Шалғайдағы шекаралы аймақ Кеген ауданында жер дауы өршіп тұр. Осындағы Қарқара атты ауылдың тұрғындары жайылымға жарымай, шабындық тапшылығынан қолдарындағы азын-аулақ малды әрең өсіріп отыр. Заманында таулы өңірдегі шұрайлы жерлерді заңды-заңсыз жекешелендіріп алғандар өздері дұрыс пайдаланбаса да, меншігіндегі алқаптарға мал түгілі адамның аяғын бастырмайды. Кейінгі жылдары ауылшаруашылық жерлерін түгендеп, жылдар бойы бос жатқандарды мемлекетке қайтарып, қолынан іс келетіндерге беруге қатысты жоғарыдан түскен тапсырмаға сәйкес мұнда да нақты істер қолға алына бастаған. Алайда тексеру, түгендеу нәтижесінде анықталған бос жер телімдерін байқау арқылы тарату барысында шабындық алқаптар нағыз мұқтаж жандарға емес, жоғарыда тамыр-танысы, туған-туысы барларға, бір кезде өздері де лауазымды қызмет атқарғандарға жалға беріліп кетіпті. Арнайы құрылған комиссия мүшелері мен соларға жақын адамдардың конкурста жеңімпаз болып шыға келуі қарапайым шаруалардың тарапынан түсінбестік тудырып, наразылық тудырды. Аудандық әкімдік сайты мен аудандық газеттен мемлекет меншігіндегі жерлерді жалға алуға байқау жарияланғанын оқып білгендер былтырғы желтоқсаннан бастап құжаттарын жинап, 20 қаңтарда өтетін конкурстың қорытындысын үміттене күтеді. Төрағалығына аудан әкімінің орынбасары тағайындалған комиссия құрамына жерге қатысы бар шенеуніктермен бірге халық қалаулылары мен қоғам белсенділері енгізілген. Комиссия қорытындысы бойынша, жер телімдерін алғандар жарияланған соң тұтас ауыл тұрғындары наразылық танытқанда барып, ақталуға тырысқан аудан әкімі Талғат Байеділов «менің басты мақсатым бос жатқан жерлерді ел игілігіне асыру еді» деп ақталады. «Конкурс комиссиясы құрамында мемлекеттік қызметкерлермен бірге депутаттар және үкіметтік емес ұйымдар мүшелері де болды. Оны құрудағы ой – аудан аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің толық кәдеге асуын қамтамасыз ету болатын. Зор сенім артылған комиссия барлығын сараптап, талдап, әділ шешім шығарады деп күткен едік. Ақыры осылай болды», – дейді аудан әкімі. Аудан орталығына жақындау Қарқара ауылдық округі мен Тұйық ауылының шаруалары 29 қаңтарда жарияланған конкурс нәтижесінде өздерін жеңімпаздар тізімінен таппай қалады. Жеңіске жеткендердің аты-жөніне көз жүгіртіп, жер иелерінің денін аудандағы атқарушы билік және тағы басқа да қолында азды-көпті құзыреті бар салалардағы лауазымды тұлғалардың туыстары құрайтынын анықтаған соң, дереу наразылықтарын, конкурс комиссиясының шешімімен келіспейтіндерін тиісті орындарға жеткізеді. Прокуратураға шағым түсіреді. Шабындық жерлерді жалға алғандар арасында аудан әкімі орынбасарының туысы, аудан әкімі аппарат басшысының, аудандық полиция басшысының, жер кадастрлық мекемесі қызметкерлерінің әкелері, ауылдық округ әкімдерінің туыстары барлығын көрсетеді. Бірнеше күн жауап күткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарына хабарласып, көмек сұрады. Әкімдік алдына жиналды. Қарқаралық шаруалар азын-аулақ малдарына шөп дайындайтын ұлтарақтай жерге зар болып жүргенін айтады. Ауылдың айналасындағы алқаптарды түрлі компаниялар қоршап алған, айналдыра ор қазып тастағандары да бар. Ұшқан құс болмаса, жорғалаған тышқан да өте алмайды. Осының бәрін жоғарыға жеткізгісі келгендер «ала қойды бөле қырыққан» жерге қатысты конкурсты ұйымдастыру жөніндегі комиссияны таратып, қайта комиссия құрып, жерді заңға сай бөлуді талап етеді. Кеген ауданының әкімі жұртпен жолығып, комиссияның жұмысы уақытша тоқтағанын айтты. Алматы облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы мамандары конкурс құжаттарын тексеретін болады. Даулы жағдайдан хабардар болған Алматы облысының әкімі тиісті басқармаларға шаруалар шағымын назарда ұстауды тапсырыпты. «Ауданда прокуратураның қатысуымен лоттар бойынша тексеру жүргізіледі. Заңсыздықтар анықталса, комиссия шешімдерінің күші жойылып, қайтадан комиссия құрылады және жауапты тұлғаларды тәртіптік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылады», – дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел. Болат АБАҒАН, Алматы облысы