9 акпан күні Лос-Анджелесте «Оскар-2020» салтанаты өтеді. Америка кинематограф өнері мен ғылыми академиясы 92-рет жыл үздігін анықтайды. «Оскар» тарихында осымен үшінші рет жүргізуші болмайды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін кеш алдында жүлде жайында болжам ұсынамыз. Америка киноакадемиясы қазір «дауылдан кейін» қайта түлеу маусымын бастан өткерді. Мәселен, 2016 жылы Уилл Смит бастаған топ Оскар салтанатына қатысудан бас тартты. Оған 2015-2016 жылғы жүлдеден дәмелілер тізімінде бірде-бір қаранәсілді азаматтың болмауы әсер етті. Артынша академия президенті Шерил Бун Айзекс эскперттер құрамын қайта қарайтынын айтты. Нәтижесінде, құрам жаңарып, 683 жаңа мүше қабылданды. Айтқанындай, алқа 46 пайызы – әйел, 41 пайызы афроамерикалық пен азиаттан тұрды. Өйткені Айзекс үміткерлерді гендерлік, нәсілдік, ұлттық және жыныстық бағдарды ескере отырып, таңдау керегін атап өтті. Сонымен, биылғы Оскар не үшін басқасынан өзгерек? Себебі біраздан бері академияны рейтинг мәселесі мазалайды. Естеріңізде болса, 2016 жылғы Оскар кеші тарихтағы ең аз қаралым жинаған еді. Мамандар марапат күнін алға жылжытып, ВАҒТА мен Киноактерлер гильдиясы премиясының ізін суытпай өткізуді жөн көріп отыр. Жыл кешінің ерекшелігі мұнымен бітпейді. Үміткерлер арасында «1917» әскери драмасы, оңтүстік кореялық «Паразит» пен Netflix-тің «Неке оқиғасы» фильмі бар. Неліктен ойды аталған фильмдермен жалғадық. Өйткені бұлар жоғарыдағы премияда жарқын жеңіске жетті. Әрі «Паразиттің» «Жыл киносы» тізіміне енуі жаңалық. Егер осы фильм жеңімпаз атанса, Оскарда кішігірім төңкеріс болар еді. Себебі бұған дейін ешбір шетелдік туынды Голливудтың бұл биігін бағындырған емес. Болжам басын, әдсттегідей үздік фильмді айқындаудан бастаймыз. Белгілі киносценарист Мұрат Есжан төмендегідей болжам жасады. «Биыл фильмдердің бәрі бір-бірінен өтеді. Сондықтан қай-қайсы болмасын үздік. Дегенмен көпшілік пікірі «1917» фильмімен түйіседі. Ал менің бүйрегім «Паразитке» бұрып тұр. Себебі «Паразит» үздік фильм атануға әбден лайық картина деп санаймын. Оскар тарихында әлі бірде-бір шетелдік фильм «Үздік фильм» аталымында жеңіске жетпеді. Иә, маман пікірімен келісуге болады. «ІІаразит» – Оскарда үздік фильм тізіміне енген тарихтағы алтыншы шетел туындысы. Ал «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымы үздік фильмнің тағдырымен тамырлас екені белгілі. Демек, «Үздік фильм» номинациясында жеңгені режиссеріне Оскар алып береді. Бұл тұрғыда киносценарист былай дейді: «Көп жағдайда «Үздік фильм» атағын алған картина режиссері «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымында жеңіске жетеді. Биыл үздік режиссерлік жұмысты күрделі қойылымдары үшін Сэм Мендес алуы ықтимал. Дегенмен «Ирландиялық» фильмі үшін Мартин Скорсезе де бұл атаққа лайықты». Жөн сөз. Себебі Сэм Мендестің еңбегі ВАҒТА-да бағаланды. Жылдың үздік актеріне келсек, сөзсіз Хоакин Феникс ойға оралады. Актерлік шеберлігі мен харизмасы көз қарықтырған ол Актерлер гильдиясы мен ВАҒТА-да топ жарды. Сарапшымыздың да пікірі Фениксті нұсқады. «Хоакин Феникс – үздік актер атануы әбден мүмкін. Актер ойыны үлкен талқылауға түсті. Бірі жер-көкке сыйғызбай мақтаса, бірі Хит Леджермен салыстырып, төмен деген баға берді. Қалай болғанда да өзгеше ойын көрсетті деп ойлаймын». Биыл Скарлетт Йохонссон екі аталым бойынша сынға түседі. «Неке оқиғасындағы» Ноа Баумбах рөлі үшін «Үздік актриса», «Қоян Джоджодағы» Тайки Вайтити рөлі – «Екінші пландағы үздік актриса». Мұндай жағдай Оскар тарихында 11 рет болған. Бірақ ешқайсысы қос аталымда жеңіске жетпеді. Скарлетте мүмкіндік бар ма? Жоқ. Өйткені киногерлер «Үздік актриса» аталымына Джуди рөліндегі Рене Зеллвегерді лайық көреді. Сондай-ақ аталым үміткерлерінің қатарына Синтия Эриво («Гарриет ) кірді. Есіңізде болса, актрисада «Эмми», «Грэмми», «Тони» жүлдесі бар. «Үздік актриса» атанбаса да, «Үздік әнді» (Stand uр) жеңіп, алтын төрттікті жинай алады. Ал «Екінші пландағы үздік актрисаға» келсек, «Неке оқиғасы» фильміндегі Лора Дерннің мысы басым болып тұр. Том Хэнкс, Энтони Хопкинс, Аль Пачино, Джо Пеши жэне Бред Питт. Аталғандар – «Екінші пландағы үздік актер» болуға үміткер. Мұрат Есжан пікірінше, «Екінші пландағы үздік актер» аталымын Бред Питт алуы мүмкін. «Өйткені ол көптен бері «тасада» жүрген актер. Көп фильмге түседі, бірақ осындай марапатқа келгенде жолы болмай жүр. Әрі осы жолы «Бір күні... Голливудта» фильміндегі рөлі де ерекше әсер қалдырады» дейді ол. Көпшілік демін ішке тартқан сәт. Өйткені сценарийдің ішіндегі ерекшесін таңдау оңай емес. Оскарға үмітті екенін ескерсек, әр фильмнің сценарийі – таңдаулы. Кевин Тарантино, Райан Джонсон, Сэм Мендес бәсекеге түскен бәйгеде кім жеңеді? «Үздік сценарийге» келсек, бұл жерде үздік атануға үміткер болар фильм жетерлік. Бірақ Тарантиноның бұрын алғаны бар, Райан Джонсонның стилі бұрыннан бар форма. Енді «Паразит» көптеген сыншы айтқандай «Пон Чжун Хо жанрында» түсірілген. Яғни, сценарист Пон Чжун Хо комедия, триллер, драманы бір фильмге топтастырды. Сондай бір тың жанр, субжанрдың пайда болуына ықпал еткенін айта кету керек. Ерекше сценарий деп топшылаймын. Сондықтан аталған фильм жеңіске жетуі керек» деп топшылайды сарапшы. Бұл аталымнан болек, «Үздік бейімделгсн сценарий» аталымы тағы бар. Тайка Вайтитидің «Қоян Джоджосы» үздік атануға сұранып тұр. Себебі ол ВАҒТА мен сценаристер гильдиясын иеленді. «Толықметражды үздік анимациялық фильмде» интрига басым. Өйткені «Клаус» ВАҒТА мен Аnnіе-ні алса, «Линкті іздеу» «Алтын глобус» жүлдесін жеңіп алды. Ал «Ойыншықтар хикаясы-4» 2019 жылдың ең көп қаралған мультфильмі атанды. Осы факторды ескерсек, фаворитті анықтау оңай болмай тұр. «Үздік шетел көркем фильмі» аталымына басты үміткерлер – «Паразит» пен «Бал елі». Мұрат Есжанның пікірінше, биылғы салтанаттағы басты жаңалық «Шет тілдегі үздік фильм» аталымының «Үздік шетел көркем фильміне» (Іnternational Future) өзгеруі. «Бұл жерде көш басында «Паразит» тұр. Бірақ оңтүстіккореялық фильм басқа аталымда жеңіске жететін болса, мүмкін, одан кейінгі орында тұрған «Бал елінің» бағы жанар» дейді Мұрат Есжан. Түрлі болжам жасап, дәлел келтіргенімізбен, соңғы сөз – Америка кинематограф өнері мен ғылыми академиясында. Өздері бекіткен ереженің аясында көпке ұнайтын шешім шығаратын болар. Ал біздікі жыл үздіктерін тізбелеу болатын. Айзат АЙДАҚЫЗЫ