БҰҰ төріндегі қазақ тілі
БҰҰ төріндегі қазақ тілі
346
оқылды

Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз талай тар жол, тайғақ кешуден өтті, кейде қызығы, кейде өкініші басым түрлі оқиғаны бастан өткерді. Бұл ретте 2015 жылғы 29 қыр­күйек (Нью-Йоркте 28-і болатын) – тарихымызға тіліміз төрткүл дүниеге таралған күн ретінде енді. Өйткені БҰҰ Бас Ас­­­самблеясының 193 мемлекет өкілі қатысқан ме­рейтойлық 70-ші сессиясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасады. Ал жаһандық ұйымға қазақ тілінен тәржімалайтын аудар­ма­шыларды шұғыл іздеуге тура келді.

Сарапшылардың айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебелі мінберінен қазақ тілі екі рет естіліпті. Біріншісі қысқа болған және аударуды қажет етпеген: респуб­ликамыз тәуелсіз мемлекет ретінде БҰҰ-ға мүше болып кірген соң 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблея­ның 47-ші сессиясында сөз сөйлеген тәуелсіз Қа­зақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз арасында адамзаттың кемеңгері Абайдың: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген дана сөзін және «елу жылда – ел жаңа» мақалын қазақ тілінде айтқан екен. Сөйтіп, ол қазақтың тілі – Кеңес өкіметі құ­лақ­қа құйып келгендей, ауызекі тіл­де сөйлеуге ғана жарайтын, ғылымға жақпайтын кемшін тіл емес, нағыз даналықтың кеніші еке­нін паш етті. Ғасырлар бойғы бодандықта тілін әлемдік деңгейде танытпақ түгіл, одан айырылып қала жаз­даған ел үшін осының өзі ірі жетістіктей көрінді. Енді, міне 2015 жылы планетамызды мекен еткен мыңдаған халықтар мен 200-ден астам тәуелсіз мемлекет ішінде БҰҰ-да қабылданған алты ресми тілге қоса, күтпеген жерден қазақ халқының ана тілінде де тұтас баяндама жасалды. БҰҰ-ның алты «ресми жұмыс тілі» бар: бұлар – ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдері. Бұған қоса, неміс тілі іс-қағаздар жүргізу тілі мәртебесіне ие. БҰҰ Хатшылығы күнделікті жұмыста осы тілдер арасынан тек ағылшын мен француз тілдерін ғана қолданады. Қауіпсіздік мәселесіне қатты көңіл бөлінетін, мықты қорғалатын БҰҰ Бас Ассамблеясы сессияларында ілеспе аударма жасау бөл­­­мелерінде тек осы 6 тілдің маманына орын беріледі. Сондықтан жаһандық жиынға қатысушылар өзін ха­лықаралық қоғамдастық тү­сінсін десе, онда негізінен осы алты тілдің бірін таңдауы шарт. Соған қарамастан Елбасы қазақ тілін дүние төріне шығарды.

Бұл қалай болып еді?

Қазақша баяндама жасау оңайға соқпаған. Тәуелсіздігіміздің 24-ші жылында, 2015 жылғы 29 қыркүйек күні Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мін­­­беріне көтеріліп, қазақ тілінде баяндама жасай бастағанда барлық аударма арналарында құлаққа ұр­ған танадай тыныштық орнайды. Содан 1 минут 49 секунд өткенде қазақ тілінен өзге тілдерге аударма жасалмай жатқанына байланыс­ты баяндама тоқтатылады. БҰҰ Бас Ассамблеясын жүргізіп отырған төраға Қазақстанның Тұңғыш Президентінен кешірім сұрап, мән-жай анықталғанша кідіре тұ­­руын өтінеді. Немесе әрі қарай баян­­даманы «халықаралық тілде» жасауына жол ашық. Елбасы кі­діруді жөн көреді. Төрткүл дүниенің 193 тәуелсіз мемлекетінен жиналған делегация мүшелері бұл тосын жайтқа елең етіп, арты не боларын қызыға қадағалайды. Сол кездегі сыртқы іс­тер министрі Ерлан Ыдырысов мінбердегі Президент пен ұйымдастырушылар арасында жүгіріп жүр. Елбасымыз одан: «Бар ма?» (ілеспе аудармашы) деп қазақша сұрағаны естіліп қалған. Ол болса, Нұрсұлтан Назарбаевқа мән-жайды қыс­қаша түсіндіре сала кері жүгірген. Мұнда СІМ-нің де кінәсі болса керек. Таразы басында ұлт үшін алтыннан да қымбат асыл тұрғанын түсініп, сабыр сақтаған Елбасы төрағаның сұрауымен мінбер жанындағы орындыққа жайғасады. Ол қазақша баяндама жасаудан бәрібір бас тартпайды. Елбасымен бірге барлық мемлекеттің ресми делегациялары Біріккен Ұлттар Ұйымы төрінде Қазақстанның мем­­­лекеттік тілін – Қазақ тілін күт­­ті. Төрде қасқайып, қазақ Көшбасшысы да БҰҰ-ның қазақ тілінен тікелей аударма жасауын күтіп отырды. Ақыры 5 минуттай кідіріс­тен соң Елбасы қайта мінберге ша­қырылды. Ол қазақ тіліндегі баян­дамасын қайта бастады. Ел президенттері мен әлемдік сарап­шы-саясаткерлер өте жоғары қабылдаған маңызды баяндама 22 минутқа созылған. «Бұл қандай баяндама болды десеңізші! Экономикалық дағдарыс күшейіп, бүкіл дүние дүрлігіп тұрғанда әлемдік күрделі мәселелерді кесек турап, кесімді де ше­шімді түрде түйінін түйіп айтудың, бүкіл мемлекет басшыларына құ­нарлы қазақ сөзімен құйып айтудың бағасын еш нәрсемен салыстыруға болмас. Елбасы айтқандай, қазіргі Азия мемлекеттерінің әлем­дік азулы жолбарыстарға айналуына байланысты БҰҰ штаб-пәтерін әлемнің ең үлкен континенті – ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азия төріне ауыстыру мәселесі креативті, тосыннан табылған толымды ұсыныс екенін тек қазақ сарапшылары ғана емес, дүниежүзінің барлық сарапшылары жарыса айтуда. Ал артынша соған лайық Азияның айтулы қалаларының ішінде Сингапурмен қатар Астанамыздың да аталуы Алаш жұртын тағы бір дүр сілкіндірді. Мұның астарында әлемдік деңгейде ой ойлайтын ұлт Көшбасшысының қазақ елін Мәңгілік ел ету жолындағы тереңнен тартқан тебіреніс, Көк түріктер қағанатынан жалғасқан көрегендік жат­қанын түсіну үшін де түпсіз түйсік керек екені анық», – деп тебірене жазды сол тұста «Қазақ үні» газеті. Елбасы БҰҰ мінберінен қазақ тілінде төрткүл дүниеге төрелік айтты, өркендеудің жөні мен жобасын, жосығы мен жолын көрсетті. ХXI ғасырда адамзаттың ең басты міндеті – әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның алғышарттарын жоятын стратегия­ны жүзеге асыру екенін атап көрсетті. Сол үшін БҰҰ-ның жүз жыл­ды­ғына қарай «Жаһандық стратегия­лық бастама–2045» жос­­­парын әзірлеуді ұсынды. Елбасы әлемді алаңдатқан маңызды проблемалардың – терроризм, мемлекеттердің күйреуі, көші-қон және өзге де ке­­леңсіз құбылыстардың түпкі себебін ашып көрсетіп, олар экономикалық дағдарыстың, кедей­­лік­тің, сауатсыздық пен жұмыссыз­дықтың салдары екенін түсіндірді. Сапар  соңында  қалыптасқан дәс­­­­­түр  бойынша  Нұрсұлтан  Назарбаев  Американың Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясының қорытындысын шығарып, журналистерге сұхбат берді. Әріптестерімізді ең алдымен Елбасының баяндамасын қазақша жасағаны қызықтырды. Тұңғыш Президент «жақсылықтың нышаны» болсын деп, баяндамасын арнайы қазақ тілінде жасағанын жет­­­­­­кізді. Бұл кезде еліміз Қазақ хан­­дығының 550 жылдығын атап өтіп жатқан болатын. –Мемлекеттік тіліміздегі сө­зімнің БҰҰ-ның барлық ресми тіліне ілеспе аударылуы жақсы нышан болды. Тіліміз дүниежүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деген оймен әдейі осылай жасадым. Қазақ тілін ары қарай ілгерілете береміз. Бірақ біздің адамдар орысша сөйлеуге әбден үйреніп кеткен. Қазақша көп сөйлескісі келмейді. Ендеше мен БҰҰ мінберінен қазақша сөйлегеннен кейін біздің басшылар әртүрлі мінберден қазақша сөйлей бастайды деп сенемін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елді сүйсінткен іс

Елбасының бұл қадамы ел ішінде үлкен толқыныс-толғаныс тудырды. Қоғам мұны тілдің өрісін кеңейтудегі тың бетбұрыс санап, қуана қабылдады. – Осылайша, халқымыздың түп-тамыры мыңжылдықтардан бастау алатын тарихында бұ­рын-соңды болмаған аңызға бергісіз ақиқат орын алды: бүкіл әлем әуез­ді қазақ тіліне ұйыды. Қазақ тілінің тек тұрмыстық түсінісуге ғана жарайтын тым қарапайым тіл емесін, жаһандық саяси бастамалар жасау­ға қажетті қазіргі қоғам тілі, ғылым тілі, ғалам тілі, заман тілі екенін түйсінді. Адамзат БҰҰ мінберінен бүкіл әлемді тербеген тілдің болашағы зор екенін ұғынды. Осылай болады деп Кеңес кезінде әлдекім сәуегейлік жасаса, оған кім сенер еді? Ертегідей, қиял-ғажайыптай естілер еді. Әлемдік деңгейде мемлекеттік тілдің мерейін асырған Тұңғыш Президенті­міздің қазақ тарихындағы орны осыдан-ақ ерекше, дара, – деді Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының тө­рағасы Бақытбек Смағұл. Депутат Азат Перуашев мұны Қазақ хандығының мерейтойына ұлы тарту деп бағалады: «Қазақ тілін әлемнің 193 президентінің тындағаны – ұмытылмайтын сәт! Тіліміздің әлемге танылған күні – елбасының Қазақ хандығының 550 жылдығына тамаша тарихи сыйлығы болды. Ал енді мемлекетті­ліктің символы саналатын мемлекеттік тіл Конституцияға сай дә­­режеде дами беруі үшін тек Елбасымыздың ерекше ерлік еңбегіне ғана қарап отыра беруге бола ма? Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам өкілдерінің бәрі мемлекеттік тілде сөйлеген Елбасынан үлгі алуға тиіс», – деді ол. Өз кезегінде ақын Ауыт Мұқибек Елбасына: «Сен қазақша сөйледің...» деген арнау өлеңін жолдады: «Сен қазақша сөйледің, ер Нұрекем! Тәуекелге байлап бір белді бекем. Қазақ бірге шалқиды сен шалқысаң, Қазақ бірге жүдейді сен жүдесең!» Автор әлем елдері бас қосқан алқалы жиында Нұрсұлтан Назарбаевтың аса маңызды ұсы­­ныстары мен ой-тұжырымдарын қазақ тілінде жариялап, хал­қы­мыздың мәртебесін биіктеткеніне сүйсінді. Сондай-ақ ақын Тұң­ғыш Президенттің осы арқылы бар­ша қазақстандыққа үлгі-өнеге көрсеткенін атап өтті. «Сен қазақша сөйледің шын көсіліп, Сайрап кетті өзіңмен бірге осы жұрт. Ана тілдің жетпесек қадіріне, Қазақ болып қайтеміз күн кешіріп?» деп толғаған А.Мұқибек Мемлекет басшысының қазақ тіліне деген айрықша құрметін айшықтады. «Бұл күнді тәуелсіз қазақ мемлекеті ширек ғасырға жуық, 24 жылдай күтті! Ерекше тоқталар жайт – Қазақстанда өзінің статусына сай, Конституциядағы белгіленген төріне толық шыға алмай келе жатқан мемлекеттік тіліміздің әлемдік БҰҰ мінберінен бір-ақ шы­ғуы еді. Бұл бірер күн айтылып қоя салар дүние емес, аса маңызды мемлекеттік саяси мәні бар мәселе екеніне ел бірден назар аударды. Қазақ тілінде төрткүл дүниенің тө­рінен жасалған баяндама ел тарихында да, әлем елдерінің қауым­дастығы тарихында жарқын оқиға болып қалады. Енді осы мемлекеттік тілдің мерейін асырған, әлем төрінен басталған Елбасымыз­дың бастамасы баянды болуын тілейік!» деп түйді ақын, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, қазіргі депутат Қазыбек Иса. P.S.

Тек өткенімен мақтанып қана өмір сүретін мемлекет, қоғам дәуірлемейді. Мемлекет мықты әрі мәңгілік болуы үшін әр бастама-бетбұрыс болашақ жетістіктермен нығая түсуі тиіс. Бүгінде мемлекеттік тілдің бірқатар күрмеулі түйткілі сол қалпы шешілмей келеді. Мемқызметке мемлекеттік тілді білмейтін адамдардың алынуы тоқтар емес. Осы және басқа мәселелер шешіліп, қазақ тілі лайықты тұғырына көтерілсе, ар жағында халықаралық тілге айналуына өріс ашылмақ.

Айхан ШӘРІП