейтін зейнеткер құрылысшы жөндеу жұмыс­тары­ның мүлде сапасыз жасалғанын айтады. Қарт құрылысшының пікірінше, шатырға жасалған жөндеу жұмыстары құрылыс ережелері мен нормаларына мүлдем сәйкес келмейді. «Мұнда осыдан екі-ақ жыл бұрын күрделі жөндеу жасалған. Біз ай сайын 2 мың теңгедей 15 жыл бойына бөлінген 300 мың теңгені төлеп келеміз. Құрылысшы маманы ретінде айтсам, анау шатырдың жиегінде шы­ғып тұрған жері шамамен 1-2 сан­тиметр болуы керек. Ал ол 10 санти­метрден артық шығып кеткен. Бұл қатты дауыл шатырды көтеріп әкетпегенде қайтеді. Жасалған жөндеу сапасыз. Құрылыс нормалары мен ережелеріне сай жүргізілмеген. Келесі дауылға шыдас бере алса, жарар еді...», – дейді осы үйдің тұрғыны Валентин Смирнов. Біз ерінбестен өткен жылы шатыры түгел ұшып кеткен үйдің төбесіне көтеріліп, дауылдан кейінгі жөндеудің қалай жүргізілгенін өз көзімізбен көріп шықтық.  Шатырдың қос қапталындағы ашық қалған саңылаудан қар үрлеген. Шатырдың ішінде көгершіндер қаптап жүр. Құрылыс жасағаннан кейінгі кірпіш, тас, басқа да қолданылған заттар сол күйі қалған. Тіреулерді бекіткен жіңішке сымдар үйдің бетонды төбесіне емес, қабырғасындағы кірпіштердің арасынан өткізіліпті. Бұл – біздің жай шолып қарағандағы көрініс. Ал кәнігі құрылыс мамандары бұдан да бөлек ақауларын табатыны сөзсіз. Осы дауылдан кейін арада бір жыл өтпей жатып, 18 ақпан күні болған боранда 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен Жақсы аудандық мәдениет үйінің шатыры түп орнымен ұшып кетсе, сәл уақыттан соң 2019 жылы күрделі жөн­деу­ден өткен Жарқайың ауданын­дағы Костычева селосының мәдениет үйінің шатыры жұлынғанынан оқыр­мандар хабардар. «Сонда мемлекеттік бағдарлама шеңберінде миллиардтап шығын шы­ғарылып, тіпті әлі күнге дейін тұрғындар төлеп жатқан жаңғырту жұмыстарын мемлекеттік комиссия қалай қабыл­даған?» деген заңды сұрақ туындайды. Тіпті, тұрғын үйлерді айтпағанда, соңғы боранда төбелерін жел көтеріп кеткен мемлекеттік мекемелер үшін кім жауап бермек? Соңғы жылдары Көкшетау, Степ­но­гор қалалары мен Атбасар және Бурабай аудандарында жүзден астам көпқабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жүргізілген. Бұл үйлердің шатырлары мен подъез­деріне, жертөлелері мен үйдің ішіндегі коммуналдық желілері, төсеніштер мен қасбеттері жөнделген. Сонда бұл үйлер­дің дәл осындай күйде болмасына кім кепіл? Басқарма басшысынан сапасыз жасалған жөндеу және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылықтарды жаңғырту  жұмыстары бойынша жазаланғандары бар-жоғын сұрадық. «Мердігер ұйымдарды тұрғын үйдің иелері өз еріктерімен таңдап алды. Тұрғын­дар барлық құрылыс жұмыс­тары­ның сапасын өздері көріп, қада­ғалап отырды. Боран кезінде тұрғын үй­лердің шатырлары түгіл, ағаштардың өзін тамырымен жұлып алды ғой. Сон­дықтан бұл жөндеу жұмыстарының сапасыздығынан емес, қатты дауылдан болып отыр, – дейді Иван Юрченко. Басқарманың мәліметі бойынша, тек 2011 жылдан бері ғана облыс аумағындағы көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын түрлі бағдарлама арқылы жөндеу мақсатында 3,3 миллиард теңге бюджет қаражаты жұмсалған. «Биыл көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру, үйлердің қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жасау, балалар ойын алаңдары мен спорт алаң­д­арын қалалар мен аудандарда салу жос­парланған. Тек Көкшетау және Есіл қалаларында 69 миллион теңге сомасына аула аумақтарын жөндеу көзделіп отыр. Тұрғын үй қорын алдағы уақытта қал­пына келтіру мақсатында облыс елді мекендерінің архитектуралық кескін-келбетін дұрыстау үшін биыл 600 миллион теңге сомасына Есіл, Атбасар, Макинск, Щучье және Бурабай кентінде ғимараттардың қасбеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі», – деді Иван Юрченко. Иә... Жөнделгені жөн. Қаражат бөлініп жатыр. Бөліне де береді. Дегенмен соны бақылауды тиісті органдар жөнімен жүзеге асырса екен дейсің...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы