Декретте демалған еркектер
Декретте демалған еркектер
226
оқылды
«Мен ескіше жыл басы деп есептелетін «Наурыз күні» киіз үйде туыппын. Ол күні жер де сілкінбеген, күн түгіл ай да тұтылмаған, есте қаларлық боран да болмаған, ең аяғы қал­жа сүйегіне иттер де та­ла­са алмаған. Менсіз де үбірлі-шүбірлі бір қара үйде тағы бір бала туа салған да, басқа ба­ла­ларының атына ұйқасты­ра ат берілген» деп жазады жа­зу­­шы Ғабит Мүсіре­пов «Авто­биография­лық әңгіме» шы­ғар­масында. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жыл­да – қазан», – дейді халқымыз. Бұрын көпбалалы болу, оны бағып-қағу қалыпты жағдай болса, қазіргі күні бір баланың өзін өсіру үлкен мә­селе ретінде қабылданатыны жасы­рын емес. Бәрін былай қой­ғанда, бала туғаннан кейін бір жасқа толғанға дейінгі күтімі ер мен әйелдің мойнына салмақ бо­лып түсіп отыр. Бүгінде батыс елдеріндегі дәс­түрге айналып келе жатқан бала күтіміне орай ер адамның демалыс алуы біздің елге де жетті. Еңбек кодексінің 99-бабы бойынша, бала күті­міне байланысты демалысты бала­ның анасы, әкесі немесе заң­ды түрде асырап алған адам ала алатыны жазылған. Яғни, әкелер де бала күтіміне орай демалысқа шыға алады. Әдетте, әйел заты өмір­ге сәби әкелген соң заң бойын­ша декреттік демалысқа шығады, денсаулығын қалпына келтіру ке­рек әрі балаға күтім қажет. Әйтсе де, балаға қараймын деп еркектің үйде отыруы қаншалықты көңілге қоным­ды? Дамыған елдер, әсіресе Еуропа мемлекеттері соңғы жылдары ер­лер­ге жаңа туған сәбидің күтімі үшін берілетін демалысты – жан жа­рыңа қолғабыс ету, үй ішіндегі гендерлік теңдік ретінде қарастыра бастады. Экономикалық ынты­мақ­­тас­тық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жасаған мәліметтерге сәй­кес, әлемде 41 мемлекет бала күтімі себебімен жұмыстан бо­сай­­тын ерлердің ақы төленетін демалысын қамтамасыз етіп отыр. ЭЫДҰ статистикасы ата-аналарға берілетін демалыстың көлемін үш санатқа жіктейді: 1) аналарға бала туған немесе асырап алған кезде берілетін бала күтімі бойынша дема­лыс; 2) әкелерге бала туған кез­де берілетін демалыс; 3) әдет­те­гі декреттік демалыстан кейін бері­л­етін қосымша демалыс. Жоғарыдағы үш санат бойын­ша әр елде демалыстың түрі мен кө­ле­мі әрқалай. Бір сөзбен айтқанда, өзін әлеуметтік мемлекет санатына жатқызатындар өз азаматтарының әл-ауқатына қарай жомарттық танытуда. Мәселен, Швецияда ер­лі-зайыптылар тұңғыш баласы өмір­ге келгенде 480 күнге дейін демалыс алады. Бірақ отағасына оның 90 күніне ғана ақша төленеді, қалған 390 күн сәбиінің қасында боламын десе өз еркі, тек ақы тө­лен­бейді. Ал Эстонияда әкесінің сәбиімен қарым-қатынасын қосымша ынта­лан­­дыру мақсатында мемлекет екі апта ақысы төленетін дема­лыс береді. Сондай-ақ бала күтімі мерзімі аяқталғаннан кейін ерлі-зайыптының айлығы, яғни екі жа­лақының орташа көлеміне есеп­­­телген өтемақы төленеді. Бұл жүйе Исландия мемлекетінде сәл басқаша, бала туғаннан кейін бе­­рілетін тоғыз ай демалысты ата-ана қалай бөлісетінін өзара ше­­шеді. Яғни, алғашқы 3 ай әке­­­сі мен анасы қатар демалуға құ­­қы­лы. Одан кейінгі 6 айды, екеуа­ра келісіп бөлісіп алады да, әр­қай­сы­сына жалақысының 80% кө­ле­мі төленіп тұрады. Литвада тұң­ғыш рет әке болған жанды 4 апта жұмыстан босатады. Ал жалпы анасына 156 апта демалыс қа­рас­ты­рылған. Яғни, оның алғаш­қы 52 аптасында (бала 1 жасқа толғанға дейін) жалақының 100% көлемінде жәрдемақы алып тұра­ды. Қалған 104 аптада (1 жас­тан 2 жасқа дейін) ол көлемі 70%-ға түседі. Одан кейін де ақысы төленбейтін демалысын создыруға құқы бар. Финляндияда ерлерге сегіз апталық жәрдемақы төленетін демалыс, аналарға – 23 ап­та ұсынылады. Сондай-ақ бала 2-сыныпқа барғанға дейін ата-анасы кезек-кезек демалысқа шыға алады. Жалпы, ер адамға бала күті­мі үшін демалыс беріп, ақша тө­леу жүйесі ата-ана жауап­кер­ші­­­лігінен бөлек, кәсіпорын қыз­­­­мет­керлерінің жұмысқа тұрақ­ты­­лығына да әсер еткені бай­­қа­луда. Мысалы, Google ком­па­­ниясы жүктілік бойыншаа ақысы төленетін демалысты 12 апта­дан 18 аптаға ұзартқан кезде қыз­мет­кер­лерді ұстап қалу 50 пайызға артқан. Алайда бала күтімі ер мен әйел­ге ортақ іс деп қарамайтындар да бар екен. Дүниежүзілік эконо­ми­­калық форумның 2018 жылғы баян­дамасында айтылғандай, ар­найы сауалнамаға жауап берген Египетте ер адамдардың 98%-ы, Малиде 92%-ы бала күтімі әйел­дер­дің шаруасы екенін айтқан. Қазақстан да әлемдік үдерістен қалыспай, заңға арнайы норма енгізген. Еңбек кодексінің 100-ба­бына орай бала күтіміне байла­ныс­ты демалысты анасының да, әкесінің де алуына құқы бар. Де­генмен баланы үйде кімнің қарай­тынын және бала күтіміне бай­ланысты демалысты кімге рә­сімдейтінін экономикалық тұр­­ғы­да тиімді жағын ескере келе отбасы мүшелері өздері шеше алады. Соңғы жылдары елімізде дек­реттік демалыс алған ерлер қатары көбейген. Ресми дерекке сүйенсек, 2016 жылы – 5 326, ал 2017 жылы 23 054 әке бала күті­міне байланысты жәрдемақы рә­сім­депті. Демек, «Әкенің ба­ла­ға жа­қын­дығы жездедей-ақ» де­ген бұрынғы түсінік те өзгеріп келе­ді. Психологтер қазіргі күні ер адам­ды бала күтіміне жауапты ету, отбасы бірлігінің татулығына әсер ететінін байқаған. Себебі от­­ба­­сындағы «кіш­кентай адам» за­­манға сай жа­ңа­ша жауап­кер­ші­лік жүктеп отыр.   Дастан ДУМАНҰЛЫ