Негізі, Сыр өлкесінде су тапшылығының байқалғанына 3-4 жылдың көлемі болды. Нақ егін науқаны басталар шақта Сырдарияның суы әп-сәтте сарқылып қалатыны жасырын емес. Жылда диқандардың ауызбіршілігі арқасында негізгі күріш алқабын кезектесіп суару әдісі қолданылып келеді. Бірақ суды қанып ішпеген дәнді дақылдан диқандар мардымды өнім алу қиын екенін айтады. Су тапшылығы биыл былтырғыдан да қатты сезіледі деген қауіп бар.
Қызылорда өңірі егін, мал шаруашылығымен айналысатын аймақ болғандықтан, суармалы жерлерге сұраныс жоғары, аяқсуды көп қажет ететініміз белгілі. Оның үстіне, экологиялық қажеттіліктер бар. Қыста арнасынан тасып жұртты әбігерге салатын Сырдариядағы мол суды нақ керек маусымда, яғни егінге қажет кезде жеткізе алмаймыз. Мәселен, былтыр су тапшылығын сезінген диқандар биыл да күріш егістігінің көлемін тағы 5,1 мың гектарға азайтпақ. Себебі дарияға құйылып жатқан су мөлшері аз. – Өткен жылы оңтүстік өңірлерде су тапшылығы болды. 2020 жылы Шардара су қоймасына жоғарыдан 13,4 млрд текше метр су түсіп, төмен қарай ондағы 2 млрд текше метр су вегетация кезінде 13,4 есе су тасталған. Бұл келген су да, төменге тасталған су да – соңғы 10 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Жалпы, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында 2020 жылдың басында вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына 6,4 млрд текше метр су беріледі деп болжанған. Алайда осы кезеңде 3,1 млрд текше метрі немесе 49 пайызы ғана түскен. Ең үлкен су қоймасы саналатын Тоқтоғұл су қоймасында 9,9 млрд текше метр су бар. Өткен жылдың осы кезеңінде 12,8 млрд текше метр болған. Биыл 2,9 млрд текше метрге аз. Қазір Шардарада – 4,26, Көксарайда 1,158 млрд текше метр су бар. Жауын-шашын мөлшерінің аз түсуіне байланысты биылғы вегетация кезеңінде Сырдария өзенінің сулылығы өткен жылмен салыстырғанда да төмен болатынын анық аңғару қиын емес. Сондықтан қажетті су мөлшерін жинай алмай қаламыз ба деген күмән бар, – дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.СУ АЗАЙМАСА, КӨБЕЙІП ЖАТҚАН ЖОҚ
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Салауатұлы мен Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Жанұзақұлы көктемгі дала жұмыстарына дайындықты пысықтау мақсатында Қызылорда облысына іссапармен келді. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы жұмыстарына су жеткізу жолдарын қарастырып, су арналарын өз көзімен көру. Өйткені Қызылорда аймағы индустриалды-инновациялық бағытқа бет бұрғанмен, негізгі кәсібін, яғни ауыл шаруашылығы саласын ысырып қойған жоқ. Жомарт жердің несібесін береріне сенген шаруа қожалықтары күннің көзі жылт еткеннен дала жұмыстарына кіріседі. Басты дақыл – күріш. – Қызылорда облысына бір маман бекітіледі. Дала жұмыстары басталған сәттен бастап айына екі рет келіп, бақылап, мәселелерді реттеуге атсалысады. Су көп болса да, аз болса да, қадірін білетін аймақ – осы Қызылорда. Жылдағыдан су мөлшері азаймаса, көбейіп жатқан жоқ. Көріп отырсыздар. Оның бірнеше себебі бар, табиғи құбылыс, халық санының өсуі, экономиканың алға жылжуы, шекаралық мәселелер, тағысын тағы. Мұнайдың баламасын табармыз, судың баламасын таба алмаймыз. Істің бәрі қағаз бетінде қалып қоймасын! – деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов. Су тапшылығына байланысты былтыр облыс бойынша 7 100 гектар егіс алқабы қысқаруы тиіс еді. Алайда бұл талап шаруашылықтар тарапынан жөнді орындалмады. Жер-ананың берген несібесі болса керек, күйген егіс көлемі аса көп емес, егін бітік шықты. Бірақ жаз бойғы су тапшылығы сала мамандарын да, егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді де әуреге салғаны рас.СЫРДАРИЯНЫҢ САҒАСЫНДА КІМДЕР ОТЫР?
Сырдария – мемлекетаралық, трансшекаралық өзен. Оның төменгі ағысы Тәжікстандағы Қайраққұм су қоймасында 3,8 млрд текше метр су жиналып, қыс мезгілінде 708 млн текше метр, жаз айларында 250-300 млн текше метр су жіберіледі. Өзбекстанның келесі ірі су қоймасы – Әндіжан, оның сыйымдылығы – 1,75 млрд текше метр, қыста 7-10 млн, ал жазда 100-130 млн текше метр су жіберіледі. Сондай-ақ Шарбақ су қоймасынан қыста 150 млн, жаз айларында 100-120 млн су босатылады. Қазақстандағы екі облысты қамтамасыз ететін ірі Шардара су қоймасының сыйымдылығы – 5,7 млрд текше метр. Көксарай су реттегіші 1,5-1,7 млрд текше метр көлемде су жинауда. Көксарайдың атқаратын қызметі жаз айларында Қызылорданың егінін қосымша сумен қамтамасыз ету еді. Бірақ Көксарай екі облыс аралығында орналасуына байланысты, Түркістан облысы да осы суды көкөніс-бақша шаруашылығын дамыту, суармалы егін көлемін арттыру мақсатында пайдаланып отыр. Сондықтан егін науқанында дария суы шамадан тыс тартылып, өзен табаны көрініп қалады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, биыл Қытаймен су мәселесіне қатысты бірлескен комиссияның жоспарланған отырысы өтпек. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның вице-министрі Серік Қожаниязов мәлімдеген еді. «Ғалымдардың болжамы бойынша, Қазақстанда 2040 жылдарға қарай су тапшылығы 50 пайызға жетуі мүмкін. Еліміздегі су ресурстарының жартысына жуығы өзге мемлекеттердің аумағында қалыптасатынын ескере отырып, көршілес мемлекеттермен әріптестікке ерекше көңіл бөлу қажет. Өткен жылы Қытайдан басқа көршілес елдер арасында су мәселесіне қатысты бірлескен комиссияларының жоспарланған отырыстары түгел өтті. Пандемияға байланысты Қытай тарапы комиссия отырысын 2021 жылы бірінші тоқсанда өткізуді сұрады», – деді С.Қожаниязов. Оның айтуынша, вегетациялық маусымда судың тапшылығын шешу мақсатында қырғыз тарапымен электр энергиясын алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Нәтижесінде, Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн текше метр суармалы суды қосымша өткізу қамтамасыз етілді. Осы тәртіп бойынша Тәжікстан аумағынан жіберілетін су да қалыпты деңгейге жеткен.ҒАЛЫМДАР ҰСЫНЫСЫН АГРАРЛАР ҚҰПТАЙ МА?
Былтыр дария суының аздығынан кей шаруа қожалықтары сусорғы құрылғыларды іске қосса, енді бірі қашыртқы суды қайтадан егіске пайдаланды. Диқандар жоқтан бар жасап, егінді күнге күйдіріп алмауға тырысып бақты. Осы жазда су тапшылығы тағы байқалатыны айтылды. Сол себепті егіс көлемін азайту секілді бірқатар шектеу талабы енгізіліп, Сыр салысын егуді біршама гектарға азайту ұсынылды. Сондықтан күріш алқабында су ресурстарын рационалды пайдалануды қамтамасыз ету үшін атыздарға су беру, қашыртқылау және үнемі есепке алуды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынып келеді. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары су ресурстарын үнемдеу мақсатында, суды аз талап ететін, вегетациялық қысқа кезеңдегі күріш сорттарын шығарып, өндіріске енгізумен қатар, ауыспалы егіс жүйесінде күріштің үлесін азайтып, әртараптандыру дақылдарын орналастыру жөнінде ұсыныс жасауда. Институт ғалымдары күрішті суару кезеңінде қажетті су реттегіш құрылғыларын жасап, оны Сырдария ауданының «Шаған-Жер» және Жалағаш ауданының «Ер-Әлі» шаруашылықтарының күріш атыздарына орнатып, сынақтан өткізді. Бұл автоматтандырылған құрылғылар күріш атыздарына су беруді, есепке алуды және қашыртқылауды тәулік бойы қамтамасыз етеді. Осылайша, су тағдырына және оның ықпалынан болатын егін шаруашылығына қатысты ғылым мен аграрлар арасындағы үйлесім ерекше мәнге ие болып отыр. Өйткені судың, яғни Сырдария өзенінің тағдыры – Сыр елінің тағдыры.Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы