Лига басталады, алаң дайын ба?
Лига басталады, алаң дайын ба?
140
оқылды

Осы аптаның соңында Қазақстан Премьер-лигасы басталады. Қазір соған да­йын­дық жұмыстары қызу жү­ріп жатыр. Биылдан бастап  Премьер-лигаға қаты­са­тын клубтардың алаң­дары маусымға дайын болмаса, командалардан ұпай шегеру туралы шешім қа­был­данды. Соған сай маусымашар ойын алдында 14 ко­манданың негізгі алаң­ы­на тексеріс жұмыстары жүр­гізілді.

Күні кеше Ақтаудағы «Жас Қанат» стадионында жасанды төсенішті жаңарту жұмыстары аяқталып, алаң сапасы жақ­сар­тылды. Жүргізілген жұмыс­тардың нәтижесімен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев танысып қайтқан болатын. Ол комиссия мүшелерімен бірге алаңның сапасын бағалап, бірқатар сын-ескертпесін де қаперге алуды ұсынды. – Біздің ұсынысымыздан соң Ақтаудағы көгалдың сапасы жақсарды, енді алаң чемпионат матчтарын өткізуге арналған минималды қолайлы талаптарға сәйкес келеді. Дегенмен әлі де жақсартатын тұстары бар және біз инфрақұрылымды жақсарту бойынша жаңа ұсынысымызды айттық. Біртіндеп «Жас Қанат» стадионы жаңа деңгейге кө­терілетініне сенемін, – дейді Олжас Абраев. Айтпақшы, тексеріс нәти­же­сінде «Шахтер», «Жетісу» және «Ақтөбе» командаларының ста­диондары маусымға дайын бол­май шықты. Осы жағдайға бай­ланысты үш клуб үш ұпайдан шартты түрде айырылатын бол­ды. Бұл туралы жасыл алаңның сапасын бақылайтын арнайы комиссия мүшелерінің онлайн отырысы барысында талқы­лан­ды. Комиссия төрағасы Сейілдә Байшақовтың басшылығымен өткен кездесу кезінде чемпио­натқа қатысушы клуб ста­диондарының маусым алдын­дағы тексеру нәтижелері тың­далды. Өкінішке қарай, маусым қарсаңында ареналарды тексеру кезінде көптеген нысанның ресми матчтарға дайын емесі анық­талған. Алынған мәлімет­тер негізінде федерацияның нормативтік құжаттарына сәй­кес ҚФФ сертификаттау комис­сиясына ұсыну және шешім қабылдау үшін қорытындылар жасалды. Қазақстан футбол федерациясының сертификаттау комиссиясы аталған коман­далардан үш ұпай шегеріп қана қоймай, айыппұл да салды. алаң Бұл келеңсіз жағдай туралы «Ақтөбе» футбол клубының басшылығы да түсініктеме берді. – Стадионда жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, биыл облыста бұ­рын-соңды болмаған қар жауды. Ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде. Қарды уақы­тылы тазарту және оны тиісті қалыпқа келтіру мүмкін болмай жатыр. Синоптиктердің айтуын­ша, аязды температура 19 нау­рызға дейін созылады екен. 20 наурызда өтетін алғашқы өз алаңы­мыздағы ойынға алаң то­лық­тай дайын болмайды. Сон­дықтан шартты түрде 3 ұпай ко­ман­дадан алынады. Күн жы­лынып, алаң қардан тазартылған бойда стадион тағы тексеріледі. Егер барлық жұмыс оңтайлы жүзеге асса, командаға 3 ұпай кері қайтарылады. Айта кетейік, біздің команда өз алаңында өтуі тиіс алғашқы матчын бейтарап алаңда өткізеді. Қазір ойынды Нұр-Сұлтандағы «Астана Арена» стадионында өткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде, – деп жауап берді клуб басшылығы. «Шахтер» мен «Жетісуда» да жағдай мәз емес. Олар да маусым басталар тұста біраз кедергіге тап болды. Жалпы, бізде жыл сайын біріншілік басталар тұста көп команда өз алаңдарының дайын болмауынан сырт алаңда ойын өткізіп, екі-үш есе шығындалады. Қанша қиындық көрсе де, жа­сыл алаң мәселесін жақсар­туды ойламайды. Бұл туралы спорт журналисі Қуаныш Қап­пас ай­тып берді. – Қостанайдағы «Тобыл Арена­ны» салуға 4 млрд. теңге кет­ті. Қазір клуб басшылығы соның нәтижесін көріп отыр. Ко­манда кез келген уақытта, әсіресе күз, қыс мезгілінде жылы жерде жаттығу мүмкіндігіне ие болды. «Жетісу», «Шахтер» және басқа да клубтар чемпионатты басқа қалаларда бастайды. Бұл командалар жыл сайын қомақты қаржыға пайдасыз легионерлерді  сатып алғанша, ақша үнемдеп жергілікті ойыншыларға көп мүмкіндік беруі керек. Бір-екі маусым өз түлектеріне, қазақ­стандық ойыншыларға сенім артса, ары кеткенде 3-4 леги­онер­ді сатып алса, көп өтпей олар да «Тобыл» секілді керемет арена салып алуға болады. Клуб басшылығы клубтың болашағын ойламайтыны өкінішті. Легио­нерлер кетеді, ал аренаның мәңгі қалатынын ұмытпаса екен, – дейді Қуаныш. Ең сорақысы, әзірге бірқатар клуб басшысының Қостанай­дағыдай төбесі жабық арена салуға мұршасы болмай жүр. Ақша бар, бірақ ол спорт сарапшылары айтқандай, екінші деңгейлі легионерлерді шақыр­туға кетіп жатыр. Егер командада ойнайтын және жаттығатын жақсы алаң болмаса, бұл легио­нерлерден келіп-кетер қандай пайда бар? Осыны түсіне алмай-ақ қойдық. Екі-үш ай сол легио­нерлермен өзге қалада, өзге алаңда тентіреп жүргеннен әр клуб өз спорттық инфра­құ­рылымын ретке келтіруге неге әрекет етпейді екен. Негізі, осыны ұғынып, жағдайды ретке келтіретін кез әлдеқашан келді. Осы мәселе төңірегінде ұсыныс жылда айтылып та жүр. Тек соны естір құлақ болса дейсің. Жан­күйерлер жергілікті коман­да­сының ойынын өз қаласындағы стадионнан көре алмаса, онда клуб кім үшін ойнайды немесе мұндай футбол клубының бізге керегі қанша?

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ