Ауыл квотасы: жеңілдіктің жауапкершілігі бар
Ауыл квотасы: жеңілдіктің жауапкершілігі бар

Кей түлектерде мектеп бітірерде «бастысы, грантқа түссем болды» деген ой ғана болады. Соның ішінде ауыл жастары квота барына қуанады. Әйтсе де, алмақтың да салмағы бар. Ауыл кво­тасы арқылы мемлекеттік тапсырыспен оқығандар үш жыл көлемінде ауылда жұмыс істеп, өтеуге міндеттеледі. Бакалаврда өтетін алдағы төрт жылды келместей көретін болса керек, кей­бірі өтеу туралы ойламайды да. Әйтсе де, университет қабыр­ғасында жүргенде уақыттың қалай зымырағанын байқамай қалып, қолға диплом алған соң «ал енді ауылға аттан» десе, тартыншақтап жатады. Қалада қызметін жалғастырғысы келіп, ауылдан қашқандар оқу ақысын Үкіметке қайтаруы тиіс. Ал бәрін үстінен бақылап отыратын «Қаржы орталығы» есесін де, ақысын да жібермейтіндер қатарында. Ауыл квотасы жеңілдігінің қандай ауырлығы барын талқыға салып көрелік.

Сотқа сүйрелген жас маман көп

Бұл мәселе жайлы газетімізде аз жазылған жоқ. Түлектердің жанай­қайын жеткізіп-ақ келеміз. Рас, ара­­­­сында оқуға тегін түсіп алып, артынша міндетін орындауға құ­­­­лық­­­сыздар да кездеседі. Әйтсе де, дәл осыны жұмыспен өтеуде «ке­­тем, кетем дегенмен, кете ал­­май­сың сен менен» деп әндетіп тұра­тын жер бар. Ол – «Қаржы орта­­­лығы». Жыл сайын мони­­­то­ринг жүргізіп, қатаң бақылауда ұстап отырады. Мұны­­­­сы – құп­тарлық іс. Әу баста келісім­шартқа қол қой­­­ғандықтан, бұл ретте ренжу негізсіз. Дегенмен бұл тұста кем­шілік те, шикілік те көп болып тұр. Соларды Мәжіліс депутаты Ека­терина Смышляева әбден жіліктеп, депу­таттық сауа­­лында мәселе етіп кө­­­­­терді. Смышляеваның айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен оқыған ауыл жастарының 10 пайызға жуы­­­ғынан оқуға кеткен қаражатты қай­т­­аруын талап ететін көрінеді. Ондағы себеп – өтеу бойынша мін­деттемелерді орындамауы. «Бі­лім және ғылым министрлігінің де­ректеріне сәйкес, соңғы екі жылда «Қаржы орталығы» АҚ-ның жас мамандарға қатысты түсірген сот шағымының саны үш мыңнан ас­қан екен. Шағымның себебі – мем­лекеттік білім беру тапсырысы не­гізінде оқығаны үшін кеткен шы­ғынды өндіріп алу. Бұл жерде оқу орнын аяқтаған соң үш жыл көлемінде ауылдық жерде жұмыс істеуге міндеттелетін ауыл жас­та­­рына ерекше мән беріп айтып отыр­мын. Жылына өтеуге мін­дет­­телетінін де, міндеттелмейтінін есеп­тегенде 10-13 мың түлек оқуын тәмамдайды. Демек, бұл тіпті он пайызынан да көп деген сөз», – деді депутат. Бір айта кетерлігі, ауыл­­­­­дық жерлерде жұмыс істеуден қашпаса да, бос орын болмайтыны да бар. Ондайда түлек жұмыссыз ретінде есепке тұруы тиіс. Егер тір­келмесе немесе негізсіз есептен алып тасталса, оның үстінен шағым түсіріліп, ісі сотқа жіберіледі. Сонда осы жерден шеті шыққан мәселе – ауылдан жұмыс таппаған маман үш жыл бойы жұмыссыз жүруі керек. «Қаржы орталығының» жауабы сондай. «2012 жылғы 30 наурыздағы № 390 ҚР ҮҚ-ның 17-1-тармағына сәйкес бос жұмыс орындары болмаған жағдайда жас маман/философия докторлары (Phd) тұрғылықты жеріндегі ха­лықты жұмыспен қамту орта­лы­ғында тікелей не «электронды үкі­­­­­меттің» веб-порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы ар­қылы жұмыс іздеп жүрген адам ре­­тінде тіркеуге тұруға және Жұ­мыспен қамту орталығында тір­кеуге тұрғанын растайтын құжатты «Қаржы орталығы» АҚ-дағы же­­­текші менеджерге ұсынуға тиіс. Айта кетер жайт, оның жұмысты өтеу мерзімінде жұмыссыз ретінде есепте болған уақыты жұмысты өтеу мерзіміне есептеледі» делінген. Яғни, жасы жиырмадан асқан қыз-жігіттер тұрғылықты жерінен жұ­­мыс таппаса, басқа жерде істеуіне болмайды. Себебі жіті бақылауда жүрген олар ресми жұмысқа кіре қал­са, «дабыл» қағылады. Депу­­­таттың көтеріп отырған мәсе­лесі де – осы. Ол «өзі жұмыс­сыз, қыз­метке тұра алмай жүрген жас ма­маннан оқу ақысын қайтаруды сұ­рау қаншалықты ойға қонымды?» деген сауал тастаған еді. Иә, бұл жер­де жағдай біршама шиеле­ніс­­кен. Өйткені «сенікі де дұрыс, оны­кі де дұрыс» деп бас қатыратын мәселе. Таразының бір басында амалы жоқ жас маман тұрса, екін­шісінде – сіз үшін қаражат шығар­ған мемлекет тұр. Қайтарымсыз дү­­ние емесі тағы белгілі.

Заңды нашар білгеніміз басты себептің бірі ме?

QAZBILIM жобаларының не­гізін қалаушы Аятжан Ахмет­жан­ұлы мәселенің түсіндіру жұмыс­тарына келіп тірелетінін айтып отыр. «Меніңше, бұл жерде мектеп түлектеріне толық ақпарат беріл­меуінде сияқты. Өйткені өз басым қан­ша маманмен тілдестім. Көп­­шілігі ауыл квотасы арқылы түс­­­кенде оның артында мұндай мін­­­деттеме тұратынын білмеген болып шығады. Яғни, заңдық та­­­лап­­­та­­­рымен таныс емес. Демек, грант­­қа құжат тапсырған кезде жеңілдік жайлы толық ақпарат беру керек. Сонда бәрі саналы түр­­де шешім қабылдайды», – дейді ол. Сарапшы сөзінің жаны бар. Көш­­­­тен қалмау үшін грантқа құжат тап­­­­­сырып, оның қандай жауап­­­кер­шілік жүк­­тейтінін білмеген талап­кер бар­шылық. Бір жағы кә­мелетке тол­маған, ата-анасының рұқ­са­­­тымен жүріп-тұрған оқушының заң тұр­ғысынан сауатсыздау бол­ғаны ке­шірімді. Әйтсе де, уни­верси­­тет­терде сол құжатты қабыл­дайтын комиссия өкілдері не бол­маса ба­ласын жетектеп келген ата-ананың бүге-шігесіне дейін бі­луі міндетті десе, артық болмас. ауыл Осы ретте заң не дейді? Сол ту­­­­­­ралы қысқа-нұсқа айта кетсек. Еліміздің «Білім туралы» заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азаматтарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітір­геннен кейін кемінде үш жыл жұ­­мысты өтеу міндеті жүктелген. Оның ішінде квота шегінде педа­гогикалық, медициналық, ветери­нариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқы­ған­дар ауылдық жерде орна­ласқан мем­лекеттік білім беру ұйым­да­рында, мемлекеттік медицина ұйым­­д­арында, мемлекеттік ве­те­ринария ұйымдарында жұмыс­пен өтейді. Одан бөлек, білім беру гранты арқылы педагогикалық жә­­не медициналық мамандықтар бойынша оқығандар мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мем­лекеттік денсаулық сақтау ұйым­дарында жұмыспен өтеуге міндет­теледі. Сондай-ақ жас ма­ман заң­ның 47-бабының 17-тар­мағына сәй­кес педагоги­калық және меди­циналық мамандықтар бойынша ауылдық квота бойынша оқу бітірген болса, ол ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік білім беру және денсаулық сақтау ұйым­дарында жұмысты өтеуге тиіс. Де­мек, қалада не жекеменшік меке­мелерде істеуіне болмайды. Ол өтеген болып есептелмейді. Сон­дай-ақ университетті тә­­мам­даған соң мамандығы бойын­ша емес, басқа жерде істегені са­налмайды.

Ауыл квотасы қаншалықты қажет?

Бүгін біз талқылап отырған жеңілдік арқылы білім алған­­­дар­дың бірі – Ақкүміс Жәні­бекқызы. Ақтөбе облысындағы Талдысай орта мекбетінде орыс тілі және әдебиетінен беретін жас маман үш жылын өтеген. Қазір ауылда жұ­мы­сын жалғастырып жатыр. «Кво­тамен оқуға түскен кезде бізге ауыл­да істеуіміз керегін бірден айтты. Вакансияны университет ұсынды. Бірақ мен соңғы курс оқып жатқан кезде қазір жұмыс істеп жатқан әрі өзім оқыған мек­теп сұраныс жіберіп, орыс тілі ма­­­­маны керек деді. Сөйтіп, оқу бітір­­ген соң мені Талдысай орта мекте­­біне бағыттады. Әлбетте, ауыл мен қаланың айырмашылығы көп. Со­ның ішінде жұмысқа ал­ғаш кі­­ріскен кездегі жалақы мөл­шерін айтуға болады. Өзіммен бірге оқы­­ған, қала мектебінде жұмыс істеп жатқандар ол кездері бізден көп алатын. Ауылда бір ғана сынып болса, қалада бірнеше. Сағат саны да тиісінше көбірек. Әйтсе де, ауылда тәжірибе жинап, көп нәрсе үйренуге мүмкіндік бар. Себебі мұнда бастауышқа да, үл­кен сы­­ныпқа да сабақ береміз. Ал қалада, «а», «ә» сыныптарын оқы­тумен шектеліп жатады. Менің­ше, мұн­­­дай квота әлі де жалғасуы ке­рек. Өйткені ауылға жоғары оқу орнын бітірген, білікті мамандар қажет. Сонымен бірге мұғалім мәр­те­бе­­сіне ден қойылып, жала­қысы кө­­­­­теріліп, жаңа мектептер салынып жатыр. Мұның бәрі ауыл мен қала мектебі арасындағы айыр­­ма­­­шы­лықты азайтуға септігін тигізеді деп ойлаймын», – дейді жас маман. Ауыл квотасы қажет деген пікірді Аят­жан Ахметжанұлы да айтып отыр. «Дәл қазір мұндай бағдарлама аса қажет. Егер жаппай бәріне бір стандарт бекітсе, ауылдағы маман­­дықтар күйрейді. Сәйке­­сінше, ауыл­­­дағы ахуал да төмендейді. Қа­ламен арадағы айыр­машылық одан әрі көбейе түседі», – дейді ол.

 Тығырыққа тірелген түлектер

Айтпақшы, амалы қалмаған мамандар жұмыссыз ретінде тір­келіп, бейресми жұмыс істеуге мәж­­бүр болатын жағдайлар да бар. Яғни, «көлеңкеде» тығылып жүруге жағ­­­­дай­­дың өзі итермелеп тұр. Сол сияқ­ты жеке басының жағдайына бай­­­ланысты жұмыс істеуге мүмкін­дік болмауы да ғажап емес. Айта­лық, тұрмысқа шыққан жас ма­манға келін болып түскен үйі жұ­мыс істеуге рұқсат бермесе, ақша­сын қайтарып беруге тиіс болады. Өйткені заңға сәйкес, жұмысты өтеу жөніндегі міндетін орында­маған жағдайда жас маман оны оқы­туға бюджет қара­­­жаты есебінен кеткен шығын­­­дарды респуб­ли­калық бюджетке қайтаруға міндет­ті. Әрине, мемлекет аса қатал емес. Кей жағдайда келісімге келіп, жағ­дайын түсініп отыр. Атап айт­­­қанда, жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жат­қан елді мекенде бос жұмыс орны болмаған жағдайда; I және II топ­тағы мүгедектер; одан әрі оқуға ма­гис­­тратураға, резидентураға, док­­­торантураға түскен адамдар (ақылы негізде, мемлекеттік тап­сырыста оқу немесе шетелдік білім беру ұйымына түскен кезде); жүкті әйелдер, үш жас­­­­қа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ оны (оларды) жалғыз тәрбиелеп отыр­­ған адамдар өтеуден босатылады. Демек, ауылда істеуден «қашқан­дар» дипломмен тұрмысқа, одан ана болуға ұмтылады. Депутат Екатерина Смышляева тығырыққа тірелген жастардың жағ­дайын жақсы түсініп тұрғанын айт­ты. «Енді оның қандай амалы бар? Жұмыссыз болып тіркеліп, табыссыз жүре беруі керек пе? Әлде алған мамандығынан басқа жерге жұмысқа орналасып, сол тапқан ақшасын шағым бойынша төлемді төлеуге жұмсауға тиіс пе? Жұмыс­пен қамту орталықтары қоғамдық жұмыстар ұсынады. Егер бас тарт­са, тіркеуден шығарып тас­тайды. Сонда квалификациясы бар, білікті мамандар сондай жұмыс істеп жү­руі үшін оқыды ма? Тағы бір жо­лы – биржада есепте тұрып, заң­сыз жұ­­мыс істеу. Осылайша, ма­ман­­ды­­ғы бойынша емес, ауылда емес, кө­­­­леңкелі жұмыс істеуге мәж­бүр бола­­­­­­ды», – дейді депутат. Ал енді осы шиеленісті шешу үшін ол мы­на­дай ұсыныс айтты. Бірінші­ден, мақ­­­сатты түрде ауыл мамандары даяр­­ланса да, бос жұмыс орны не­­­лік­­тен болмайтынын анықтау. Екін­­­­­­шіден, тұрғылықты мекен­жайы бойынша вакансия болмаса, рес­­­публиканың кез келген ауы­­лында кедергісіз жұ­мыс істеуге мүм­кіндік беру. Үшін­­шіден, ауыл­дағы жеке меке­­­мелерге қызметке тұруға рұқсат беру.

Бет қатталып жатқанда:

Білім және ғылым министрлігі кештетіп мынадай ақпарат таратты. 2021 жылдың басында грантты өтеуге қатысты заң талаптары жеңіл­детілді. Енді жоғары оқу ор­нында грант арқылы білім алған түлектер грантты мамандық бойын­ша бұрынғыдай тек мемлекеттік ұйымдарда ғана емес, жекеменшік мекемелерде де өтей алады. Демек, талай рет көтерілген мәселе ақыры жетер жерге жетті деген сөз. Бас­­пасөз қызметінен нақ­­ты­­лаға­­­ны­­­мызда, аталған өзгерістің барлық мемлекеттік грантқа таралатынын айтты. Бұл да болсын – кішігірім жеңіс.

Жадыра АҚҚАЙЫР