Сенатор полицейдің аздығынан оңтүстікте қылмыс, есірткі тасымалы көбейеді деп күдіктенеді. Тәртіп сақшыларының санын 873-ке дейін арттыру үшін алдағы үш жылда 11 миллиард 300 миллион теңге қажет болмақ. Бұл туралы КТК хабарлады.
Бүгінде Түркістан қаласының тыныштығын 200-дей полицей қорып жүр. Жалпы қалада ғана емес, аймақтағы мамандардың жеткіліксіздігі этносаралық жанжалға әкеліп соқтыра жаздаған Шорнақ оқиғасы, Арыс қаласындағы оқ-дәрілердің жарылысы, Мақтаарал мен Төлеби ауданындағы су тасқыны кезінде қатты сезіліпті. Екі мемлекетпен шектесетін өңір арқылы авто және теміржолдар өтетіні тағы бар. Бұл есірткінің заңсыз айналымына көбейтеді. Ал депутат Әли Бектаев Түркістан қаласында жыл сайын келетін туристердің артуы қауіпсіздікті күшейтуді талап етіп отыр.Сенат депутаты Әли Бектаев: «Өкініштісі, полиция қызметкерлерінің саны нормативтерден әлдеқайда төмен, әр қызметкердің жүктемесі 2-3 есе жоғары. 100 мың тұрғынға шаққандағы полиция қызметкерлерінің саны республика бойынша 386 болса, Түркістан облысында – 185. Бұл ең төменгі көрсеткіш. Тіпті халық саны жағынан Түркістан облысынан екі есе аз өңірлерде полиция саны екі есе жоғары. Ондай фактілер бар», – деді.