Билікпен жақындар жерді бөліп алған
Билікпен жақындар жерді бөліп алған
235
оқылды
Шалғайдағы шекаралы ай­мақ Кеген ауданында жер да­уы өршіп тұр. Осындағы Қар­­қара атты ауылдың тұр­ғын­­дары жайылымға жары­май, шабындық тапшы­лы­ғы­нан қолдарында­ғы азын-ау­лақ малды әрең өсіріп отыр. За­манында таулы өңірдегі шұ­­рай­лы жерлерді заңды-заң­сыз жекешелендіріп ал­ған­дар өздері дұрыс пай­да­ланбаса да, меншігін­дегі ал­қап­тарға мал түгілі адамның ая­ғын бастырмайды. Кейінгі жылдары ауылшаруа­шы­лық жерлерін түгендеп, жылдар бойы бос жатқандарды мемлекетке қайтарып, қолынан іс келетіндерге беруге қатысты жоғарыдан түскен тапсырмаға сәйкес мұнда да нақты істер қолға алына бастаған. Алайда тексеру, түгендеу нәтижесінде анық­­талған бос жер телімдерін бай­қау арқылы тарату барысында ша­бын­дық алқаптар нағыз мұқтаж жан­­дарға емес, жоғарыда тамыр-таны­сы, туған-туысы барларға, бір кезде өздері де лауазымды қызмет атқарғандарға жалға беріліп кетіпті. Арнайы құрылған комиссия мүше­ле­рі мен соларға жақын адамдардың конкурста жеңімпаз болып шыға келуі қарапайым шаруалардың тарапынан түсінбестік тудырып, наразылық тудырды. Аудандық әкімдік сайты мен ау­дандық газеттен мемлекет менші­гін­д­егі жерлерді жалға алуға байқау жа­рияланғанын оқып білгендер был­­­тырғы желтоқсаннан бастап құ­­­жаттарын жинап, 20 қаң­тар­да өтетін конкурстың қоры­тын­­ды­сын үміт­тене күтеді. Төра­ға­лы­ғына ау­дан әкімінің орынбасары таға­­йын­­­­дал­ған комиссия құрамына жерге қатысы бар шенеуніктермен бірге халық қалаулылары мен қоғам бел­сен­ділері енгізілген. Комиссия қорытындысы бо­йын­­ша, жер телімдерін алғандар жа­­рия­ланған соң тұтас ауыл тұрғын­да­ры наразылық танытқанда барып, ақталуға тырысқан аудан әкімі Тал­ғат Байеділов «менің басты мақ­са­тым бос жатқан жерлерді ел игілігіне асыру еді» деп ақталады. «Конкурс комис­сиясы құрамында мемлекет­тік қызметкерлермен бірге депутат­тар және үкіметтік емес ұйымдар мүшелері де болды. Оны құрудағы ой – аудан аумағында ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жерлердің толық кәдеге асуын қамтамасыз ету болатын. Зор сенім артылған комис­сия барлығын сараптап, талдап, әділ шешім шығарады деп күткен едік. Ақыры осылай болды», – дейді ау­дан әкімі. Аудан орталығына жақындау Қар­қара ауылдық округі мен Тұйық ауылының шаруалары 29 қаңтарда жарияланған конкурс нәтижесінде өздерін жеңімпаздар тізімінен тап­пай қалады. Жеңіске жеткендер­дің аты-жөніне көз жүгіртіп, жер иеле­рі­нің денін аудандағы атқарушы билік және тағы басқа да қолында азды-көпті құзыреті бар салалардағы лауазымды тұлғалардың туыстары құрайтынын анықтаған соң, дереу нара­зылықтарын, конкурс комис­сиясының шешімімен келіспейтін­де­рін тиісті орындарға жеткізеді. Прокуратураға шағым түсіреді. Шабындық жерлерді жалға алғандар арасында аудан әкімі орынбасары­ның туысы, аудан әкімі аппарат бас­шысының, аудандық полиция бас­­шысының, жер кадастрлық ме­ке­­месі қызметкерлерінің әкелері, ауыл­дық округ әкімдерінің туыс­та­ры барлығын көрсетеді. Бірнеше күн жауап күткеннен кейін бұқара­лық ақпарат құралдарына хабарла­сып, көмек сұрады. Әкімдік алдына жиналды. Қарқаралық шаруалар азын-аулақ малдарына шөп дайын­дай­тын ұлтарақтай жерге зар болып жүргенін айтады. Ауылдың айнала­сын­дағы алқаптарды түрлі компа­ниялар қоршап алған, ай­нал­дыра ор қазып тастағандары да бар. Ұшқан құс болмаса, жорға­ла­ған тыш­қан да өте алмайды. Осының бә­рін жоға­ры­ға жеткізгісі келгендер «ала қой­ды бөле қырыққан» жерге қатыс­ты конкурсты ұйымдастыру жөніндегі комиссияны таратып, қайта комис­сия құрып, жерді заңға сай бөлуді талап етеді. Кеген ауда­ны­ның әкімі жұртпен жолығып, ко­­мис­сияның жұмысы уақытша тоқ­та­ғанын айтты. Алматы об­лыс­­тық жердің пайдаланылуы мен қор­ғалуын бақы­лау басқармасы ма­мандары конкурс құжаттарын тек­серетін болады. Даулы жағдайдан хабар­дар болған Алматы облысының әкі­мі тиісті басқармаларға шаруалар ша­ғымын назарда ұстауды тапсы­рып­ты. «Ауданда прокуратураның қа­ты­суымен лоттар бойынша тексеру жүр­гізіледі. Заңсыздықтар анықтал­са, комиссия шешімдерінің күші жойы­лып, қайтадан комиссия құ­ры­­лады және жауапты тұлғаларды тәр­тіп­тік немесе қылмыстық жауап­кер­шілікке тарту қарастырылады», – дейді облыс әкімінің баспасөз хат­шысы Ғалымұрат Жүкел.   Болат АБАҒАН,                                                                                                                                                          Алматы облысы