Шетелде қылмыс жасап жүр...

Шетелде қылмыс жасап жүр...

«Мол ақшаға кенелем» деп отандастарымыздың Оңтүстік Кореяға жұмыс істеу үшін ағылып жатқанына бас-аяғы 7 жылдан асып барады. 2014 жылы Қазақстан мен Оңтүстік Корея бір айлық визасыз жүру режимін ашқан соң қазақстандықтардың корей еліне заңсыз барып, нәпақа табуы әдет­ке айнала бастады. Бұл үрдіс әлі де болса  жал­ғасып жатыр. Ол туралы бас­пасөз беттерінде талай жа­зылды. Әйткенмен, бізді ше­телде қылмыс жасаған қа­зақ­стан­дықтардың жағ­дайы алаңдатады.

Кореяның көз тартуы ақшаға, мол жалақыға байланысты екені тү­сінік­ті. Сыртқы істер министр­лігінің ресми мәлімдемесін қарар болсақ, қазір ол елде 30 мыңнан астам қазақстандық тіркелген екен. Оның ішінде заңсыз жұмыс істеп жатқандар да бар. 2018 жылы 11 860 заңсыз еңбек мигранты тір­келсе, 2019 жылы 10 875 адам анық­талыпты, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш қай­тадан 11 мыңнан асқан. Демек, пан­демия мен басқа да себептерге қа­рамастан заңсыз жүргендердің елге қайтқысы жоқ. Заңсыз еңбек мигрант­тары көбей­ген соң 2018 жылдан бастап Корея шекарадағы бақылауды күшей­тіп көрді. Бірақ жымын білдірмей, жолын тапқандар көп. Дәл сол жылы Корея Республикасының Қазақ­стан­дағы елшілігі заңсыз еңбек етіп жүрген қазақстандықтар азаймаса, визасыз режимнің жо­йы­луы мүмкін екенін ескертті. Сы­рт­қы істер министрлігі қазақ­­стан­дықтарды елге қайтуға үгіттеп, табылғанын кері қайтарып жатыр. Ал ол жақта жұмыс істеу үшін отан­дастарымыз заңды түрде тіркеле алмайтыны тағы бар. Міндетті түрде туысқаны немесе ата-ана­сының біреуі, болмаса жұбайы ко­рей ұлтынан болуы тиіс. Алайда Оңтүстік Кореяға жұмыс күші қа­жет екенін аңғарып отырмыз, әсі­ресе ауыр жұмыс істей­тіндер жетіс­пейді. Соның орнын қазақ­стан­дықтар толтырып жүргендей.

Өзге елдің түрмесінде 820 азаматымыз бар

2020 жылы Сыртқы істер министр­лігінің Консулдық қызмет депар­таменті есеп жүргізіп, шетелде қылмыс жасап, түрмеге қамалған 820 (2019 жылы олардың саны 1 000-нан көп болған) қазақстандықтың барын анықтапты. Азаматтарымыздың көпшілігі Ресей түрмелерінде отыр – 566 адам. Одан бөлек, ТМД елдерінде сотталған – 174, Еуропа мен Америкада 50 отандасымыз темір торда отыр. Азия, Таяу және Орта Шығыс елдерінің түрмелерінде 30 адам бар. Ал Бас прокуратураның ресми деректеріне сәйкес, 2019 жылы жазасын одан әрі өтеу үшін шет мемлекеттерден Қазақстанға 14 отандасымыз ауыс­тырыл­ған. 2020 жылдың алғашқы 8 айын­да 13 азамат елге жеткізіліпті. Соны­мен қатар Бас прокуратура 2019 жылы шетелде бас бостандығынан айырыл­ған – 63, 2020 жылы 35 адам­ның экстрадицияланғанын хабарлаған еді. 2020 жылы Оңтүстік Корея түрме­лерінде 8 қазақстандықтың отырғаны анықталған. Тағы 11 адамның ісі терге­ліп жатқан болатын. Ал биыл бұл сан едәуір өсіпті. Бүгінде 25 отандасымыз корей елінде жазасын өтеуде. Бұдан бөлек, сот үкімін күтіп отырған 26 азаматымыз бар екен. Қылмысқа бар­ған жерлестеріміз көбейгенін аңғар­дық. Мұндай оқиғалардың біразын тіз­бектеуге болады. 2019 жылы қыр­күйек­те 21 жастағы отандасымыз Ко­рея­да рұқсаты болмаса да көлік тіз­гіндеп, 7 жастағы баланы қағып кеткен еді. Оқиға кезінде баланың 18 жерден сүйегі сынып, басынан зақым алған. Кейін азамат Қазақстанға қашып келгені белгілі болды. Ақыры ұсталған оны Кореяда 2,5 жылға бас бостан­дығынан айырды. 2020 жылы сәуірде Оңтүстік Кореяның Кванджу қала­сында төбелес кезінде 19 Қазақстан азаматы ұсталғанын білеміз. Жуырда ғана 3 қазақстандық азамат көлік ұрла­ды деп айыпталғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ осы ақпарат әлі ресми түрде расталмай тұр. – Қазір Оңтүстік Кореядағы қазақ­стандықтардың көлік ұрлау дерегі бойынша тексеріс жүргізіп жатырмыз. Ресми түрде еш ақпарат келіп түскен жоқ. Сондықтан рас немесе жалған екенін басып айту мүмкін емес, – дейді Сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.

Қазақстандықтарды айыпты санайды

«Отандастарымыз күдікке ілінді» деген ақпарат тарағалы бері Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандықтарға тексеру күшейгені жайлы әңгімені құлағымыз шалған. Instagram әлеу­мет­тік желісінде Кореядағы Қазақ қауым­дастығы атты парақша бар. Онда сол елде заңды түрде жүргені бар, заңсыз жүргені бар, отандастарымыздың ты­ныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік мол. Тіпті, қандай жұмыс орындары бар, қай жерде тұрақтап, қайда емделу­ге болатынына дейін ақпарат көп. Аталған парақшаның әкімшісіне шы­ғып, қазақстандықтардың сол елдегі қылмысына қатысты сұрау салып көр­ген едік. Бекжан есімді жігіт бұл жайт­ты жіті түсіндіріп берді. – 1-2 күннен бері Оңтүстік Корея­дағы бұқаралық ақпарат құралдарының жаңалықтарын шолып, бақылап отырмын. Дегенмен «көлік ұрлады» деп айыпталған отандастарымыз жайлы еш ақпарат жоқ. Сұрастырып та жатырмыз, әзірге ешкім естімепті. Жалпы, осы елде «қазақстандықтар көп қылмыс жасайды» деген сөз – жалған. Бұл ресейлік баспасөздердің істеп отырған манипуляциясы іспетті дүние. Мысалы, Таиланд, Вьетнам, Қытай елдерінің азаматтары Оңтүстік Кореяда жүріп, өте көп қылмыс жа­сайды. Бірақ оны мүлдем жазбайтынын байқадым. Сосын да ол туралы ақпарат аз, – дейді ол. Негізі, бұл елде жүрген қазақ­стандықтардың саны 35 мыңға жуық­тап қалған. Оның ішінде 9 мың­нан астамы заңсыз жүр, – деді Бекжан. Қорыта айтсақ, Оңтүстік Кореяны жағалаған отандастарымыздың саны ғана емес, істеген қылмысы да артып бара жатқандай. Ал олардың қауіп­сіз­дігі одан да күрделі мәселеге айналғаны қашан.

Мадияр ТӨЛЕУ